Бас тақырып

Тәуелсіздіктің еңселі жолындағы 35-інші белес

Азаттық ақ таңы. Ата-баба аңсаған асыл ұғым. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ ұлтының бойтұмарындай болған тұғырлы Тәуелсіздігімізге биыл – 35 жыл. Межелі мезгіл, мерейлі белес қана емес, бұл – бабалар аңсаған асыл арманның, азапты күрестің, ғасырлар бойы үзілмей келген үміттің ақиқатқа айналған сәулелі сәті. Тәуелсіздіктің еңселі жолындағы 35-інші белес – елдің өткеніне тағзым жасап, бүгініне байыппен баға беріп, келешегіне нық сеніммен қарайтын жауапты кезең.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

1991 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқының тағдырында алтын әріппен жазылған ұлы күн. Бұл – сан ғасырлар бойы бодандықтың бұғауында болған елдің еңсесін тіктеп, азаттықтың ақ таңын қарсы алған тарихи сәті. Ата-бабамыздың арманына айналған тәуелсіздікке қол жеткізіп, Қазақстан өзін дербес, егемен мемлекет ретінде бүкіл әлемге танытты. Кеңестік жүйенің темір құрсауын бұзып шыққан халқымыз демократиялық даму жолын таңдап, болашаққа нық қадам басты. Зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет құру жолында ел бірлігі мен халықтың қажырлы еңбегі шешуші рөл атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап еліміздің ішкі және сыртқы саясаты айқындалып, Әлем картасындағы жас мемлекеттің Мемлекеттік рәміздеріміз бекітіліп, Әнұранның жаңа мәтіні қабылданды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесіне айналып, халықаралық қауымдастықта өз орнын айқындады.

Тәуелсіздіктің 17 жылдығында ТМД елдері арасында алғаш болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі – еліміздің беделі мен абыройының айқын дәлелі. Бүгінде Қазақстан еуразиялық және еуроатлантикалық кеңістікте бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосып келе жатқан, болашағы жарқын, еңсесі биік мемлекетке айналды.

Еліміздің Тәуелсіздігін жариялап, тағдыр тізгінін өз қолына алуы – халқымыз үшін әрі шексіз мақтаныш, әрі аса ауыр тарихи жауапкершілік болды. Азаттықтың ақ таңымен бірге ел болашағы үшін жауап беру міндеті де иығымызға артылды. Осы отыз бес жыл ішінде Қазақ елі сол жауапкершіліктің салмағын терең сезіне отырып, болашаққа нық сеніммен қадам басты, өзінің ішкі қуатына, ұлттық әлеуетіне қалтқысыз сенді. Бүгін өткен уақыт безбеніне тәуелсіз елдің биік тұғырынан көз салсақ, бұл кезең Қазақстан тарихындағы ең сындарлы да тағдыршешті, ең айтулы белестерге толы уақыт болғанын анық аңғаруға болады.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шетелдік басылымдарда еліміздің ертеңіне күмәнмен қарап, тағдырына сенімсіздік танытқан пікірлер аз болған жоқ. Тіпті, қазақ халқының мемлекеттілік дәстүрі жоқ деген жаңсақ ойлар да айтылды. Алайда, отыз бес жылдық тәуелсіздік тарихы мұндай күмән атаулыны күл-талқан етіп, Қазақ елінің шын мәніндегі мемлекетшіл ұлт екенін айқын дәлелдеді. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын, кемінде үш мың жылдық мемлекеттілік шежіресі бар халқымыз бүгінгі таңда тәуелсіз Қазақстан арқылы өзінің тарихи сабақтастығын, рухани қуатын және болашаққа деген берік сенімін бүкіл әлемге паш етіп отыр.

Алғашқыда экономика тоқырап, өндіріс орындары тұралап, халықтың тұрмысы төмендеді. Дегенмен, ел еңсесін түсірмеді, болашаққа деген сенімін жоғалтпады. Сабыр мен бірлікті ту еткен халық өтпелі кезеңнің қиындығын еңсерді. Соның нәтижесінде мемлекеттіліктің берік негізі қаланды, ұлттық экономика қалыптасты, мемлекеттік шекара шегенделіп, ел тұтастығы нығайды. Бұл жылдар елді шыңдады, мемлекетті кемелдендірді.

Өткен 35 жыл ішінде Қазақстан халықаралық қауымдастықта өз орны бар, беделі бекем мемлекетке айналды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту арқылы еліміз бейбітшілік пен қауіпсіздікті таңдағанын бүкіл әлемге дәлелдеді. Бүгінде Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке үлес қосып отырған, ашық диалог пен кемел келісімді ту еткен, көпвекторлы саясат ұстанған ел ретінде мойындалып отыр.

1990 жылдардың басы Қарағанды облысы үшін ең күрделі кезеңдердің бірі болды. Кеңес Одағы тарағаннан кейін бұрынғы өндірістік байланыстар үзілді, көмір шахталары мен зауыттар тоқырауға ұшырады, жұмыссыздық белең алды. Әлеуметтік ахуал күрделеніп, көптеген елдімекендерде тұрмыс деңгейі төмендеді.

Бұл жылдары Қарағанды облысы бірсалалы экономикаға тәуелділіктің зардабын тартты, өндірістік инфрақұрылымның тозуын бастан өткерді, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мәселесімен бетпе-бет келді.

2000 жылдардан бастап Қарағанды облысы біртіндеп экономикалық тұрақтылыққа бет алды. Көмір өндірісі сақталып қана қоймай, қайта жаңғыр­тылды. Металлургия, машина жасау, энергетика салаларында жаңа өндіріс­тер іске қосылды. Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды бетбұрыстың бірі экономиканы әртараптандыруға ұмтылыс болды. Қарағанды облысында шағын және орта бизнес дамыды, агро­өнеркәсіп кешені біртіндеп жанданды.

Индустрияға ғана тәуелді болу қауіпті екенін уақыт көрсетті. Сондықтан, өңірде жаңа өндірістер, логистика, құрылыс, білім мен медицина салаларына инвестиция тарту күшейді.

Экономикалық өзгерістер әлеуметтік салада да көрініс тапты. Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды облысында жаңа мектептер мен ауруханалар салынды, жол және инженерлік инфрақұрылым жаңартылды, тұрғын үй құрылысы жанданды.

Тәуелсіздік жылдары мал шаруашылығы қайта жанданды, ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар енгізіле бастады, ауыл инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған бағдарламалар іске асты. Бүгінде ауылдарды дамыту өңір дамуының стратегиялық бағытына айналып отыр.

Қарағанды облысы – индустриялық негізі бар, экономикасы біртіндеп әртараптанып келе жатқан, әлеуметтік және рухани дамуға бет алған өңір. Алдағы міндет – осы әлеуетті толық пайдаланып, өңірді тұрақты әрі теңгерімді даму жолына шығару. Бұл – тәуелсіздіктің жаңа кезеңіндегі Қарағанды облысының басты мақсаты.

Егемен елдің еңселі жолында кенді өлке еліміздің индустриялық дамуына тірек болып, ел экономикасының қуатын арттырды. Тәуелсіздік жылдарында Қарағанды күрделі құрылымдық өзгерістерді бастан өткеріп, жаңа экономикалық бағытқа бейімделді. Бүгінде өңір тек өндірістің ғана емес, ұлттық рухтың, тарихи сананың, жаңғыру мен серпілістің орталығына айналып отыр.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіздіктің 35 жылы – бұл тек уақыт өлшемі емес, бұл – елдің рухани кемелдену жолы, ұлттық сананың қайта жаңғыруы, болашаққа деген берік сенім. Азаттықтың ақ туын желбіреткен, мәңгілік елді бағдары санаған, ұлы мұрат жолындағы Қазақ ұлты ертеңіне нық қадам басқан еңселі ел ретінде дамуын жалғастыра береді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button