«Тәуелсіздік ұрпақтары»: Қарағанды жастары әлеуметтік жобаларды іске асыруда
Креативті даму орталығынан бастап инклюзивті кафе ашуға дейін – Қарағанды облысының жастары «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттарының арқасында өз идеяларын жүзеге асыруға нақты мүмкіндік алып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бағдарлама бастамашыл, талантты әрі белсенді жастарды қолдауға бағытталған. Оның басты мақсаты – жастар жобаларының өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына нақты үлес қосуына жағдай жасау.
Осындай жобалардың бірі – Айна Аратаеваның инклюзивті типографиясы. Бұл бастама коммерциялық қызметті әлеуметтік миссиямен ұштастырады – яғни менталдық ерекшеліктері бар адамдарды еңбекке бейімдеу мен интеграциялауға бағытталған. Жоба аясында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жұмыс орындары ашылып, олар жаңа мамандық меңгеріп, еңбек тәжірибесін жинақтауға және қоғамда өзін жүзеге асыруға мүмкіндік алады.

– Менталдық бұзылыстары бар адамдар еңбек нарығынан жиі шет қалады. Әсіресе 16 жастан кейін, мектеп кезеңі аяқталған соң, олардың даму, өзін-өзі жүзеге асыру және қарым-қатынас жасау мүмкіндіктері айтарлықтай азаяды. Ал типография – жұмыс үдерістерін әртүрлі қабілет деңгейіне бейімдеуге болатын сала: қолмен жинақтау мен қарапайым баспа операцияларынан бастап, тәлімгердің жетекшілігімен дизайн және беттеу жұмыстарына дейін. Бұл жай ғана реабилитация емес, нақты нәтиже мен табыс әкелетін шынайы еңбек, – дейді грант иегері.

2025 жылы конкурс алты бағыт бойынша – бизнес, волонтерлік, IT, мәдениет, медиа және ғылым – өткізілді. Барлығы 264 жоба ұсынылып, көпсатылы іріктеу нәтижесінде 25 жоба жеңімпаз атанды. Әрқайсысына 2 миллион теңгеден грант бөлінді. Бұл қаражат әлеуметтік және инклюзивті бастамалардан бастап, ғылыми зерттеулер мен медиажобаларға дейін нақты идеяларды жүзеге асыруға бағытталды.
Сол жобалардың бірі – Әсем Бекбаеваның мүмкіндігі шектеулі жандарды бариста кәсібіне және кофеграфика сияқты шығармашылық дағдыларға үйрететін кеңістігі.

– Бұл – мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер мен ересектер бариста кәсібін меңгеріп, еңбек нарығына бейімделу үшін қажетті тәжірибе мен дағдыларды ала алатын орын. Кофеграфика сабақтары шығармашылық форматта өтеді: қатысушылар кофе бетіне сурет салуды ғана емес, бір-бірімен араласып, достасып, қоғамдағы өз орнын сезінуді де үйренеді. Жоба арт-кафе форматында жұмыс істейді, — дейді Әсем.

Гранттар тек жаңа бизнес бастауға ғана емес, қолданыстағы кәсіпті кеңейтуге де беріледі.
Мысалы, конкурс жеңімпазы Жазира Төлегенова «Qazaq National Product» брендімен ұлттық сүт өнімі – құрт өндірісін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Жоба қазақ асханасын насихаттауға, жергілікті өндірісті және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған.
– Қазір біз құрттың бес түрінен астамын өндіреміз: классикалық, ысталған, сарымсақ қосылған, насыбайгүл мен паприка қосылған. Өнім әртүрлі пішінде ұсынылады – дөңгелек, шиыршық, пилюля және тіпті асық түрінде. Грант өндірісті кеңейтуге, жабдық сатып алуға және өнімді жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар үш-бес жаңа жұмыс орнын ашу жоспарда бар, – дейді Жазира.

Жобаларды іске асыру салалық құрылымдардың сүйемелдеуімен алдағы айларда басталады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



