Бас тақырып

Тәуелсіздік һәм теңге – егіз ұғым

Биыл – төл теңгемізге 28 жыл. Тәуелсіздігімізді алып, қуанышқа кенеліп жатқан уақытта дүниеге келген ұлттық мақтанышымыз – бұл! Қылышынан қан тамған кеңес дәуірінде өз валютамыз болады дегенге ешкім сенбеді, сенбек түгілі ойламады да. Ал, бүгінде дербес мемлекеттің Елтаңба, Әнұран, Туымен бірге жасай беретін теңгесі бар.

Теңге – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Теңгенің тағдырын айқындаған ресми құжаттарға көз салайықшы. 1993 жылғы 12 қарашада «Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасын енгізу туралы» Президент Жарлығы шықты. Бұл Жарлықта «…Қазақстан Республикасы аумағында 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8.00-ден Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілсін; 1993 жылғы 18 қарашада сағат 8.00- ден бастап теңге Қазақстан Республикасының заңды төлем құралына айналады» деп тайға таңба басқандай жазылды.

Елбасы Жарлығы шығысымен еліміздің барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа валютаның суреттері басылып, халық ұлттық ақшамыздың бейнесін таныды. Төл теңге қолына тигенде толқымаған жан кемде-кем. Буда-буда сабан ақшаға көзі мен қолы үйреніп қалған халық төл ақшамыздың көлемі аз көрінсе де, арқалаған жүгі аса салмақты екенін анық сезінді. Бірнеше күн банктерге ағылған халық қобыраған ескі ақшаларынтеңгеге айырбастаумен болды.

Теңге – уақыт талабына сай, дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп отырған ұлттық валюта. Ел тарихындағы тағдырлы сәтте дүниеге келген ақшамыз осы жылдар ішінде Қазақстанның дербес қаржылық, экономикалық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Ұлттық валютаны шығарудағы атқарылуға тиіс асқаралы миссия да осы еді.

Теңге – қазақтың төл сөзі. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл сөздің шығу төркіні тым тереңде. Тіпті, орыстың «деньги» сөзі де осы теңгеден шыққан болуы мүмкін» дейді ғалым-тарихшылар. Өйткені, тарихқа сүйенсек, ақша айналымы Ресей жерінен бірнеше ғасыр бұрын Азияда пайда болған.

Тарихқа бір үнілсек: Қазақстан өзінің төл ақшасын аса күрделі жағдайда әзірлеп, қабылдады. Кеңес Одағы күйреген 90-шы жылдардың басында біздің еліміз үшін осынау тарихи маңызды шешімді қабылдау оңайға түскен жоқ. Ресей көршілеріне ескертпестен, жаңа рублін енгізіп жіберді. Ақша басып шығаратын банкноттық фабрикалардың барлығы дерлік Ресейдің өз ішінде ғана бар еді.

Өз елінде банкноттық фабрикасы жоқ, әрі ақша басып шығару саласынан тәжірибесі аз Қазақстанның Ұлттық валюта енгізудегі батыл қадамын шетел сарапшылары үлкен тәуекел мен ерлікке балады.

Алғашқы теңгені Ұлыбританияның «Харрисон және ұлдары» (H&S) шағын отбасылық баспаханасы басып шығарды. Бұл жұмыс оларға бүкіл әлемге танымалдылық және ең жақсы экспорттық тауар үшін патшайым II Елизаветаның алтын белгісін алып келді. Ал, алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель-күмістен жасалды. Ұлттық валюта дизайнының бас авторы – сәулетші және суретші Тимур Сүлейменов. 18 қорғаныс дәрежесі бар әлемдегі ең жақсы қорғалған валюталардың бірі. Теңге – үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 жылдары әлемдегі ең әдемі ақша деп танылды.

Әр халық тәуелсіздігін сақтап қалу үшін тілінен, ділінен, салт-дәстүрінен ажырап қалмау керек. Сонымен бірге, Туы көкте желбіреп, Әнұраны ойнап, Елтаңбасы менмұндалап тұрса, ғанибет! Ұлттық валютасын да жоғалтып алмаса – құп. Жерде жатқан бір теңгені «ұлттық құндылық, онда Елтаңбам бар, жылдар бойғы аталарымыздың арманы бар» деп көтерсек, бойға жігер бермей ме? Теңгемізді аялайық, теңгемізді абайлайық. Өйткені, ол – Тәуелсіздіктің айнасы! Олай болса «Тәуелсіздік Һәм теңге – егіз ұғым!» десек артық болмас…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.  

Басқа материалдар

Back to top button