Жаңалықтар

«Тәуелсіздік белгісі» – өткенге құрмет

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіздік белгісі» көпшілік назарына ұсынылды. Аталған белгі дөңгелек пішінді, алтын түстес медаль үлгісінде жасалған. Авторы – республикалық Qazaq club клубының жетекшісі Нұржан Сұршаұлы. «Тәуелсіздік белгісін» тарихшы ғалымдар мен сарапшылар жоғары бағалады. Олардың ішінде Қазақстан Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков те бар. Алдағы уақытта «Тәуелсіздік белгісі» негізінде монета шығару жоспарланып отыр.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

«Тәуелсіздік белгісі» бұған дейін жасалған «Тәуелсіздік лентасы» негізінде әзірленді. Аталған лента ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай 2020 жылы таныстырылған еді.

– Бұл белгіні жасаудағы басты мақсат – Қазақстан тарихын жастар арасында кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрге құрметті қалыптастыру. Одан бөлек, қазақ мемлекеттілігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған негізгі тарихи оқиғалар мен қайраткерлер өмірі, ерліктері туралы жастарды ақпараттандыру. Бұл белгі ұрпаққа еліміздің бай мұрасын таныстырады. Отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға ықпал етеді, – деп атап өтті Нұржан Сұршаұлы.

Белгі алтын түстес реңкте жасалған және бетіне жеті көрнекті тарихи тұлға мен сегіз маңызды тарихи күн туралы қысқаша мәлімет қашап жазылған.

Белгінің орталық элементі – QAZAQSTAN деген жазуы бар Қазақстан Республикасының картасы. Бұл – еліміздің аумақтық тұтастығы мен бірлігін білдіреді. Сондай-ақ, белгіде Түркі қағанатының Бөрілі байрағы, Алтын адам, Мөде қаған, Керей мен Жәнібек, Абылай мен Кенесары, Алаш қозғалысының белді өкілі Әлихан Бөкейхан және Тәуелсіздік жарияланған 1991 жыл бейнеленгенін атап өткен жөн.

Нұржан Сұршаұлының бұған дейін жасаған қазақы күнтізбесі көпшіліктің көңілінен шыққан.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button