Тәуекел тұсындағы табыс
«Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. …Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Тың белес
Өткен алты жыл Қазақстан үшін сындарлы кезең деп атасақ болар. Күрделі сынақтармен қат-қабат келген тоқсан түрлі өзгерістер елімізді өзгеше дамуға бастады. Әсіресе, пандемия салдарынан туындаған жаһандық дағдарыстан кейін ел экономикасы біртіндеп тұрақталып, инфрақұрылымды жаңғырту, экспорт көлемін арттыру әрі шетелдік инвестиция тарту арқылы орнықты даму жолына түсті. Осы жалпыұлттық серпіннен қажырлы да қазыналы Қарағанды облысы да шет қалмай, керісінше, бірқатар бағыттарда алдыңғы қатарға шықты. Өңір өз дамуын үдемелі түрде жалғастырып, өнеркәсіп, көлік-логистика, агроөнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Дәйектеп көрелік.
Мәселен, 2020 жыл Қазақстан экономикасы үшін едәуір соққы болғандай. Сол кезде жалпы ішкі өнім 2,5%-ға қысқарды. Бірақ, 2021 жылға қарай экономика еңсеріле бастады. Өсім 4,3%-ды құрап, кейінгі жылдары ел өзінің әл-ауқат шебін нығайта түсуді жалғастырды. 2023 жылы жалпы ішкі өнім үлесі 5,1%-ға өсіп, 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша сарапшылар 6,2% деңгейінде өсімді қаперге салды. Қазақстан 2025 жылы мұнай өндіру көлемін 12%-ға ұлғайтып, халықаралық энергетикалық келісімдердегі елдің шебін нығайтуға мүмкіндік берді.
Шынтуайтында, әр өңірдің ошағын маздатар, қызуын қоздатар қарекетте алдымен мемлекеттік бағдарламалардың орны бөлек. Орталық облысты қоса алғанда қаншалық қарапайым болғанымен, соншалық келелі көрінетін жол мен тұрғын үй, мектеп пен коммуналдық шаруашылық нысандарының ауқымды құрылысын қамтамасыз ету байсалды да байыпты бағдарламалар негізінде іске асып жатты. Талпынысы табысты трансформацияға ұласқан сандық технологияның арқасында ғаламтор желісі шалғай ауылдарға жетті, мемлекеттік қызметтерде онлайн-сервистер басымдығы байқалды. 2024 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі қызмет көрсету саласының үлесі 56%-дан асты. Ал, интернет-қолжетімділік халықтың 90%-дан астамын қамтиды.
– Алты жылда өзгерген өңір келбеті – алыстан емес, өз айналаңнан көрінеді. Бұрын ескілеу жолмен діттеген жеріңе жету сағаттарға созылса, қазір заманауи күре жолмен зырғып барасың. Балалар жаңа мектепке барып, ауылдағы ақ жаулықты әжелер емхана кезегіне онлайн жазылады. Бұрын арман болған нәрселер қазір қалыпты өмір көрінісіне айналды, – дейді Бұқар жырау ауданына қарасты Құрылыс ауылының тұрғыны Зибаш Жұмаділқызы.
Өңірлік өнім өндіру өсті
Теңгерімді тізбекте облыс ілгерінді-кейінді мерзімдерде жалпыұлттық өсу аясында ерекше көзге түсті. 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 9,24 трлн теңгеге жеткен. Ал, биылдың алғашқы алты айында өңірдің экономикасы 8,6%-ға өсті. Өнеркәсіп секторы үлкен үлес қосты. Тау-кен өндіру көлемі 11,3%-ға өсім ұсынып, өңдеу өнеркәсібі 4,6%-ға артты. Өндірісті өңірге инвестициялар әртараптан түсуде. Аймақтың сыртқы саудасы да дамып келеді. Былтырдың тоғыз айында ЕАЭО серіктестерімен сауда көлемі 2,1 млрд-тан асты. Өңірдегі орташа атаулы жалақы 2025 жылдың басында 400 мың теңгеге жетті.
Алда әлі де бірқатар жүйелі міндеттер тұр. Ең алдымен – инфляцияны төмендету маңызды меже. Экономиканы әртараптандыру стратегиялық мақсат болып қала береді. Шикізатқа тәуелділіктен ел біртіндеп өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және IT-секторды дамытуға көшу үстінде. Өңір қуатты индустриялық әлеуетке ие бола отырып, қазіргі заманғы, экспорттық-бағдарланған және серпінді жаңа өнеркәсіптік Қазақстанның қандай болуы мүмкін екенін айғақтай түскендей.
Отандық экономика алты жыл ішінде пандемия салдарына қарамастан тұрақты өсуге дейінгі жолдан өтті. Осы бағытты сақтай отырып, ел Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы мәртебесінде орнығуға барлық мүмкіндіктерге ие.
Алты жылдың айғағы
Талғамды оймен таразылап көрер болсақ, ірі облыс алты жыл ішінде алты түрлі ілгерілеуге қадам басты. Біріншісі – экономиканың екпіндеуі. Аймақ жалпыұлттық өсіммен үндесіп қана қоймай, өңірлік өнім мен өнеркәсіптің өрлеуіне сүбелі үлес қосты. Одан соң инфрақұрылым жаңғыруын атап өтеміз. Жол, тұрғын үй, әлеуметтік нысандар бәрі де кешенді бағдарламалармен қайта түлеп, сапалы өмірдің негізіне айналды. Кейінгі қатарда сандық сервистердің кеңеюін баса белгілесек болар. Интернеттің қолжетімділігі артты, мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа көшіп, бюрократиялық кедергілер азайды. Төртіншісі – инвестициялық тартымдылықтың артуы. Өңірге құйылған отандық және шетелдік капитал көлемі едәуір өсті, жаңа өндіріс ошақтары мен жобалар іске қосылды. Бесіншісі – әлеуметтік стандарттардың жақсаруы. Орташа жалақының өсуі, жаңа мектептер мен ауруханалардың салынуы халықтың тұрмыс сапасына оң әсер етті. Және алтыншысы – экспорттық әлеуеттің ұлғаюы. Өңірлік өнімнің сыртқы нарыққа бағытталуы күшейіп, әсіресе, ЕАЭО елдерімен сауда байланысы нығая түсті.
Осындайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халыққа тұрақты жұмыс орындары, қолайлы жол, ауруханалар мен мектептер, сапалы азықтүлік керек. Экономикалық реформалар азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасының жоғары стандартын қамтамасыз еткенде ғана өзін-өзі ақтап, қолдауға ие болады», – деген дәйексөзі ерікті-еріксіз еске оралады. Осы ой – ел мен өңірдің бір бағытта, бір мүдде төңірегінде дамып келе жатқанын көрсетеді. Алты жылдың айғағындай болған осы жетістіктер – тек бастама ғана. Қарағанды облысының бүгінгі беталысы ертеңгі елдің бағытын бағдарлайтындай. Қазынаға бай, қабілеті кемел аймақ ендігі жерде жаңа экономиканың – жасампаз өнеркәсіптің, жасыл технологиялардың, адами капиталға негізделген дамудың қозғаушы күшіне айналмақ. Алты жыл – тарихи ауқымда бір мезет болса да, ел мен өңір тағдырында тағылымы терең, маңызы мол кезең. Бұл уақыт ішінде Қарағанды облысы инфрақұрылымнан индустрияға, агросектордан цифрлық жүйеге дейінгі салаларды бірдей қамтыған дамудың жолына түсті. Экономикалық деректер мен азаматтардың күнделікті өмірі арасындағы айырмашылық жойылып, ресми сандар нақты сезімге айналып келеді. Міне, басты көрсеткіш – осы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ