Ресми

Тәубесі жоқ тариф

Қоғам болған соң жең ұшынан жалғасқан жемқорлық қылаң беріп жататыны ақиқат. Жаңа Қазақстан құрып жатқан бүгінгі уақытта құзырлы мекеме бұл дертпен күресудің де жаңа тетігін тауыпты. Бүгінгі бағдарда сандық көрсеткіш емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы тұр. Бұл – Президент тапсырмасын орындау барысындағы түпкі тұжырымдама. Толығырақ тілшілермен өткен баспасөз конференциясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі салалық департаментінің басшысы Мұрат Ахтанұлы хабарлады.

 

Құжат өн бойына өңір халқының қордаланған мәселелерін жиыпты. Ендігіде майшаммен қарарлық маңызды мәселелерді майдан қыл суырғандай етіп шешу үшін қажетті шаралар кешені қабылданды. Ең бір өзектісі – тұрғын үй-коммуналдық жүйесіндегі негізсіз тарифтермен тайталас.

Алпамыстай сағат сайын шарықтаған баға, жергілікті жұрттың қалтасын қағып тұр. Түрлі желеуді жалауша желбіреткен монополистер, тіпті, ырық бермей кетпесі бар ма?! Облыс тұрғындарының шағымдары өткен жылы уәкілетті органға жосықсыз тағайындалған тарифтердің заңдылығы тұрғысында арнайы мониторинг жүргізуге сеп болды. Нәтижесінде, коммуналдық қызметтер саласында 8 қаланың (Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Жезқазған, Сәтбаев, Абай, Шахтинск, Саран) және 6 аудан тұрғындары электр энергиясына негізсіз артқан 2,5 млрд. теңгесін үнемдеп үлгерді. Балқаштың 73 мың тұрғыны 200 млн.теңгеден астам сомаға жылумен және сумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерге артық тарифтерді төмендету жолымен шығынын өтеді.

– Біз осы саланы тізгіндегендіктен, өңірдің барлық негізгі әлеуметтік проблемаларымен таныспыз. Бұқараның сынынан туындаған жайттарды бақылауға алып, қадағалаймыз. Сараптаймыз. Сол арқылы жемқорлық тұрғысынан қауіпті тұстарды анықтап, облысымыздың сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын жасадық. Жігін тапқан жұмыс жүйесін де тапты. Енді тек байыппен ел игілігіне жұмыс жасау – мақсатымыз, – деді Мұрат Ахтанұлы.

P.S.: Бұл жолғы брифинг бірыңғай өтпеді. Жаңбырша жауған журналистер сауалдарына спикер лайықты деңгейде жауап бере білді. Қос тілді қос қолындай игерген сала басшысы тілшілер қауымының «баспасөз баяндарыңыз сирек келеді» деген сауалына, «жемқорлықпен күрес тағат пен байыпты қажет етеді» деп жауап беріп, БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур өткізетінін уәде етті.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz   

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button