Тұтас тұранның тұғыры
Өткен аптаның соңында тұтас Түркі әлемінің түндігі Рухпен серпіліп, ұлық күннің куәсі болдық. Тұтас Тұран тұғырына қонды. Бұл тұтастық жіктелу емес, әрине! Көне Алтайдың көкке шаншылған шыңында мүлгіп кеткен Рухымыз бар еді. Сол Рух оянып, жалпақ әлемге жар салып, Бөрілі байрақ желбіреді. Яғни, Рух бірлігі салтанат құрды. Анадолы еліндегі «Бостандық аралында» өткен Түрік Кеңесінің 8-ші саммитінде тамыры бір, тарихы ортақ Түркі жұрты жаңа дәуірге қадам басып, тарихи бетбұрыс жасалды.
Әлем назарын аударған алқалы жиынға қатысушыларға Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВ бейнеүндеу жолдап, бұл оқиғаға «Түркі әлемінің дамуындағы жаңа кезең» деп баға берді. Тарихи басқосуға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Әзербайжан Президенті Ильхам ӘЛИЕВ, Қырғызстан Президенті Садыр ЖАПАРОВ, Түркия Президенті Режеп Тайып ЕРДОҒАН және Өзбекстан Президенті Шавкат МИРЗИЁЕВ, Түрікменстанның Президенті Гурбангулы БЕРДІМҰХАМЕДОВ пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор ОРБАН қатысты.
Жаһандану жағадан алып, өркениет өрекпіп тұрған алма-ғайып уақыттың талабы тамыры бір туысқан елдерді Рух тұтастығына алып келді. Ұлы мұрат мұрагерлерінің мәртебелі жиыны тұтас Түркі әлемі дамуының жаңа парағын ашты. Бұрынғы «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің» «Түрік мемлекеттері ұйымы» болып аталуы да жаңа кезең, тың міндет, соны соқпақтың сүрлеуін меңзейді. Бастама – Түркі әлемінің қарашаңырағынан. Ол – Қазақстан!
Естеріңізде болар, биылғы жылдың 31 наурызында онлайн режімде ұйымдастырылған «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» атты бейресми саммитте Түркі Кеңесінің Құрметті төрағасы, ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Түркі әлемінің келешегі – 2040» Тұжырымдамасын ұсынған болатын. Кешегі саммит осы Тұжырымдаманы толық пысықтап, нақты шешім қабылдауымен құнды болғанын ерекше атап өтуіміз керек.
Ежелгі түркі шаңырағының тұтастығын тұғырландырып, рухани бірлікке және бір мәрте жұмылдық. Кез-келген тұтастық пен бірігудің астарында сол ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық мүддесі, қауіпсіздік шаралары тұратыны белгілі. Кешегі Түрік қағанатының асыл мұраттары мен аманаты қайта жаңғырған жиын түркілік тұтастықтың тарихи мүмкіндіктерін қайта бір таразылады.
Жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтады. Мемлекет басшысы өз сөзінде Түркі әлемінің ортақ тағдыры, жаһандық проблемалар, ұйымға мүше елдердің экономикалық, экологиялық ахуалы туралы ордалы ойларын ортаға салып, кешегі қиын-қыстау кезеңде Шығыс Түркістаннан ауа көшіп, Тибет асып, тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қазақтарды Үндістан мен Пәкістаннан арнайы шақырып, Түркияға қоныстандырған Түркияның мемлекеттік қайраткері, бауыр елдің сол кездегі Премьер-Министрі Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, қазақ халқы атынан ақжарма алғысын жеткізді.
– Мен бүгін тағы бір өте маңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы әлем халқын алаңдатып отырған экологиялық түйткілдерге қатысты ортақ проблеманы өткір көтеріп, оны шешу жолдары туралы пікірімен бөлісті. «Қазір дүние жүзі экологиялық түйткілдерді шешуге ерекше мән беруде. Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Пайдалы қазбаларды жаппай игеруден бас тартып жатқан елдердің саны артып келеді. Біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз. Мәселені тиімді шешу жолын қарастыруымыз керек. Қазақстанның көмірсутегі қоры мол. Соған қарамастан, біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық», – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен, кешегі күннің астын билеген Күлтегіннің, Білге қаған мен Тоныкөктің ұрпақтары тұтас Тұранның биік тұғырға қонуына негіз болар өзекті мәселелерді тамырынан талдап, жиын қорытындысында маңызды деген 11 шешім қабылдады. Түркітілдес елдер қауымдастығы тың белес, жаңа дәуірге қадам басты. Бұл тұрғыда Көк Түріктің қарашаңырағы саналатын Қазақстан белсенді қимыл танытып, тарихи бастамаларға ұйытқы болары даусыз.
Ерсін МҰСАБЕК.