Тұтас бір дәуір тынысы
Ел қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек еткен әр азамат – зор құрметке лайық. Бұл қызмет көпшіліктің көзіне әрдайым түсе бермесе де, бүтін мемлекет үшін маңызы орасан. Елге қызмет қылу – асқан жауапкершілікті, кәнігі кәсібилікті және Отанға айнымас адалдықты талап етеді. Бұл жүйеде еңбек еткен азаматтар елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қабақ қақпай күзетеді. Осылайша тосыннан келер сан алуан қауіп-қатердің алдын алады. Ел іргесінің бүтіндігі, бұқараның түн тыныштығы осындай арда азаматтардың арқасында екенін әлсін-әлсін – есте сақтау да міндет. Мұндай қызметтегі адамдардың еңбегі – ерлікпен тең. Оның бірі һәм бірегейі – Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қызметке саналы ғұмырының 30 жылын арнаған арда тұлға, қазірде абыз ақсақал, тоқсанның тұғырына шыққан, Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің отставкадағы подполковнигі, Қазақстан Республикасының ҰҚК органдарының құрметті ардагері Рахат Алпысбаев ағамыз.

Рахаң Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Жаңақала ауылында 1936 жылы 25 наурызда дүние есігін ашыпты. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келген Рахаң сол кезеңдегі өзінің қатарластары секілді еңбектің дәмін ерте татты. Үлкендермен бірге далада бел жазбай, бұғанасы бекіп, қабырғасы қатпастан Жеңісті жақындату үшін таңның атысы, күннің батысы тер төккен аға буын өкілі. Алайда, қатал уақыт тоя тамақ ішкізбей, бүтін киім кигізбей қажағу қылса да, рухы мықты жұдырықтай баланың жігерін жасыта алмаған. Оның айқын көрінісі – бұл күнгі шыққан биігі.
Әрі тыл ардагері Рахаң әкесі Ибаділдәнің темірден түйін түйген асқан ұста, ағаштың тілін білген шебер болғанын айтады. Ел-жұрт үй шаруасына қажет керек-жарақ жасатып алып отырыпты. Сол бір шақта бұқараның аяқ киімнен тапшылық көргені мәлім. Бойжеткендерге арналған етіктер, ер-азаматтардың саптамалары, қарттарға мәсі де Ибаділдә ақсақалдың қолынан шығыпты. Ағаш шана да жасағанын еске алады. Бұл өнері 1931-1932 жылдардағы ашаршылықта Ресей жерінде жүргенде аман сақтап қалса керек.
«Тоқан», «Ерен» деген жерде колхоздың қойын баққанда шешесі Мәкен оған көмекші шопан болған екен. Заман түзелген соң елге келіп, ауылынан алыс жерде Жаңақала колхозының қойын бағыпты. Осы арада майданға жіберу үшін өзен суы мол «Тасаранда» қой сауу ұйымдастырылып, қой сүтінен сыр қайнатылғанын да айта кету керек.
«Тоқан» қыстағы орталық саналғанда онда 4 жылдық мектеп, мал дәрігері, фельдшер, ферма бастығы тұрған. Қойшылардың балалары сондағы мектепте оқып, білім алған. Мектептегі ұстазы Алдажар Маненовті ешқашан ұмытпақ емес.
Рахат аға 1947-1948 оқу жылынан 5-сыныптан 10-сыныпқа дейін Үлгі ауылындағы №5 қазақ орта мектебінде 150 балалық интернатта жатып оқыды. «Сабан салған жастық пен матрас. Жегеніміз тас аралас нан болды. Мен қашан да білім нәріне қандырған мұғалімдерімді еске аламын. Олар: мектеп директоры Қайыржан Қисықов, Айтқұл Нәбиев, Хисамиден Ысқақов, Төлеген Сүлеев, Қазали Абдрахманов, Дүйсенбай Тұрғамбеков, Қайынжамал Айтжанова.
1952 жылы қыста қатты боран күні интернат пешінің мұржасынан от шығып, ғимарат өртенді. Бүкіл ауыл көмекке келсе де, қатты боранды желде өртті ауыздықтай алмады. Интернат балалары әр үйге паналап, оқуын жалғастыра берді. Интернат үйін қалпына келтіруге колхоздар көмек көрсетті. Көп бала суықтан ауру болды, кейбіреулері оқуын тастап, ауылына қайтты. Ауылдасым Зада Рауандин ауырып қайтыс болды. Сепкрай Масалимов, Қайыржан Қонысбаев ауылға қайтты. Оқуды бірге бітірген екі қыз Мәрияш Хасенова, Шакен Жандаева Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, екеуі де Жаңаарқа ауданының жігіттеріне тұрмысқа шығып, көп жыл мұғалім болды. Кәмәш Әшкенова Қарағанды педагогикалық институтын бітіріп, физика пәнінен мектепте сабақ берді. Дүйсенәлі Бегімов пен Фарид Гизатуллин Қарағанды медицина институтын бітіріп, ғылыми еңбекпен айналысып, медицина ғылымдарының кандидаттары атанды. Дүйсенәлі Бегімов Қарағанды облысының бас ортопеді қызметін атқарды. Фарид Гизатуллин Талғар қаласының ауруханасында көп жылдар бас дәрігер қызмет атқарды», – дейді Рахат Ибаділдәұлы.
Рахат аға 1953 жылы 10-сыныпты бітірісімен Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының химия-биология факультетіне түсіп, 1957 жылы институтты үздік тәмамдаған. Институтта спортпен шұғылданған. Күрестің барлық түрімен, грек-рим күресі, еркін күрес, қазақша күреспен айналысқан. 1957 жылы Мәскеу қаласында Дүниежүзілік жастар фестиваліне барған Рахаң Қазақстан чемпионы атанды.
«Спорттан алған атағым өміріме жол ашты. Кейін ҰҚК жоғары курсына барғанда, самбо күресімен шұғылданып, 6405 әскери бөлімінің чемпионы атандым», – деді Рахаң. 1957 жылы институт комиссиясының шешімімен Ақмола облысының «Кеңбидайық» қазақ-орыс мектебіне химия пәнінің мұғалімі қылып жіберді. Онда спорт секциясын ашып, балаларды күреске баулыды.
1959 жылы тамыз айында Қарағандыға оралып, облыстық оқу бөлімінің жолдамасымен Шет ауданының Ақсу-Аюлы қазақ орта мектебіне жіберіледі. Сол жақта Муза Мясниковамен бас қосты. Ол Алматы мемлекеттік университетінің био-топырақтану факультетін үздік бітірген. Қазақ, орыс, неміс тілдерін жақсы меңгерген еді. Мектеп директоры қызметін де атқарған. 1961 жылы тұңғыш ұлы Бекболат Алпысбаев дүниеге келген жылы Қарағандыға қайтып, Химия және металлургия институтына жұмысқа орналасады. Онда академик Евней Бөкетовтің зертханасында лаборант, инженер, аға инженер болды. 1962 жылы біліктілігін көтеру мақсатында Алматыға металлургия институтында, кейін Мәскеудегі түсті металлургия институтында тағылымдамадан да өтеді. Дегенмен, өмір арнасы басқа жаққа бұрылды.
Дәлірек айтқанда, 1963 жылы тамыз айында облыстық әскери комиссариаттың бұйрығымен Қарағанды облысының мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне жұмысқа жолданып, Минскідегі мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арнайы жоғары курсын тәмамдады. Алғашқыда Балқаш қаласының МҚК құрамында қызмет етіп, 1966 жылы Қарағанды қаласына ауысты. Сонда 30 жылдан артық уақыт әртүрлі жауапты қызметтерді атқарды.
– 1964 жылы химик-эксперт дипломын алдым. 1977 жылы 2 айлық бөлім басшыларын дайындайтын курста оқыдым. Бұл курс Мәскеу қаласындағы Ф.Дзержинский атындағы жоғары мектепте еді. Қызмет бабында мемлекеттің әр түпкіріндегі операцияларға қатыстым. Атап айтқанда, 1972 жылы Башкирия орталығы Уфа қаласындағы операцияда 30 күн болдым. 1975 жылы Литва республикасында Вильнюс қаласында операция өтті. Онда Қазақстаннан екі адамбыз. Оның біреуі – мен, екіншісі – алматылық полковник Гуров. Аталған операцияларды КГБ бастығы, бөлім бастығы және мен ғана білдім. Енді ол туралы 50 жыл уақыт өткен соң ғана айтып отырмын, – деп еске алады Рахаң.
Ұлттық қауіпсіздік ардагері МҚК СССР бұйрығымен 1971 жылы мерейтойлық медальмен марапатталған. 1986 жылы КГБ СССР бұйрығымен «Совет армиясының ардагері» атағы берілген. Бұдан бөлек, көптеген медальдары өңірінде жарқырайды.
Құдай қосқан қосағы Муза Алексеевна 2003 жылы ауыр науқастан қайтыс болған. Өмірге келген балалары Бекболат пен Серіктен төрт немере, жеті шөбере сүйген аға 90 жасқа келіп отыр.
Үлкен баласы Бекболат – белгілі спортшы, самбодан спорт шебері болған. 1982 жылы самбодан Бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанған. Ағамыздың тұңғыш ұлы өмірден ерте озды. Екінші ұлы Серік 1980-1982 жылдары Отан алдындағы борышын арнайы жасақ взводында атқарған. Әскерден кейін Қарағанды мемлекеттік университетіне түсіп, экономика факультетін аяқтаған. Екі жоғары білімі бар. Кейін Қарағанды экономикалық университетінің заң факультетін үздік тәмамдады. Әкесінің жолын жалғастырып, Қарағанды қаласының ішкі істер департаментінің қылмыстық іздестіру бөлімінде, Теміртау қаласының, Қарағанды облысының ішкі істер департаментінің ОБХСС бөлімінде, Қарағанды облысының Ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасында, Теміртау қаласының Металлургиялық полиция бөлімінің бастығы қызметін мінсіз атқарды. Подполковник шенінде зейнеткерлікке шықты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің ардагері.
ахат ағамыздың өмір жолының қаншалықты мәнді де мағыналы екенін анық аңғаруға болады. Ағаның қиындығы мен қуанышы қатар өрілген ғұмыр жолы – тек бір адамның тағдыры емес, тұтас бір дәуірдің тынысы. Ғұмырын елге, қызметке арнаған ағамыздың әрбір естелігі – тарихтың бір бөлшегі. Бүгінде тоқсанның төріндегі Рахат ағамызды мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, жан тыныштығын тілеймін. Әр күніңіз шаттыққа, жақындарыңыздың қамқорлығы мен жылуына толғай! Мерейтойыңыз құтты болсын!
Жеңіс Шәдетов,
Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы



