Тәшенев мектебінің тәлімі
Алаштың асыл ұлы, еліне адал азаматтығымен есте қалған қайсар Жұмабек Тәшенев атындағы мектебіміз бүгінде қарыштап дамуда. Қазіргі таңда мектепте 70 сынып, оның ішінде 1 мектепалды даярлық сыныбы, 3 арнайы сынып, 30 инклюзивті білім алатын сыныптар бар.
Жалпы 1494 оқушы білім алуда. Оқу-тәрбие үрдісін 120 мұғалім жүзеге асырады.
Педагогикалық ұжымның негізгі бөлігін тәжірибелі, кәсіби шеберлігі жоғары деңгейдегі педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы санатты ұстаздар құрайды. 1984 жылдан бастап Қарағанды облысы бойынша мектебімізде алғашқы болып арнайы түзете дамыту сыныптары ашылған. Биылғы оқу жылы 30 сынып, оның ішінде 42 бала инклюзивті білім алуда, бұл оқушылармен арнайы логопед, дефектолог, психолог мамандар жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Осы жұмысты нәтижелі атқаруда қажетті құралдармен жабдықталған логопед кабинеті ашылды. Мектеп мұғалімдері әртүрлі деңгейдегі интеллектуалдық олимпиадалар мен шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Биыл республикалық олимпиаданың қалалық деңгейінде орыс тілі мен тарих пәндерінен 2 жүлделі орынға қол жеткіздік. Облыстық деңгейде орыс тілі пәнінен ІІІ орынға ие болдық. Жыл сайын оқушыларымыз қалалық «Жыл оқушысы» сайысына қатысып, жүлделі орындарды қанжығасына байлап келеді. Мектебімізде ілкімді шаралар жалғасын табуда. Алдымен, Қасым Аманжоловтың 110 жылдығына орай «Қасым залы» ашылды. Ал, 2022 жылы мектепке Жұмабек Тәшеневтің есімі берілді. Осыған орай аймақтық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Қалалық «Қазақ тілі кабинеті» байқауында жүлделі І орынды иелендік. Мектебімізде үш жыл қатарынан олимпиада жеңімпаздары, «Жыл оқушысы» байқауының жеңімпаздары топ жарды. Заманауи талаптарға сай Stem-кабинеті жұмыс істеп тұр. Биылғы «Алаш айлығы» аясында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы заманауи талапқа сай бастауыш кабинеті ашылғаны білесіздер.
Бекбай СМАҒҰЛОВ,
Жұмабек Тәшенев атындағы мектеп директоры