Ресми

Тәртіпсіздік тыйылар емес

Қарағанды полициясы керек тамырдан дәл басқанға ұқсайды. Қарағанды полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Шахназар Салин қаладағы демалыс, нақтырақ айтсақ, ойын-сауық орындарының иелерімен кеңейтілген ашық жиналыс өткізді. Бұған нақты себеп бар. Тәртіп сақшыларының дерегіне сүйенсек, демалыс күндері кезекші бөлімге түсетін жедел қоңыраулардың басым бөлігі осы түнгі клубтардан, рестобарлардан екен. Шарапқа масайып, желіккен демалушылар тәртіпке бағынбай, түнгі қаланың тыныштығын бұзады. Жиын барысында тәртіп ең көп бұзылатын мекемелердің иелеріне ескерту жасалды. Ескерту еленбеген жағдайда қатаң шаралар қабылданатыны айтылды.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қаланың бас полицейі шаһардағы тәртіптің сақталуы тікелей басқарманың міндеті екенін және осы жолда қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.

– Ойын-сауық мекемелерінің иелерін түсінемін. Бұл да табыс көзі. Бірақ, түнгі сауық-сайран орындарында тәртіп жиі бұзылады. Осы сөзіме нақты дәлелдер бар. Статистика жасалған. Көбіңіз қауіпсіздік мәселесіне бейжай қарайсыздар. Бұл, әлбетте, қала тыныштығына нұқсан келтіреді.

Біз шаһарда түрлі бассыздықтардың орын алуына жол бермейміз. Ескертулерге құлақ аспаған жағдайда заң шеңберінде қатаң шаралар қабылдап, қылмыс жиі орын алатын орындарды жабуға ықпал етеміз. Себебі, сол жерлерде заң бұзылып қана қоймайды, адамдардың, соның ішінде, өрімдей жастардың тағдыры бұзылып жатады.

Бірінің денсаулығына зақым келеді, енді бірі қылмыс жасап, өз өміріне балта шабады. Сондықтан, осы мәселеде бір-бірімізді түсінуге тырысып, бірлесіп жұмыс атқарайық, – деді Шахназар Салин.

Полиция басқармасы бас­тығының орынбасары, полиция подполковнигі Ерлан Есенбеков нақты демалыс орындарына қатысты деректер жинақталған баяндамасын жасады.

– Күн тәртібінде айтылғандай, кеңестің мақсаты – ең алдымен, азаматтардың қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіпті сақтау. Қарағандыда әртүрлі сипаттағы және бағытталған қызметтегі 258 ойын-сауық мекемесі бар. Соның ішінде, 83 мейрамхана мен 175 кафе-бар қызмет етеді. Мәселе көбіне түнгі 03:00 мен 06:00-ге дейін жұмыс істейтін ойын-сауық орталықтарына тікелей қатысты. Көңіл көтеру орындарында, әсіресе, демалыс және мереке күндері жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында біз полицияның жаяу патрульдік нарядтарының жұмысын күшейттік.

Ал, патрульдеу маршруттары қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың ең көп саны тіркелген мекемелерге барынша жақын. Осы жылдың басынан бері «102» операторларының пультіне ойын-сауық мекемелерінен 1229 хабарлама келіп түсті. Соның ішінде, 48 дерек сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілген.

Ойын-сауық орталықтарында адам денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіру бойынша 4, өзгенің мүлкін ұрлау бойынша 25, бұзақылық бойынша 13, өзгенің затын зақымдау бойынша 3, физикалық күш көрсету арқылы есептесу бойынша 2, алаяқтық бойынша 1, өз-өзіне қол жұмсауға мәжбүрлеу бойынша 1 дерек тіркелді, – дейді орынбасар.

Жыл басынан бері орталық басқармада 597 шағым қаралған. Соның ішінде расталған қылмыстар бойынша 26 дерек тіркелген (7 ұрлық, 10 бұзақылық және 2 орташа ауырлықтағы дене ­жарақаты).

Михайлов бөлімшесінде 230 шағым тіркелген. Оңтүстік-Шығыс бөлімшесінде 123, Жаңа Майқұдықта 102, Әлихан Бөкейхан ауданында 66, Киров бөлімшесінде 24 дерек.

Талдауға сәйкес, әртүрлі сипаттағы құқық бұзушылықтар жиі орын алатын 9 ойын-сауық мекемесі анықталған. Көш басын Ермеков көшесі, 33/1 мекен-жайында орналасқан «Зима» түнгі клубы бастап тұр. Бұл мекемеден кезекші бөлімге 47 қоңырау түскен. «Алания» караоке клубынан 43 қоңырау, «Концерт» мейрамханасынан 23, «Инфинити» түнгі клубынан 18 шақыр­ту тіркелген. Нақты осы түнгі клубтың автотұрағына қатысты ескерту жасалды. Ұйым Гоголь көшесінің бойында орналасқан. Полицияның дерегінше, қонақтардың көліктері жол көлік қозғалысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Тізімде «Жаным сол», «Рестобар тед», «Цикуляр», «Хеда» секілді ойын-сауық мекемелері де бар.

– 2024 жылдың 8 наурызында «Хеда» кафесінде орын алған бұзақылық туралы айта кетсек. Би алаңындағы келушілер арасында қақтығыс орын алған. 18 адамнан тұратын жаппай төбелес болды. Бұл оқиға әлеуметтік желіде жарияланды. «Instagram» желісінде резонанстық сипат алды. «Хеда» кафесінің өз күзеті болмаған. Бейнебақылау камералары сапасыз.

Осы тұста дәмхана иесінің қауіпсіздік мәселесіне бас қатырмайтынын аңдаймыз, – деді қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Есенбеков.

Шахназар Салин нақты ойын-сауық мекемелеріндегі күзет мәселесіне тоқталды.

– Сіздер басқарып отырған мекемеде араздасқан, немесе, физикалық күш көрсеткісі келетін меймандарды тоқтататын, сабырға шақыра алатын кәсіби күзетшілер тұруы тиіс. Әсіресе, олардың қызметтік киіміне мән берген жөн.

Кейде күзетшілердің өзі сөз тыңдамаған қонақтарды төмпештей жөнеледі. Бұл – әлбетте дұрыс емес. Жалпы айтқанда, сапалы бейнебақылау жүйесі мен кәсіби күзетшілерге басымдық беріңіздер. Сонда ғана тәртіп бұзу деректері едәуір азаймақ, – деді Шахназар Салин.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button