Бас тақырып

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Мемлекеттік тәртіпті нығайтып, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алатын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы міндет – жазалау емес, алдын алу. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қатысты БАҚ-та және интернет-ресурсындағы жағымсыз ақпараттарға жүргізілген мониторинг нәтижесі, мемлекеттік орган басшыларымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, әдеп нормаларын жетілдіру, тәртіптік комиссияның жұмыс нәтижелері. Кеңес төрағасы Жандос Сәрсеннің басшылығымен өткен отырысқа мемлекеттік органдардың өкілдері онлайн форматта қатысып, туындаған мәселелерге жауап берді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болатынын атап өткен еді. Осыған орай, БАҚ-та және ақпараттық кеңістікте мемлекеттік органға немесе мемлекеттік қызметшіге қатысты жағымсыз дүние жарияланса, оларға қатысты тиісті мемлекеттік органдар дер кезінде қарымта хабарлар беруі қажет. Себебі, тиісті түсіндірме болмаған жағдайда, орын алған оқиғалар жаңсақ қабылданып, негізсіз қорытындылар жасауға және мемлекеттік аппаратқа деген сенімге кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мемлекеттік қызмет істері агент­тігі және оның аумақтық бө­лім­шелері тұрақты түрде жағымсыз ақпараттарға мониторинг жүр­гізіп отырады. Агенттіктің Қа­рағанды облысы бойынша депар­таментінің мемлекеттік қызмет са­ласындағы бақылау басқармасының басшысы Бақтияр Макеевтің айтуынша, биыл облыс бойынша 5 жағымсыз ақпарат жарияланған. Олардың барлығы жергілікті атқарушы органдарға қатысты.

– БАҚ-тағы жағымсыз ақпараттарға мемлекеттік органдардың тиісті лауазымды тұлғалары уақытында жауап қатпайды. Мысалы, биылғы жағымсыз ақпараттың 60%-ына департамент қызметкерлері араласқаннан кейін ғана тиісті шаралар қабылданды. Бұл ретте әдеп жөніндегі уәкілдердің аталған бағыттағы жұмысы көрінбейтінін айту керек. Ал, олар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу мәселесіне тұрақты түрде БАҚ-та және әлеуметтік желіде мониторинг жүргізіп, тиісті шаралар қабылдауы қажет, – дейді Бақтияр Макеев.

Одан бөлек, басқарма басшысының айтуынша, әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмыс нәтижелері көрінбейді. Олардың жұмыстарын ақпараттық сүйемелдеу жоқ. Сондықтан да, Әдеп кеңесі жауапты адамдарға БАҚ-та, интернет ресурстарында және әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметшілерге және мемлекеттік органдарға қатысты жағымсыз материалдардың жариялануына мониторингті белсенді жүргізуді тапсырды.

Кеңес барысында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Ернар Хасеновтің де баяндамасы тыңдалды. Департамент «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес электр энергетикасы саласындағы нормативтік-құқықтық актілері талаптарының сақталуын, электр станцияларының, электр желілерінің, тұтынушылардың электр қондырғыларының энергетикалық жабдықтарын пайдалану мен техникалық жай-күйін, электр энергиясын өндірудің, берудің, жабдықтаудың және тұтынудың сенімділігі мен қауіпсіздігін бақылауды жүзеге асырады.

– Бүгінгі таңда Әдеп кодексін сақтамау фактілері бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылған қызметшілер жоқ. Департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік қызмет туралы заңнама, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді, – дейді департамент басшысы.

Одан бөлек, кеңесте облыстың жер ресурс­тарын басқару департаментінің әдеп жөніндегі уәкілі Елтай Саргизовтың мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторингті және бақылауды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстары тыңдалды.

Уәкілдің айтуынша, аталған мекемеде әкімшілік айыппұлдар, сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын, мемлекеттік қызмет және әдеп нормаларын бұзу фактілері орын алмаған.

Ал, Приозерск қаласы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Алтынай Рахымбаева 2022 жылмен салыстырғанда 2023 жылы тәртіптік жауапкершілікке тартылғандар саны 12%-ға азайғанын айтады. Биыл қызметтік міндеттерін тиісінше орындамаған бес мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бірақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзған немесе мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін құқық бұзушылықтар жасаған қызметшілер жоқ.

Қарағанды облысы бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшысы Сергей Брагиннің мәлімдеуінше, аталған мекемеде биыл әкімшілік құқық бұзушылықтардың саны 43% төмендеген.

Шахтинск қаласы әкімі аппаратының тәртіптік комиссия төрағасы Наталья Циолковская 2023 жылы Шахтинск қаласының жергілікті атқарушы органдарында 11 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтады.

– Көбінесе мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік сатып алу және бюджет заңнамасын бұзғандығы, өтінішті қарау мерзімдерін және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін бұзғандығы үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, 2023 жылы 2 мемлекеттік қызметшіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша тәртіптік комиссияның отырысында тиісті материалдар қаралып, тәртіптік теріс қылықтар жасау фактілерінің анықталмауына байланысты мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолданбау туралы ұсыным шығарылды, – дейді Наталья Циолковская.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет тәртібін нығайтуға бағытталған профилактикалық ұсынымдар берілді.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button