Жаңалықтар

«Тәртіпке бағынған құл болмайды…»

ҚР Президентінің «Төтенше жағдай енгізу туралы» Жарлығымен облыста комендатураның Жедел штабы құрылып, құқықтық тәртіпті сақтау үшін барлық полиция қызметкері, Ұлттық Ұлан мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметкерлері қызметтің күшейтілген режиміне көшірілген еді. Сондай-ақ, облыстың елді мекендерінен облыс орталығына кіріп-шығатын аумақтарына бақылау бекеттері орналастырылды. Дерекке сүйенсек, облыс аумағында 447 «Төтенше жағдай режимін» бұзу жағдайы анықталған.

Нақтырақ айтсақ, ТЖ режимі жарияланғалы бері аймақтың полиция қызметкерлері 447 тәртіп бұзушылықты анықтап, оның ішінде, 31 тәртіп бұзушы әкімшілік қамауға алынған. Төтенше жағдай кезеңінде тіркеуден өткен қарудың өзін тасымалдауға және алып жүруге тыйым салынған. Полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару кезінде осындай тыйым салынған 17 зат, оның ішінде 9 тегіс ұңғылы мылтықты тәркілеп, есірткі заттарын сақтаудың 6 фактісін анықтаған.

Бақылау бекетінен өтпек болған, Қазақстан Республикасындағы тіркеу мерзімі өтіп кеткен 30 жастағы Өзбекстан азаматының жолы бөгелді. Сондай-ақ, «өткен жылдың 24 желтоқсанынан бері із-түзсіз жоғалған» деп саналған 30 жастағы Қарағанды қаласының тұрғыны бекеттен өту барысында анықталды.

Бұдан бөлек, Алматы және басқа да Оңтүстік өңірлерде құқық қорғау органының қызметкерлері тарапынан заңға қайшы әрекет жасаған және тонаумен айналысқан азаматтарды ұстау шаралары жүргізілуде. Осыған байланысты аймақтың полицейлері де өңірде осындай тұлғаларды анықтау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде. Сондықтан да, облыс тұрғындарынан барлық күдік тудыратын сәттер жөнінде қырағылық танытып, бірден 102 телефонына хабарласуларын сұрайды.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды…» демекші, ел амандығы мен ішкі тұрақтылықты сақтау үшін бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, заңсыздыққа бейжай қарамаған жөн.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button