Бас тақырыпБасты тақырып

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Карантин шаралары жеңілдетілгелі бірқатар бизнес нысандары жұмысқа кірісті. Басты талап – санитарлық нормаларды қатаң сақтау, адамдардың шоғырлануына жол бермеу. Алдыңғы апталарда ірі сауда үйлерінде орналасқан, жеке кіретін есігі бар сауда орындары да ашылды. Мейрамханалар мен дәмханалар тапсырысты үйге дейін жеткізіп беру тәсілімен жұмыс істей алады. Дегенмен, облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысында анық әрі нақты жазылған талаптарды орындамай, «үй ішінен үй тігіп» отырғандар да бар. Осындай құқық бұзушылықтың жолын кесу мақсатында Қарағанды қаласы, Қазыбек би атындағы ауданының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы, жергілікті полиция қызметі, әкімдік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінен құралған мобильдік топ арнайы рейдке шықты.

ТАЛАП – ОРТАҚ

Карантиннен шықпаған Қарағандыда вирус жұқтырудың алдын алу үшін әлі де шектеу шаралары бар. Бұл – тұрғындардан бастап, жұмысын бастаған бизнес нысандары үшін маңызды. Бір күндік құлқынның қамы емес, індеттен аман шығып, қалыпты өмірге түсу үшін керек-ақ. Басқарма мамандарының бағамдауынша, облыс орталығында осы талаптарды өрескел бұзып отырған нысандар бар. Мысалы, аталмыш мекеменің жетекші маманы Жұлдыз Құсайынның айтуынша, бір емес, бірнеше рет ауызша ескерту алса да, елең қылмай, жұмыстарын алаңсыз жалғастырып отырғандар қатары жеткілікті. Бірақ, талап – бәріне ортақ. Ескерту жасалған соң шара қолданбаса, хаттама толтырылып, істері сотқа жіберіледі. Қазірдің өзінде облыс бойынша осындай 51 мобильдік топ жұмыс жасауда.

АТЫ ӨЗГЕРГЕНМЕН, ЗАТЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Карантин жеңілдетілгелі жұмыс жасауға рұқсат етілген мекемелер қатарына бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша бизнес орталықтары кірмейді. Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында орналасқан «Деловой дом» дәл осындай нысандар қатарында. Бірақ, карантин талабы жеңілдетілгелі «Бизнес орталығы» деген атауынан жеріп, әкімшілік ғимарат атанып шыға келген. Рейдке шыққан мобильдік топ мүшесі Жұлдыз Нұрланқызы бұған дейін де аталмыш мекемеге жұмыс істеуге рұқсат етілмегені жайлы бірнеше рет ескерту жасағанын айтады. Санитарлық нормаларға сай антисептиктер қойылып, маскалық режим сақталғанымен, әр түрлі ірілі-ұсақты бизнес өкілдері бөлмелерді жалға алып отырған, бір ғана кірер есігі бар нысанның қызметіне рұқсат жоқ.

Аталмыш нысанның заңгері өздерінің әкімшілік ғимарат екенін айтып, тіпті, ауданы 2 мың шаршы метрден аспайды деп сендіргісі келгенімен, мобильдік топ құрамындағы жергілікті полиция қызметінің өкілі «Деловой дом» өкілінен түсініктеме алып, хаттама толтырды. Сәйкесінше, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Заңның 462-бабы, 3-тармағы бойынша қозғалған іс сотқа жіберіледі. Соттың шешімі бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

ЖЕТКІЗУ МЕН АЛЫП КЕТУДІҢ АЙЫРМАСЫ

Мейрамханалар мен дәмханалардың да жұмысы – қатаң бақылауда. Егер тапсырыс берушінің үйіне дейін жеткізіп берсе – құба-құп. Басқа жағдайда жұмыс жайлы атауға да болмайды. Рейд маршруттарының бірі – қаладағы кофехана. Талап бойынша жеткізіп беру емес, алып кету тәсілі арқылы жұмыс істеп жатқан бұл нысанға талай рет ескерту жасалған. Бірақ, жұмысын жалғастыра берген кофехана үстінен де іс қозғалатын болды. Өздерін бе, әлде өзгені алдағысы келді ме, жеткізіп беру арқылы жұмыс жасап жатырмыз деп сендіргісі келді кофехана өкілі. Бұған дейін талапты сақтамағаны үшін жауапқа тартылған олардың төлеген айыппұлдары таңдайларына татымаған тәрізді. Енді тәртіпті бұзғаны үшін тағы да іс қозғалатын болды.

БАСТЫСЫ – ЕСІГІ БӨЛЕК БОЛУ

45-ші орамдағы «Мечта» сауда үйінің бірінші қабаты да жұмыс істеп тұр. Екі қабаттан тұратын нысанның екінші қабаты – жабық. Аталмыш сауда үйінің бірінші қабатындағы электроника және тұрмыстық техника сататын дүкенге тиесілі аумақ 2000 шаршы метрден аспағанымен, екінші қабаттың да ауданы қоса есептеледі. Себебі, сауда үйіне кіретін есік – біреу-ақ. Сондықтан, нормаға сай, жұмыс істей алмайды.

Облыстың бас санитарлық дәрігері Қанат Асқаровтың қаулысы бойынша ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда орындарының қызметіне тыйым салынған. Ал, 2020 жылдың 17 мамырындағы 21 қаулысына сәйкес, кірер есігі бөлек болса, сауда үйлерінің бірінші қабаттарындағы қызметіне рұқсат етілген нысандар да жұмыс жасай алады. «Ал, «Мечта» сауда үйінің екі қабатына да кірер есік біреу болғандықтан, карантин режимінде жұмыс жасай алмайды» деген қорытындыға келді рейдке қатысушылар.

Рейд барысында анықталған заң бұзушылықтар, яғни, бас санитарлық дәрігер қойған талап нормаларын орындамай, істі болған бизнес өкілдерінің қателігі өзгелерге сабақ болары сөзсіз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды».

ОБЛЫСТАҒЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ

Облыста коронавирус инфекциясын жұқтыру көбейіп тұр. Мәселен, 24 мамырда 33 пациентте COVID-19 бары расталды. Сырқаттанғандар бұрын жұқтырғандармен жақын қарым-қатынаста болған адамдарды тексеру кезінде анықталған. Науқастар стационарға жатқызылды. Ал, ауру ошақтары табылған жерлер залалсыздандырылады. Облыста 595 адам коронавирус жұқтырса, айыққандар саны – 190.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button