Жаңалықтар

Тәртіп – тұрақтылық тірегі

Қазіргі заманның басты талаптарының бірі – азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету. Бұл – құқықтық тәртіпті сақтау ғана емес, әр адамның цифр­лық ортада, қоғамдық кеңістікте, жолда да өзін еркін әрі сенімді сезінуі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған бастамалар бүгінде нақты нәтиже беруде. Қарағанды облысы – бұл бағытта көш бастап, құқықтық қауіпсіздікті заманауи технологиялар арқылы қамтамасыз етіп отырған өңірлердің бірі.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Цифрлық бақылау – әділеттің айнасы

Аймақта қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпті сақтау мақсатында заманауи ақпараттық-бағдарламалық кешендер кеңінен қолданылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, облыс аумағында бүгінде 183 цифрлық бақылау құрылғысы (170 стационарлық және 13 мобильді) тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Бұл жүйе­лер жол қозғалысындағы тәртіп бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеп, деректерді өңдеп, құқық қорғау органдарына жедел жолдайды.

Жыл басынан бері осындай цифрлық бақылаудың нәтижесінде 43 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталған.

– Басты мақсат – айыппұл салу емес. Қауіпсіздікті сақтап, құқықтық мәдениетті қалыптастыруды көздейміз. Автоматтандырылған жүйелер – ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етудің тиімді жолы, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Елжас Жартыбаев.

Сонымен қатар, жолдағы қозғалысты тиімді басқару мақсатында Қарағанды қаласында 201 бағдаршам нысаны жаңартылып, орталықтандырылған жүйеге қосылған. Олардың ішінде, 60 бағдаршам «Жасыл толқын» режимінде, ал, 10 бағдаршам – адаптивті режимде жұмыс істейді. Соңғысы – жолдағы көлік қозғалысын өздігінен «түсініп», реттеп отыратын интеллектуалды құрылғы.

Бағдаршамның жасанды интеллектпен басқарылуы қаладағы көлік кептелістерін азайтып, апат қаупін төмендетіп отырғанын атап айту керек.

Теңдік пен қауіпсіздіктің негізі

Құқықтық қауіпсіздік жол ережелерімен ғана шектелмей, азаматтардың барлық салада тең мүмкіндікке ие болуын қамтамасыз етеді. Бұл бағытта қолға алынған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы – еліміздің шалғай аймақтарындағы цифрлық теңсіздікті жоюға бағытталған маңызды бастама.

Бүгінгі таңда облыстың 342 ауылдық елдімекенінің 248-і интернетке қосылған. Десе де, 94 ауылда мүлде интернет жоқ, ал, 20-сы тек 2G желісімен шектелген.

Облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий, қазіргі таңда интернет байланыс құралы әрі қауіпсіздік пен даму факторы екенін айтады.

– Әр азаматтың цифрлық кеңістікке еркін қол жеткізуі – оның ақпаратқа, білімге және мемлекеттік қызметтерге тең құқылы екенін білдіреді. Біз ауылдағы әр үйге интернет тарту арқылы жаңа өмір сапасын қалыптастыруға күш салып жатырмыз, – дейді ол.

2027 жылға дейін облыстың 97 ауылына интернет жеткізіліп, 151 мың адам жоғары жылдамдықты желімен қамтылады. Бұл – заңдық, әлеуметтік және цифрлық қауіпсіздікке тікелей ықпал ететін фактор.

Құқықтық қауіпсіздіктің тағы бір маңызды қыры – жаяу жүргіншілер тәртібі. 2024 жылдың шілдесінен бастап іске қосылған «Аргус-Пешеход» жүйесі арқылы Қарағанды мен Теміртауда 3 125 ереже бұзу фактісі тіркелген. Бұл жүйе тек жүргізушілерді емес, жаяу жүргіншілерді де тәртіпке шақырады.

Шет ел тәжірибесі

Көптеген елдер технологияны қоғам игілігіне бейімдеп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін нығайтудың тың тәсілдерін енгізіп келеді. Мәселен, Сингапурда барлық көлік ағыны мен жүргіншілер қозғалысы орталықтандырылған бақылау жүйесімен қадағаланады. Қаланың басты жолдары мен қиылыстары бейнебақылау камералары мен адаптивті бағдаршамдармен жабдықталған. Жол тәртібін бұзған сәттен-ақ жүргізушіге айыппұл автоматты түрде жіберіледі. Осылайша, қоғамда тәртіпке бейімделу мәдениет деңгейіне көтерілген.

Германияда құқықтық тәртіпті сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Smart City» (Ақылды қала) жобалары белсенді жүзеге асырылып келеді. Берлин, Мюнхен, Гамбург сияқты ірі қалаларда бейнебақылау жүйелері жасанды интеллектпен жабдықталып, тек ереже бұзушылықты емес, қауіп төнуі мүмкін жағдайларды алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Қоғамдық көлікте, алаңдарда, мектеп маңында күдік тудыратын әрекеттер автоматты тіркеліп, полиция дереу әрекет етеді.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қауіпсіздік жүйесі адамның еркіндігін шектеу үшін емес, оның құқығы мен амандығын қорғау үшін қажет. Қазақстанда да қолға алынып жатқан цифрлық бақылау мен инфрақұрылымды дамыту бастамалары – осы ғаламдық үрдіспен үндес.

Сөз соңы

Қоғамдағы қауіпсіздік полиция мен бақылау жүйелеріне ғана емес, әр азаматтың құқықтық мәдениетіне де байланысты. Облыста қолға алынған цифрлық жобалар – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, құқықтық орта қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар.

Цифрлық технологиялар мен құқықтық тәртіп қатар дамығанда ғана нағыз қауіпсіз әрі әділетті қоғам қалыптасады. Әр тұрғын өз құқығын қорғай білсе, әр орган өз міндетін адал атқарса, бұл жолда жеңіс ортақ болмақ.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button