Жаңалықтар

«…Төртеу түгел болса – төбедегі келеді»

Мемлекеттік қызметтер көрсетілетін Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен тұрғындар арасын жалғап жүрген делдалдар Қарағандыда да жеткілікті. Мәселен, алысқа бармай-ақ, қарапайым жүргізуші куәлігінің өзі қаншаға және қалай жасалатынын кез келген тұрғыннан сұрасаңыз, айтып береді. Куәлік санаты жоғарылаған сайын – сұралатын қаржы да қомақты. Екі ай оқып, «әуреге түскенше», екі сағаттың ішінде 200 АҚШ долларына қалаған санатыңызды алып береді. Әрине, көлік жүргізудің «хас шебері» болмасаңыз да, жолда жүру ережесін біліп, өзіңіз үшін де, жолаушы үшін де жауапкершілік болса жақсы. Тәжірибені сатып ала алмайтыныңыз рас, оңай дүниенің де жақсылыққа апармасы анық.

– Делдалдар тұрғындардың мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы өзгерістерден хабардар болмауы салдарынан да сыбайлас жемқорлық көріністері белең алуда. Қазір онлайн режимінде де тапсыруға болатын жүргізуші куәліктерін алу мерзімі де қысқартылған, – дейді мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаев.

Ал, Жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығының төрағасы Төлеген Байғұлов болса, «облыста өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы апталық» қорытындысының көрсеткіштері көңілге толмады», – дейді. Қарағанды облысы ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының тергеп-тексеру бөлімінің бастығы Дархан Әбдікамаловқа «Мемле кеттік қызмет көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлықты жоюға қатысты жасалып жатқан шараларға қарамастан, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанында тұрғындарға қызмет ұсынып жүрген «делдалдар қайдан келді?» деген сұрағын да қойды.

– Апталық барысында түсірілген бейнеролик әлеуметтік желілер мен «YouTube» бейнехостингіне орналастырылғанына қарамастан, мемлекеттік органдар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы сәйкес жұмыс пен кері байланысты көрмедім, – дейді Төлеген Байғұлов. Шыға қалса аяққа, оралатын делдалдар көп ал, жыл басынан бері оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту фактілерінің жоқ екенін алға тартты.

Осы орайда, Қарағанды облысы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Валерий Коваленко спикерге өзінің қарсылығын білдірді. Шындығында, делдалдың мемлекеттік органмен байланысы бар ма, әлде жай ғана өтіп бара жатқан адам ба? «Қазір «МАИ қызметкері қанша алады?» деп, кімнен болсын сұрасаңыз, екі мың теңге дейтіні анық. Бұл – тұрғындардың санасына әбден сіңіп қалған. Тіпті, делдалдармен байланысы болса, өзінің қызметкерлерін де қылмыстық жауаптылыққа тартуға бармын»,– деген Әкімшілік полиция басқармасының бастығы қылмыспен күресу үшін бірлесе жұмыс жасаудан қашпайтынын да жеткізді.

Брифинг соңында Төлеген Байғұлов мемлекеттік құрылымның бірлесе атқарған қызметі арқылы тұрмыстық сыбайлас жемқорлық фактілері 70-80 пайызға қысқарады деген сенімін білдірді. Бұл орайда, әрине, жұмысты күшейтеміз деп, жалаң сөзді желеу етпей, нақты әрекетке бірлесе кірісу – аса маңызды екенін де айтты.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button