Абай ауданында 22 маусымда ауыл және кент әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп, оған 4 сайлау округі бойынша тіркелген 9166 азаматтың 5773-і (62,98 пайызы) қатысты.

Бұл сайлауда Топар кенті, Қарағанды, Көксу, Самарка ауылдық округтерінің әкімі қызметі үшін 12 адам үміткер болып,соның 4-ін “Аманат” партиясы, қалған 8-і өздерін өзі ұсынған.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нина Сергееваның айтуынша, сайлау кезінде заңбұзушылықтарға жол берілмей, прокуратура, сот органдарына талап-арыздар түспей, қорытындысында аталған округтердің бұрынғы әкімдеріне сайлаушылар сенім көрсетіп, төртеуі де орнында қалған.
Атап айтқанда, Топар кенті әкімін сайлауда сынға түскен 3 адамның ішінен Марғұлан Сафаров 3083, Қарағанды ауылдық округінде Владислав Кирей 777, Көксу ауылдық округінде Асылхан Мақанов 575, Самарка ауылдық округінде Марат Төкенов 336 дауыс жинап, айқын басымдықпен жеңіске жетті.Мұның өзі олардың осы уақытқа дейін атқарған жұмысына жұрттың оң бағасын беріп, сайлаушылардың тағы үміт артып, сенім көрсетіп отырғандарын білдіреді.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы