Жаңалықтар

«Төрт құбылам, төрт тарабым сай менің…»

Тәуелсіздік – басты байлығымыз. Оны баянды ету – ортақ парыз. Ол үшін жас буынды егемен ел атанғалы жеткен жетістіктермен таныстырып, патриоттық тәрбие берумен қатар, ұлттық болмысымызды бойына сіңіру ләзім. Осы мақсатта облыстық білім басқармасы, қалалық білім бөлімінің қолдауымен, Абай атындағы №104 мектеп-гимназиясы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тәуелсіздік жетістігі» тақырыбында ашық сынып сағатын онлайн өткізді. Шараға жалпы білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары мен аймақтың айтары бар азаматтары қатысты.

Шараның шымылдығын «Айтыстың ақтаңгері» атанған айтыскер ақын Дидар Қами Тәуелсіздік жайлы арнауымен бастады. Егемендікке жету жолындағы қарға тамырлы қазақтың қилы тағдырын жырға қосты. Түрлі әуенге салып, жүрекке жеткізді.

Ал, ҚарУ жанында жұмыс істейтін «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова Тәуелсіздіктің нәтижесі – бабалар арманының орындалуы деп есептейді. «Осы Абай гимназиясының ашылуы – Тәуелсіздіктің арқасы. Елтаңба, Ту, Әнұран сынды мемлекеттік символдарымыздың көкке көтерілуі – үлкен бақыт. Бұл – бабалардың арманы болды. Біз жеттік соған. Елбасының салиқалы салиқалы саясатының арқасы барлығы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев сол баянды істі көрегендікпен жалғастыруда. 30 жылда кемшілік те болды. Бірақ, мұның бәрін жіпке тізе бермей, жасалып жатқан жақсылықты да көре білген жөн. Оны баянды етуге бәріміз атсалысуымыз керек. «Мың өліп, мың тіріліп» осы күнге жеттік. Шекарамыз шегенделді. Енді бүгінгі ұрпақтың парызы – елімізді дамытып, атын әлемге таныту, гүлдендіру, азаттықтың қадірін білу. Көптеген тарихи ескерткіш еңсе көтерді. Бүгінде 192 мемлекет бізді мойындады. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да бұл туралы баса айтты. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасуы керек», –  деді Нұрсахан Ахметқызы.

Ал, мектепшілік «Ақтолқын» домбыра ансамблінің көркемдік жетекшісі Жансұлтан Ермекұлы Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетті. Күй орындалып жатқанда үлкен экраннан Тәуелсіздік тақырыбында рухты оятатын бейнежазба жүріп тұрды. Іштей үйлесім тапқан тұтас композиция арқамызды қоздырды.

– Тәуелсіздік жолында көптеген батыр бабаларымыз құрбан болды. Бүгінгі ашық сабаққа қатысып отырған жастар сол бабаларды білуі тиіс. Азаттық бізге оңай келген жоқ. Өкінішке қарай кей жастар құлдық санадан шыға алмай өзге тілде сөйлейді. Өз тіліңді менсінбеу, ұлттық болмысызға жат қылықтар көрсету – болашағыңа балта шабу. Жастар осыны жете түсінуі тиіс. Тарихымызды білсек, әдет-ғұрпымызды бойымызға сіңірсек адаспаймыз. Сонда Тәуелсіздіктің де қадіріне жете аламыз. Бастысы санамыз, ойымыз тәуелсіз азат болса, адаспаймыз, – деді кәсіпкер, меценат Ерлан Әшім.

Бас басылым «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі, ақын Мирас Асан ұйымдастырушыларға алғысын айтып, көтеріліп жатқан тақырыптың өзекті екеніне тоқталды.

«Отан десем – санамдағы ой керім,

Отан десем – кеудемдегі бай кенім.

Қастерлі бұл төрт әріп сөз аманда,

Төрт құбылам, төрт тарабым сай менің», –

деп басталатын «Отан» өлеңін оқып, бір серпілтті.

Аймақтық «SARYARQA» арнасының редакторы Әшімхан Жанпейісов те азаттық жайлы азат ойларын ортаға салды.

Негізгі бөлім аяқталған соң, ашық сабаққа онлайн қатысып отырған мектеп оқушылары қонақтарға көкейінде жүрген сауалдарын қойып, тұщымды жауап алды.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button