Төрлет, Жаңа жыл!
Жыл ауысты. Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Тәуелсіздіктің таңы атқаннан бастап, талай белесті бағындырып, халықаралық аренада беделін көрсетіп үлгерген Қазақ елі үшін өтіп бара жатқан Тауық жылы жақсы жетістіктермен есте қалатыны анық.
Жылды қорытындылайтын уақыт та келді. 2017 жыл қандай маңызды оқиғаларымен елдің жадында қалғаны белгілі. Біріншіден, Алматыда ХХVIII қысқы Универсиада ойындарын өткіздік. «Экспо-2017» Халықаралық көрмесімен көпке танылып, төбемізді көкке жеткіздік. Елбасының салиқалы саясатымен латын әліпбиіне көшу процесі басталды. Иә, еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді, әлеуметтік, мәдени, спорт салаларындағы жетістіктеріміз де жетерлік. Ал, енді, табалдырығымызды аттағалы тұрған ит жылына ойыссақ.
Ит жылы адал еңбекті, шыдамдылықты, алға қойған мақсат-міндеттердің орындалуын талап етеді. Қашанда сергектікті, көңіл-күйді, ойын-сауықты жақсы көреді. Бірақ арамдықты, әділетсіздік пен өтірікті кешірмейді екен. Ит адалдықтың жақтасы. Біз ойлағандай, қарапайым үй жануары емес, жауапкершілікті күтеді. Ит жылы ынтымаққа, бірлесіп әрекет етуге, бір-бірін құрметтеп, ой-пікірлерімен санасуға, бөлісуге, жақсылықпен көрісуге шақырады. Олай болса, келе жатқан жыл берекемізді арттырсын. Өткен жылғы болған барлық оқиғаларға салауат айтып, баршамыз Жаңа жылдан жақсылық күтейік. Жаңа жылдың берер сыйы көп болсын!
Кел төрлет, Жаңа жыл!
Нұрдос КӘРІМ