Сәкен театрында «Жәмила» премьерасы көрермен назарына ұсынылды
Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ-драма театрында тағы бір премьера. Бұл жолы қырғыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әйгілі «Жәмила» повесі Бек Киекбаевтың режиссерлігімен сахналанды. Жәмиланың образы қарағандылық көрерменге тың бағытта ашылды. Бұл шығарма пластикалық үлгіде көрініс тапты.

Оқиға желісінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы ауыл адамдарының тағдыры баяндалады. Ерлердің бәрі майданға аттанған, елдегі ауыр жұмыстың бәріне әйелдер жегілген замананың келбеті бар мұнда. Автор шығармасында сергелдеңі көп уақытта адамгершілігінен айырылмаған адамдардың образын ашады. Бас кейіпкер Жәмиланың күйеуі соғысқа кетіп, ауылда қалған Дәнияр мен Жәмиланың арасында тұтанған сезім ауылға жария болады. Спектакльде табиғатынан өр мінезді Жәмиланының жан дүниесіндегі күйзелісін, сағынышы пен өкінішін Мақпал Маусымбек арқалады. Ол – Сәкен театрына кейіннен келген жас актриса.
– Еркіндік пен сүйіктісінің жан жылуын аңсаған әйел махаббаты ауылдастарына түсініксіз еді. Біреулер оны сатқындық, опасыздық десе, енді біреулер шынайы сүйспеншілік деп түсінді. Олардың қатарында Жәмиланың қайнысы Сейіт те бар. Жәмиланың образын сомдау үшін әуелі шығарманы бірнеше рет оқыдым. Жәмиланың табиғаты таңсық емес. Бас кейіпкерден өзімді көрдім десем де болады. Қоюшы режиссердің де таңдауы маған түсті, – деді Мақпал Маусымбек.
Премьераның қоюшы режиссері Бек Киекбаев бұл қойылымда жаңашылдыққа барынша басымдық бергенін айтты.
– Басқа режиссерлар көрмей, қалтарыста қалып қойған, Шыңғыс Айтматовтың айтпақ болған сөзінің айтылмай қалған, жеткізгісі келген идеясының жетпей қалған тұстарын қолымнан келгенше алып, соны көрсетуге тырыстым. Актерлік құрамды таңдағанда, көбіне жастарды алдым. Менің көрсеткім келгені – соғыстың адамзатқа тигізген ауыртпалығын көрсету еді. Спектакльдің салмағын сөз емес, пластикалық қозғалыс көтереді. Мұндай әдіске кез келген театр бара бермейді. Мұнда актерлердің ептілігі мен шеберлігі керек, – деді Бек Киекбаев.
Тылдағы ауыр жұмысты актерлер түрлі қимылдармен жеткізді. Тіпті, ауылдастардың ішіндегі ызаны да қимылмен сезіндірді. Жәмиланың мұңы да дене қимылымен ақтарылды.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»