ТҮРКСОЙ – түркі тарихы аясында
Түбі бір барша Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ биыл 30 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өтіп жатыр. Осыған орай Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен түрік тілінде жарық көрген В.Козодойдың «Әлихан Бөкейхан – дәуір адамы» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Аталған ресми тұсаукесер рәсіміне Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) хатшысы Санжар Мулазымоглу арнайы қатысып, ұйымның негізгі жұмыстарын атап өтті.
– ТҮРКСОЙ ықпалымен түркі әлемінің ынтымақтастығы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Қазіргі таңда тарихи-мәдени мұраны сақтауға маңызды мән беріліп отыр. Биыл Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) құрылғанына 30 жыл толды міне. Енді осы мерейтойды желеу етіп, барлық бағыттар бойынша жұмысты одан әрі жандандыруға дайынбыз, – деді Санжар Мулазымоглу.
Оның сөзіне сүйенсек, Қазақстан тарапының ұсынысымен 2023 жыл түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ аясында театр және кино актрисасы Бикен Римованың – 100 жылдығы, жазушы Мағжан Жұмабаевтың – 130 жылдығы, қазақ ақыны, әдебиеттанушы, жазушы Мұзафар Әлімбаевтың 100 жылдығы түркі тілдес елдерде кеңінен аталып өтуде.
Сонымен қатар, биыл Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай ТҮРКСОЙ қолдауымен фильм шығару және оны ұйымға мүше мемлекеттер аумағында көрсету де жоспарланған.
Сондай-ақ, ауқымы кең осынау басқосуға Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов және Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Дүйсен Қасейінов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова, Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов қатысты.
Шара барысында көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхан жайлы жазылған кітапқа жергілікті басқару билік өкілдері және шараға жиналған зиялы қауым құттықтау сөз айтып, жылы лебіздерін білдірді. Ал, аймақтың өнерпаздары ән-күймен жиналған қауымға жарқын көңіл күй сыйлап, шараның ажарын кіргізді.
Жан АМАНТАЙ.