Түркияны тамсандырып қайтты
Қарағандылық Әнуар Берік Түркияның Стамбул қаласында өткен Халықаралық «Alash star» ән байқауында гран-при иеленді. Әлемдік деңгейдегі қазылар алқасы жас әншінің дауысына ғана емес, оның талғамына да жоғары баға берді. 7 күнге созылған ән байқауында Әнуар «Гүлстан – Қазақстан» әнін орындап, тыңдарманды таңқалдырды.
Әнуар Берік осының алдында Астанада өткен «Қазақстан дауысы» балалар жобасына қатысып, 6000 үміткердің арасынан ақтық сынға шыққан. Елорда сахнасында «Джаз әлемі» және Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін өзгеше стильде орындаған. Сол кездегі даңқы Түркияға жетіп, «Alash star» байқауына шақыртылған. Стамбулдағы өнер додасына дейін отандық эстраданың жұлдыздары – Жұбаныш Жексен, Толқын Забирова, Бағым Мұхитденовалардан тәлім алған.
Әнуар Берік – 14 жаста. Шахтинск қаласының тұрғыны. Ол 4-сыныптан ән айтады. Жанына рок, джаз стилі жақын. Бұған дейін республикалық деңгейдегі байқауларда жүлде алып, болашағынан үміт күттіретін дарын ретінде танылған. Түркиядан оралған соң Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков сый-құрмет көрсеткен. Әннен бөлек, киноға да түсуге ынталы. Спортта да жетістіктері аз емес екен.
– Халықаралық байқауға бірінші рет қатысуым. Өте керемет әсер алдым. Бәрі жақсы өтті. Болашақта үлкен сахнаны бағындырғым келеді. Қазір жеке репертуарымда екі ән бар, – дейді Әнуар Берік.
Әнуарды ән үйірмесіне апарған анасы Әсем Бейсембекова. Әлі күнге дейін жанынан қалмай, баптап, бағыттап келеді.
– Әр байқауға барған сайын қобалжып, ерекше толқимын. Бағы да, бабы да қатар шапса деген тілегім бар. Балам үшін қуанамын, – дейді әншінің анасы. Әнуардың арманы – асқақ. Әндер жазып, бейнебаян түсірсем дейді. Ересектер арасында өтетін «Қазақстан дауысында» бақ сынағысы келеді екен.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz