Түркиядағы жаттығу қызу
«Шахтер» футбол клубы соңғы оқу-жаттығу жиынын бастап кетті. Түркия елінің Лара қаласында өтіп жатқан жаттығу жиындарына 32 ойыншы және бес жаттықтырушы аттанған. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейінгі жаттығу жиындары елордада өткен болатын. Енді Түркиядан соң Шымкентте өтетін жаттығу жиындарына барады. Негізгі мақсат – бірінші лиганы жеңу.
Бәрімізге мәлім, былтыр жыл соңынан бері клуб сапына біршама жаңа ойыншы қосылған болатын. Осы құраммен Алматы қаласында өтетін кубок ойындарына дайындалуда.
– Әр жаттығуға тыңғылықты дайындалып, күшімізді салып жатырмыз. Маусымға дайындық болған соң тек дене жаттығулары ғана емес, теориялық және психологиялық тұрғыда да дайындық мығым. Жаттығу күніне екі мезгіл өтеді. Әр жаттығудан соң денені қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіземіз, – деді қақпашы Нұралы Нұрғалиев.
Алдағы уақытта бірінші лига командалары арасында іріктеу ойындары өтеді. Егер «Шахтер» барлық ойында жеңсе, маусым басында өтетін жартылай финалдық бәсекеге жолдама алады. Ал, финалда жеңсе – Премьер-Лигаға қайта оралады. Әзірге Бірінші лига командалары арасындағы ойындардың уақыты белгісіз.
Лаура АМАНТАЙ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу
университеті журналистика бөлімінің IV курс студенті
Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан