Түркияда үйінді астында 261 сағат жатқан екі ер адам құтқарылды
26 жастағы Мехмет Али Шакироглу мен 34 жастағы Мұстафа Лафчи жер сілкінісінен 261 сағат өткен соң Антакия қаласының Одабаши ауданындағы қирандылар астынан құтқарылды, деп хабарлайды ortalyq.kz Анадолы сайтына сілтеме жасап.

Антакиядағы Одабаши көшесіндегі үйінділерді тазалаған құтқару тобы қираған үйдің қабырғаларының арасынан екі азаматты құтқарды. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.
6 ақпанда эпицентрі Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Зілзала елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.
Президент Режеп Тайып Ердоған табиғи апат құрбандарына байланысты Түркияда жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.
Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 36,1 мыңнан асты.