Түркия Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Қазақстанның референдумға сапалы дайындалғанын атап өтті
Түркия Республикасы Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Астана қаласындағы №149 сайлау учаскесіне барып, Қазақстанда өтіп жатқан жаңа Конституция бойынша референдум туралы пікір білдірді. Ахмет Йенер ең алдымен Қазақстан халқына сәлем жолдап, Наурыз мейрамының басталуымен тұспа-тұс келген Амал күнімен құттықтады.

«Ең алдымен Қазақстан халқына сәлем жолдаймын. Наурыздың бастауы саналатын Амал күніне орай түрік халқының да ыстық сәлемін жеткізгім келеді. Бүгін Қазақстанда маңызды күн – Конституция бойынша референдум өтуде», – деді ол.
Ол сондай-ақ өзі аралаған сайлау учаскелерінде азаматтардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, дауыс беру процесі жақсы өтіп жатыр, ал учаске қызметкерлері кәсіби дайындықтан өткен.
«Біз барған сайлау учаскелерінде халықтың қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Учаске қызметкерлерінің бізге деген қарым-қатынасы өте жақсы болды. Бұл Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы шамамен 70 мыңға жуық учаске қызметкерін сапалы дайындағанын көрсетеді. Осы ретте ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров пен оның жанындағы қызметкерлерге алғыс айтқым келеді», – деді ол.
Ахмет Йенер сайлау учаскелерінде бақылаушылардың да жұмыс істеп жатқанын айтып, мұны демократияның маңызды белгісі деп бағалады.
«Қазіргі уақытта дауыс беру ашық әрі тыныш жағдайда өтіп жатқанын көріп отырмыз. Біз алған ақпаратқа сәйкес, осы сәтте сайлаушылардың қатысу деңгейі шамамен 40 пайызға жуық. Бұл күн соңына қарай көрсеткіш 70–75 пайыздан жоғары болуы мүмкін екенін білдіреді», – деді ол.
Түркия Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы сондай-ақ Қазақстан мен Түркиядағы сайлау жүйелерін салыстырып, екі елдегі тәжірибенің көп жағынан ұқсас екенін атап өтті.
«Әр елдің сайлау жүйесі өз ерекшелігіне қарай қалыптасады. Дегенмен жалпы алғанда екі елдегі сайлау тәжірибесінің шамамен 70 пайызы ұқсас. Мысалы, мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға дауыс беру үшін белгілі бір уақыттан кейін үйлеріне барып, дауыс беру мүмкіндігі жасалады. Түркияда да осындай тәжірибе бар, бізде жылжымалы сайлау жәшіктері қолданылады. Сонымен қатар көру қабілеті нашар азаматтарға арналған арнайы траферет екі елде де бар», – деді Ахмет Йенер.
Оның айтуынша, кейбір техникалық айырмашылықтар сайлаушыларды тіркеу жүйесінде ғана кездеседі. Бұл әр мемлекеттің өз заңнамасы мен жағдайына байланысты қалыпты құбылыс екенін атап өтті.
Ахмет Йенер референдум нәтижелері Қазақстан халқы мен елдегі демократиялық үдерістер үшін пайдалы болады деген сенім білдірді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



