Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері Қарағандыда тәжірибе алмасты
Республикалық «Айғақ» газеті және телеарнасының журналистері, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының журналистері ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай Қарағанды облысына арнайы ат басын бұрды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері 15 күндік сапары аясында 9 өңірді аралайды.
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистика Академиясының академигі Дулат Әбіш бастаған делегация құрамында Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еркін Ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев, Қазақстанның құрметті журналисі, «Алғабас», «Шаян» газеттерінің құрылтайшысы Абзал Әділбеков, «Muzbalaq.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Базаркүл Қалбыр бар. Сондай-ақ «Бекет» газетінің бас редакторы, блогер Сафуан Өтебаев, «Айғақ» телеарнасының редакторы Арайлым Әбсағат та делегация құрамында болып, Арқа жеріне ат басын бұрды.
Қаламы қарымды журналистер Қарағанды облысына сапары аясында алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков зиратына барып, баба рухына құран бағыштады.
Кеншілер шаһарының кең көшелерін тілге тиек еткен журналистер, қаланың көңілге көрік сыйлайтын көркем жерлеріне сүйсінгенін атап өтті.
Іссапар соңында түркістандық делегация «Saryarqa aqparat» медиахолдингі «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұжымымен кездесті. Медиахолдинг директоры Қайрат Жүнісұлы сөзінде бұл сапар Абай мұрасына деген құрметтің нақты көрінісі екенін атады.
–Сіздерді Арқа жерінде көргенімізге қуаныштымыз. Бұл – жай ғана сапар емес, бұл – ел тарихына деген терең ілтипат. Абай мұрасына деген құрмет пен ғұламаның тағылымын ұрпақ санасына сіңіру жолындағы маңызды рухани міндет. Өңірге сапар аясында киелі орындарға тағзым етіп, мәдени ошақтарды аралап, зиялы қауым өкілдерімен жүздестіңіздер. Әріптестер арасындағы кездесу – ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби біліктілігі мен бірлігін арттыруға сеп, – деді Қайрат Әбілда.
Кездесуде елімізде алғаш тәуелсіз газет ашып, журналистика саласында өзіндік қолтаңба қалдырған Дулат Әбіш Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы елшісінің шақыруымен Вашингтон, Нью-Йорк, Сан-Франциско қалаларында ресми делегацияның құрамында болғандағы тәжірибесімен бөлісті. Іскерлігі мен еңбексүйгіштігі нәтижесінде журналистік және депутаттық қызметтерді біліктілікпен үйлестіріп жүрген ол журналистердің қоғам алдындағы мәртебесі жайлы әңгіме қозғады.
«Muzbalaq.kz» ақпараттық порталының бас редакторы Базаркүл Қалбыр оқыған «Бір түйір нан» өлеңі көпшіліктің көңілін сүйсінтті.
Кездесуде «Еркін Ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев 2024 жылы АҚШ-тың Далластағы Техас университеті жанындағы байқауда «Жыл журналисі» атағын иеленген сәтіндегі ерекше әсерімен бөлісті.
–АҚШ-тан арнайы келген философия ғылымдарының докторы, профессор, ақын Джеке Маринай қаламы қарымды, өз мүддесінен ұлт мүддесін жоғары қоятын кәсіби мамандардың бағаланатынын атап өтті. Марапаттың басымдығы ақиқат пен әлеуметтік әділеттілікке деген адалдық үшін, сондай-ақ журналистиканы демократия мен қоғамдық пікірталастың іргетасына айналдырып, әлемдегі ең маңызды оқиғаларға дер кезінде назар аударғандарға берілетіндігінде, – деп атап өтті Балтабек Түйетаев.
Кездесуде «Ortalyq Qazaqstan» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Қызғалдақ Айтжанова оңтүстіктен арнайы келген әріптестерімізге алғыс білдіріп, екіжақты меморандум аясында тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыруға ұсыныс білдірді.
«Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ғимаратында өткен достық кездесуде бүгінгі БАҚ мәселелері, әріптестік қарым-қатынас көкжиектері туралы әңгіме өрбіді.
Мың шақырым алыстан келген меймандарға ардақты ақын Серік Ақсұңқарұлының үш томдық шығармалар жинағын тарту етіліп, сый-сияпат жасалды.
Әріптестер алдағы уақытта шығармашылық шабыт, сарқылмас қуат, кәсіби табыс, жолында бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси дамуына ерекше үлес қосып келе жатқан әріптестеріміздің келесі аялдамасы – Ұлытау облысы.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz