Түркі әлемінің феномені
Жаратушы назары түскен халыққа пайғамбардай бір ұл береді. Мұндай перзенттің жүрегі еліне қараңғы түнекте жарық шашатын алауға айналады. Әлем әуелден зұлымдық пен ізгілікке бөлінген. Тең жартысы аққа, тең жартысы қараға боялған. Бір ғасырда бір туатын ұлы көшбасшылар, рухани көсемдер, күрескерлер, қайраткерлер тепе-теңдікті сақтаушы күштің рөлін атқарады. Олар болмаса, әлем баяғыда-ақ хаосқа ұшырар ма еді?! Осы тұста «Жер бетінде ақырғы әулие өлген күні, ақырзаман келеді» деген тәмсіл еске түседі. Әлемде жұртын еркіндікке жеткізу жолында аянбаған, сол дүмпуімен, үнімен өз елін ғана емес, жер шарының езгі көрген басқа да қауымын оятқан рухы ерек жаратылған тұлғалар бар. Олардың аруақты сөздері азаттықты қастерлеген халықтардың ұранына айналған. Әлихан Бөкейхан да сол төрде.

Қазақтың классик жазушысы Мұхтар Мағауин «Аруақ жоқ болса, қазақ та жоқ» деген сөзі бар. Аузы дуалы ақсақалдар «аруақтар Жаратушыдан осы Ел ананың, Атажұрттың тілеуін тілейді. Сол тілеулеріне қарай Жаратқан осы елдің қамалы болуға жарайтын жүрегі түкті, айдарлы ерлерді нәсіп етеді» деген әңгімелерді айтып отыратын. Мұхтар Мағауин тағы да «Жан – Алланың, жазу – аруақтың аманаты» деп жазады. Бұл жерде «жазу» деген сөздің мағынасы терең. Ұлт көсемінің тұлғасын өзімізше ашу үшін осы сөздің тереңіне үңілу керек деп ойлаймыз. Ақсақалдар «Ер ел үшін туады. Ердің әуелгі мұраты – елді сақтау» деп отыратын. Әр адам жарық жалғанға өз миссиясын арқалап туады. Әлихан Бөкейханның аруақтан аманаттап алған қасиетті миссиясы – қазақтың баласын азаттыққа жеткізу еді, көсегесін көгертіп, шаңырағын биіктету еді.
Ал, ол Аманат кімдерден жетті? Осыған жан назарын бұрмасқа болмас. Ата тегі адамзат тарихындағы ұлы жиһангерлердің бірі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Арғы атасы – атақты Барақ сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей – осы Барақ сұлтанның баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед, Нұрмұхамедтен Әлихан туады. Әлихан бабамыздың шежіресін оқып отырып, арқамыз шымырлап, бойыңызға алапат күштің сарқыты дарығандай күй кешеміз. Әлихан Бөкейхан – әлемнің тепе-теңдігін сақтаған дала данышпандары және жауынгер көшпелілерді ұлы ұлысқа айналдырған Хан тегінің соңғы қуатты толқыны еді. Сол толқын бодандықтың қабырғасын сетінетті.
Бабамыздың «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген сөзін бүгінде «Елім» деген ерлер жүрегінің төріне Күн етіп орнатып, үйінің төріне жарқыратып іліп қойған. Бұл – ұлтты ұйыстыра алатын сәулелі сөз. Әлихан Бөкейхан – империя құрған, төрт тарабына әмірі жүрген, ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс болған баһадүр бабаларынан жеткен аманатқа адал болды. Сол жолда тәуекелге бел буып, ғұмырын арнады.
Әлихан Бөкейханның қазаққа сіңірген еңбегі турасында топ-том кітап жазылды. Әлі де зерттеушілердің назарына ілікпеген ғұмырының жарық түспеген тұстары баршылық. Өйткені, ол бір өзі тұтас ғасырға айналған заңғар тұлға. Ол – қазақ үшін ұлт-азаттық Алаш қозғалысының көсемі, көрнекті мемлекет қайраткері, журналист, көсемсөзші, аудармашы, жан-жақты энциклопедист ғалым.
Әлихан Бөкейхан – қазақ халқының ғана емес, тұтас Түркі халықтары үшін аласармас асқар, қайталанбас феномен. Үндістан британ отаршылдығынан азат ету қозғалысының көшбасшысы болған, зорлық-зомбылықсыз күрес идеясын бүкіл әлемге таратқан Махатма Гандиін, Оңтүстік Африка халқы «апартеидке қарсы күрестің» символы, 27 жыл түрмеде отырып, кейін елдің тұңғыш қара нәсілді президенті болған Нэлсон Манделасын, АҚШ тәуелсіздігіне жол ашқан ұлттық қаһарманы Джордж Вашингтонын, Түркия халқы Республиканың негізін қалап, елді жаңғыртқан Мұстафа Кемал Ататүрікті, Оңтүстік Америка жұрты құрлықтағы Испания отаршылдығын тыйып, Венесуэла, Колумбия, Боливия, Эквадор тәуелсіздігіне ықпал еткен Симон Боливарды төбесіне тұтады. Бұлар – кейінгі ғасырларда жер бетіне әділеттің орнауы үшін арпалысқан қаһармандар. Тізе берсек, әділет үшін шырылдаған, ізгілікке бастайтын идеяларды қолдаған халықтардың қаһарманына айналған өжет ұлдар жетерлік. Әлихан Бөкейхан ше? Ол – мыңжылдықтар бойы найзасы көк тіреген түркі қағанатының, құрлықты тітіренткен көшпелі жұрттың жаңа дәуірге қадам басқан ұрпағына шырақ алып келген ағартушы қаһарман бола алды. Алағай мен бұлағайда, жар шетінде тұрған жұрттың бағына туған көсем!
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»



