Басты тақырыпРухани жаңғыру

Түріктің түңІлігін әнмен түрген

    Қараша айының 29-30 жұлдыздарында Түркияның Ыстамбұл, Анкара қалаларында әнші, композитор Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай халықаралық  дәрежедегі рухани шара өтті.

Түркі халқының ата жұрты Қазақтың Сарыарқасында дүниеге келген әнші-композитор, ақын Әсет Найманбайұлы – исі түркі әлеміне ортақ тұлға. Түркі жұртының ұлы санатшыларының сарындарын тыңдағанда санамызға сақи заманның сағынышы, құмбыл тарихтың құба белдерінен талып жеткен бабалар аңсарын іздейтініміз сондықтан шығар. Қазақ әншілері мен түрік санатшыларының өнеріндегі үйлесімділік, рухани үндестік, туыстықтың сыры да бабалар қанымен, аманатымен келген қасиет пе деп ойлаймыз.

Қарашаның соңғы күндері… Түрік елінің  аспанында Алаш әні асқақтап тұрды.       Жалпы, Түркі халқының мәдени кеңістігі ән әлемімен етене жақын. Қазақ халқы сияқты түріктердің дүние есігін ашқан сәттен бұ дүниемен қош айтысар сәтіне дейін орындалатын барлық әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі әнмен әрленіп, сазбен көмкерілген. Қазіргі заманда да түрік ән өнерінің шетел асып, танымал болуына түрік сазының түбі терең тамыры себеп болып отыр.

Қазақта дәстүрлі әндер сабақтастығы осы күнге дейін қалай дамыса, дәл солай түрік халқының «ТҮРКҮ» (TÜRKÜ) сөйлеу (‘söylemek’ – қазақ тіліндегі «сөйлемек» етістігі түрік тілінде «ән айту» деген мағынаны білдіреді) дәстүрін ерекше атап айтқан жөн. Түркүні, дәл қазақтың дәстүрлі әні сияқты, дауысқа ғана салмай, ең бастысы жүрекпен, шын көңілмен айту ләзім. Ескіден түркү ғашықтардың сезімін білдіру үшін, туған жер, ел, ағайын-туысқа деген көңілді, пәлсапалық толғаныстарды баяндау үшін орындайды. Сонымен қатар, халық арасында ТҮРКҮ жанға ем, шипа ретінде де қолданылған. Адамға көңіл айту, халдегі адамды жұбату, сағынышты басу – мұның бәрі ТҮРКҮНІҢ магиялық сипатын айқындайды.

Соның ішінде тарихта ізін қалдырған танымал түркі санатшылары да аз емес. Мәселен, Абдурахман Қызылай, Ахмет Сезгин, Ариф Шентүрк, Байрам Араджы, Мухаррем Ерташ және ұлы Нэшет Ерташ сынды бірталай түрік халық санатшыларының есімдері белгілі.

Әуелі әлемдегі ең алып шаһарлардың бірі көне һәм жаңа Ыстамбұлда,  келесі күні ресми астана Анкара қаласында қазақтың әйгілі әншісі Әсет Найманбайұлының халықаралық дәрежедегі конференциясы өтті. 29 қарашада Ыстамбұл шаһарындағы қазақтар көп шоғырланған Зейтінбұрын ауданындағы мәдениет үйінде өткен рухани шараға келгендердің шоғыры көп болды. Сонау Үрдін (Иордания) елінен  Ыстамбұл қаласына қоныс аударған Салық ақсақал Әсет кешіне түгел отбасымен келіпті. Арғы тегі Кіші жүз Адай болып келетін Салық ақсақал нағыз батыр адам екен. Келген күні Қазақстаннан келген бауырларын үйінде қонақ қылып, қазақы дәстүрмен алдымызға дәм тартқан. Сол күні  Салық қазақтың аңыз­ға бергісіз әңгімесін тыңдағанбыз. Ол бөлек әңгіме. Сонымен, Зейтін бұрында өткен Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына  арналған рухани шара өте биік деңгейде өтті. Кеш мазмұнына, тек, ғылыми конференция деп айдар тағу, бір жақты болар еді. Делегация құрамында ғалымдармен қатар, әнші – өнерпаздардың, ақын-жазушылардың, тарихшы-заңгерлердің болуы кеш мазмұнын барынша қоюлата түсті.

Кешті  Ыстамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы Еркебұлан Сапиев сөз сөйлеп ашып берді. Қазақстан Тәуелсіздігін алғашқы таныған елдер қатарында бауырлас Түркия елінің тұрғандығын жақсы білеміз. Алаш халқының Азаттық алғанына да, міне, ширек ғасырдан астам уақыт болыпты. Осынау жылдар бедерінде туысқан екі халық, тек, саяси-экономикалық тұрғыдан ғана емес, рухани-мәдени бағытта да қыруар жұмыстар атқарғаны белгілі. Соның бірі түркітілдес халықтардың тарихы мен мәдениетін бір шаңырақ астына топтастырып, жалпы Түрік руханиятының орталығын ашу болатын. Бұл сапардың да «ТҮРКСОЙ» ұйымының шақыруынан, қолдауынан туындап отырғанын айтып өткен ләзім. «ТҮРКСОЙ»-дағы Қазақстан өкілі Асқар Тұрғанбаев аталмыш кездесудің барлық жоспарын тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырып қойыпты. Ыстамбұлдағы  Қазақ білім беру және зерттеу қоғамының президенті Серкан Дінчтүрк, тарихшы, профессор Әбдуақап Қара, Қазақстаннан барған талантты ақын Ғалым Жайлыбай бұлбұл көмей әнші Әсет Найманбайұлының түркі дүниесінде алар орнын айтып, ізгі тілектерін білдірді.  Алаштың талантты ақыны  Серік Ақсұңқарұлы Көк Тәңірі, Көк бөрі, Көк Түріктер заманынан сөз қозғай келіп, өзінің әйгілі «Қасқырдың монологы» жырын оқығанда залдағы халық дүр сілкініп, бір рухтанып қалған. Мұнан кейін ҚарМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Камашке Дәулетқанұлы «Әсет – Түркі жұртына ортақ тұлға» тақырыбында ғылыми баяндама жасады. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бибіғайша Темірбаеваның «Әсет шығармашылығының өміршеңдік мұраты» атты ғылыми баяндамасын тыңдаушылар жылы қабылдады. Бұл жерде сөйлеген сөз бен ғылыми баяндамаларды түркі тіліне мазмұн, мағынасын бұзбай аударып отырған профессор, ғалым Әбдуақап Қараның шеберлігіне еріксіз тәнті болдық.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-сазгер Амантай Жұмашев, Астана филармониясының әншісі Нұрай Танабаев, күйші Ержан Арқабай, айтыс ақыны Бекарыс Нұриман сияқты өнерпаздар кеш барысында өз өнерлерімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, Әсет туған киелі Ақтоғай топырағының төл перзенттері Амантай мен Нұрайдың өнері қазақ әнінің абыройын түрік аспанында асқақтата түскені үлкен мерей болды. Әсеттің «Қысмет», «Інжу-маржан», «Қоңыр қаз» әндерімен қатар, Шәмші әндерінің шырқалуы ұлы өнер сабақтастығының сарқылмас бұлақ екендігін танытты.

Келесі күні, қарашаның 30 жұлдызында әнші-сазгер, ақын Әсет Найманбайұлының түрік елінде өткен шығармашылық кеші ресми астана Анкара қаласында одан әрі жалғасты.  «ТҮРКСОЙ-дың» штаб пәтерінде өткен бұл шараға Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Етимесгут ауданы мэрінің орынбасары Аладдин Сонат қатысып, Әсет өнерінің бүгінгі ұрпаққа қажеттілігі мен туысқан екі ел үшін рухани маңыздылығына тоқталды.

Анкарадағы кездесу кеші үлкен салтанатпен өтті. Ыстамбұлда халық қошеметіне бөленген қазақстандық өнерпаздардың бойлары үйренген бе, тіптен арқаланып алыпты. Шешендер шешіле сөйлеп, әншілер асқатата ән салды. Бұл кездесудің бір ерекшелігі Әлемдегі бауырлас түркі халықтарының біраз өкілдерінің бас қосуы дер едік. «ТҮРКСОЙ-дың» шаңырағында түркі тектес мемлекет өкілдерінің болуы, сондай-ақ, Анкарадағы елшіліктерден келген азаматтар Әсет әндерін тыңдап бір жырғап қалды.

Кеш соңында сөйлеген Әсет ақынның ұрпағы, осы сапардың рухани һәм қаржылық демеушісі,  белгілі заңгер-тарихшы Бақытбек Сыздықов Түркиядағы Қазақстан елшілігіне, «ТҮРКСОЙ» ұйымы басшылығына алғысын білдіріп, Абзал Сапарбекұлы мен Дүйсен Қасейіновті, түрік азаматы Аладдин Сонат мырзаларды  Әсет Найманбайұлының 150 жылдық мерейтойына арнайы шығарылған мерекелік медальдармен марапаттап, келген қонақтарға қазақы дәстүр бойынша кәдесыйлар таратты.

Түріктің түңілігін әнмен түрген Әсет рухы тым-тым биікте асқақтап тұрды. Әсет түркі дүниесіне ортақ тұлға деуіміздің осындай сыры бар еді. Қазақтың әргі-бергі тарихында Әсеттей дүлдүл ақын, бұлбұл көмей әншілер аз болмаған. Дегенмен де, екінің бірі егіздің сыңарына ырық бере қоймайтын Әсеттің кең тынысты, асқақ әндерін тыңдағанда еріксіз таңдай қағасың! ХХ ғасырдың 70 жылдары жасы тоқсаннан асқан, әнші-композитор Кенен Әзірбаев: «Әміренің әншілігі Әсетке жете қабылдау еді» деп айтып отырады екен. Бұл – нақты дерек. Мұны өз құлағымен естіген адамдар ортамызда әлі бар. Кенен әншінің бұлай деуі заңдылық. Өйткені, Кененнің Әсет пен Әміренің әндерін өз құлағымен естуі әбден кәдік,  естімеген күнде жас кезінде қариялардан, ел жақсылары айтқан пікірге жүгінуі бек мүмкін. «Ән салсаң, Әсеттей сал әуелетіп» деген Айбоз әншінің сөзі санамызда тағы бір жаңғырды. Сапар сәтті болды. Астана топырағына табанымыз тигенде Арқаның ақшулан аязы кәріне мініп, шаңғытып тұр екен. Әсеттің «Қысметі» сияқты…

Қойлыбай АСАНҰЛЫ.

Астана – Ыстамбұл – Анкара –

Қарағанды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button