Төрге оздырған төл теңге
1993 жылғы 15 қарашада Ұлттық валюта – теңгенің қолданысқа енгізілуіне байланысты Қазақстанның қаржылық тарихында жаңа парақ ашылды. Бұл қадам – қаржы нарығын қалыптастырудың және елдің тәуелсіз ақша-несие саясатын жүргізу жолының алғашқы бастамасы. Кез келген елдің тарихында бір ақ рет қана болатын оқиғадан кейін «теңге» егемен елдің Ұлттық валютасы ретінде өзінің жолын бастады. Сол кезде жас әрі тәуелсіз елдің азаматтары алғаш рет төл теңгенің тұңғыш купюраларын қолдарына алған күннен бері қанша жыл өтсе де, теңге әлі күнге дейін әлем елдерінің банкноттарымен салыстырғанда өзінің құндылығын жойған емес. Дизайны жылдар бойы жасалған өзге елдердің ақшаларымен салыстырғанда, небары жарты жылдың ішінде дайын болып, көркемдігі жағынан ең жоғары халықаралық наградаларға ие болған теңгенің әлемдегі ең қорғалған валюталардың бірі екенін де айту керек.
Теңге атауының қалай пайда болғанын және оның тарихын бүгінде әр қазақстандық білетініне кәміл сенімдіміз. Аға буын алғаш қолданысқа енгізілген қағаз тиын мен қазақтың ұлы тұлғаларының бейнесі бар купюраларды жақсы біледі. Әл-Фараби мен Әбілқайырдың, Сүйінбай мен Құрманғазының, Шоқан мен Абайдың бейнесі бар Ұлттық валюта – теңгені қолына алып, кеудесіндегі қуаныш сезімін жасыра алмай, ерекше сезімде болғаны анық. Аумалы-төкпелі кезеңде дүниеге келіп, қиындықпен қол жеткізген теңгенің әр қазақстандық үшін қастерлі болуы кейінгі ұрпақ үшін – міндет.
Сол кезде Ресейде өзінің ақша реформасын жүргізуі Қазақстанның экономикасына үлкен соққы болды. Әлбетте, осындай жағдайдан кейін теңгені енгізу күрделі операция болғаны анық. Тарихи деректер оған дайындық 1991 жылы басталғанын көрсетеді. Ал, жылдам әрекет етпесе, таразы басында – халықтың әл-ауқаты.
Теңгенің дизайнын жасау жөніндегі шығармашылық топқа Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов кірді. Мәселен, ағылшын фунтының дизайны алты жыл қатарынан жасалса, теңге небары жарты жылда дайын болды.
Өз фабрикасының болмауына байланысты алғашқы купюралары 400 жылдық тарихы бар Ұлыбританияның «Harrison & Sons Ltd» компаниясында басылды. Бүкіл мемлекеттің валютасындағы жұмысы үшін қазақстандық теңге дәл осы компанияға «ІІ Елизавета» сыйлығын алып берді. Бұл да теңгенің үлкен жетістігінің бірі.
Көп ұзамай теңге өз елімізде басыла бастады. Яғни, 1995 жылы 19 мамырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Банкнот фабрикасының ресми ашылуын өткізді. Сол жылы 83 миллионнан астам банкнот шығарылды, ал бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнот фабрикасының өнімділігі жобалық қуаттылыққа жақындады.
Теңге купюралары әр кезде толығып отырды. Атап айтқанда, инфляция мен теңгенің құнсыздануына байланысты номиналы жоғары банкноттарды шығару қажеттілігі туындады. 2003 жылғы маусымда Ұлттық валюта сериясы 10 мың теңгелік купюрамен толықтырылды. Ал, 20 мың теңгелік ең үлкен купюра 2016 жылғы қарашада қолданысқа енгізілді.
Теңгенің құндылығы – оның бағамында емес, тарихында. Қазақстандық теңге дәл соған лайық. Себебі, қиын-қыстау кезеңде шұғыл дайындалып, басты бәйгеге тігіп, құпия түрде өзге елден ұшақпен тасылмалдануының өзі көп нәрсені аңғартады. Ал, тоқсаныншы жылдардың тоқырауына төтеп беріп, тәуекелмен Ұлттық валюта – теңгені шығаруды қолға алу ерлікпен пара пар.
Одан бөлек, Қазақстанның Ұлттық валютасының банкноттары ең жоғары халықаралық наградаларға ие болғанын жоғарыда айттық. Мәселен, үш жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныс элементтері саласындағы бірегей дизайны мен эксклюзивті шешімдері үшін International Bank Note Society нұсқасы бойынша әлемде үздік деп танылды. Бұл 1961 жылдан бері есеп жүргізіп келе жатқан осы ұйымның тарихында алғаш рет болды. Сондай-ақ, әлемдегі ең үздік, қорғалған және әдемі банкноттардың бірі ретінде 6 марапатқа ие. 2007 жылы Бангкокта Optiks элементі бар 10 000 теңге номиналы үшін «Үздік жаңа банкнот» номинациясы бойынша бірінші орын берілді. Ал, 2008 жылы Ұлттық валютаның 15 жылдығына арналған 5000 теңге банкнотындағы қорғаныс элементі үздік деп танылды.
Қазір теңге номиналдарына көзіміз үйренген. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» дейді қазақ. Солай да болар. Бірақ, Ресейдің жүргізген ақша реформасының салдарынан рубль құнсызданып, халық абдырап қалған кезде, теңгенің пайда болуы Тәуелсіз елдің халқы ретінде алдағы күнге деген үлкен сенімділік бергені рас. Теңгенің алғашқы номиналдарын қолына алғанда еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін бөркін аспанға ата қуанып, тарихи сәттің алғашқы куәгерлері болғаны үшін көкіректе әлі күнге дейін қуаныш бар.
Теңгенің әр номиналын қолға ұстаған сол кездегі сәтке қайта оралғандай ерекше сезімде болуымыздың сыры да осында…
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz