Төре сөздің төрі сенсің, «Орталық!»
«Орталық» – халықтың жүрегінен шыққан бір ауыз сөз. Асылы, атау емес – даңғайыр дәуірдің тынысы, өңір мен өмірдің жүрек лүпілі. Басылым 94 жасқа толмақ. Қара сөздің қадірін білетін жұрт үшін, таптырмас талғам егесі, аяулы оқырман үшін «Ortalyq Qazaqstan» – газет қана емес, елдің естелігі, уақыттың үні, ұлттың жады. Ғасырға бет түзеген бұл басылым – мұңайғанның мұңын айтып, үміт еткеннің үмітін оятып, ақиқаттың алдаспанындай жарқылдап келе жатқан рухани мінбер, қарашаңырақ.

Газет алғаш рет ХХ ғасырдың бас шенінде жарық көріп, кеңес дәуірінің аласапыран уақыты мен егемендікке бет бұрған өтпелі кезеңдерде өңірдің айнасы бола білді. Әсілінде, жаңалық жаршысы ғана емес, сонымен қатар, ұлттық идеяны насихаттаған, қазақы рухты сақтаған, оқырманға ой салып, қоғамға бағыт берген құнды рухани алаң! Арқа алабының байырдан бергі өрнекті өмірі газет бетінен бірінші болып көрініс тапты. Аға басылым еңбек адамының жарықшақтанған үнін естіртті. Ауылдың тыныс-тіршілігін тамыршыдай тап басты. Әуелден бүгінге дейін ұлт руханиятының шашақты шамшырағына айналды.
Бүгінде «Ortalyq Qazaqstan» – Қарағанды облысының ақпараттық кеңістігінде сенімді серікке айналған бас басылым. Газет тек қағаз жүзінде ғана емес, онлайн форматта да өз оқырманын тауып, жаңаша тыныс алуда. Сандық трансформацияға сай бейімделіп, әлеуметтік желілер арқылы тың аудиторияны бауырына басып, баурап келеді. Газет журналистері – ізденістің адамы, әлеумет үнін дөп басатын сарапшы, шынайы дерекке сүйенген кәсіби маман. Олар үшін шындық – ең басты құндылық, ал, мәртебелі оқырман сенімі – ең биік марапат.
Алда – жаңа дәуір, тың міндеттер. Аласұрған ақпарат ағыны тасыған заманда шындықтың үні жиірек тұншығып, жарнама жаңғырығы ұрымтал ұранның шылауында кетіп жатқан тұста, «Ortalyq Qazaqstan» – уақыт кереуенінің алдынан көлденең келген кертөбеліндей. «Орталық» – жаңалықтың жаршысы, алдаспан ақиқаттың жоқшысы, өткеннің үні, болашақтың арқауы. Сапалы контентке сұраныс – қоғам санасының сергектігінің белгісі. Соның алғы шебінде тұрып, сертін терең сезінген үнжария – шежірелі өлкенің шынайы тарихын ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келеді. Газет – бір күндік өмір емес. Қайта дәуір тылсымын зерделейтін, ұлт рухын уақыттың зерлі сандығында жоғалтпай, шашау шығармай сақтайтын қор. Және келер ұрпаққа қалатын мәйекті мұра. Мұраны сақтау редакцияның ғана емес, тұтас қоғамның борышы. Газетке жан бітіретін – оқырман. Оқырманмен бірге газет те өмір сүреді. Себебі, әр мақаланың артында – адам тағдыры, әр жолдың астарында – ел тағдыры жатыр. Байырқалы басылымның туған күні – барша қарағандылықтар үшін ортақ қуаныш, мақтаныш күні. Ендеше, мереке құтты болсын, қасиетті қалам иелері! Төл басылымның мәртебесі биіктей берсін, ұлт рухын ұлықтаған ұлағатты жолы жалғасын тапсын!
***
Уа, қағазға қан мен терін қат-қабат сіңдірген киелі сөздің шежіресі! Жалт еткен жалғанмен жарысып, тағдырмен тартысқан қасиетті үнжария! Сен – халық жүрегінің дүрсілі, болмыс пен болашақтың бірлігісің. Сен – даланың жыры, бабалар аманаты, рухтың надандықтың қақ кеудесіне тік шаншылған найзасысың! Қапас түнектен шындықтың шырағын жаққан, қаламын қылыш еткен, сөзін семсер еткен, журналистің жанқиярлық жолы – сенің жон арқаңда жазулы. Әр сөзің – қымбат жәдігер. Көк аспан куә. Сен сүрінбедің, сен мүдірмедің. Ақиқатты ардақтап, халықтың үнін биікке көтердің! Туған күніңмен, «Ortalyq Qazaqstan!».
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»