Төрдің сәні – төл рәміздер
Рәміз – елдің жаны, Туы – ары, Елтаңба – тарихтың табы, ал Әнұран – ұлт жүрегінің үні. Әр халықтың қадір тұтқан байрағы, елдігін әйгілейтін таңбасы, рухын тербейтін сарыны болады. Қарға тамырлы қазақтың сан ғасырлық тарихына көз жүгіртсең, қай кезеңде де «Тудан айырылу» – тәуелсіздіктен айырылумен бірдей болған. Қазыналы қарттардың «Туың жығылмасын!» деп бата беруі де содан болса керек. Ел намысы сынға түскен сәтте ту ұстаған батыр жығылса, мысы басылып, ал, Ту желбіресе, рухы асқақтаған. Бүгінгі Көк Туымыздағы күнді құшқан қыранымыз да, шаңырақ қасиетіне негізделген Елтаңбамыз бен жүрек тербейтін Әнұранымыз да – қазақтың терең тарихын, ел мұратын, азаттықтан нәр алған арманын бейнелейді. Рәміздеріміз – Көк түріктерден жеткен кие, Абылай ханнан қалған аманат, Тәуелсіздіктің тұмары.

Тәуелсіздікке қол жетіп, дербес даму жолына түскелі 34 жыл болса, Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 33 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында рәміздеріміз өзгерістермен толығып отырды.
Атап айтсақ, Елтаңбаның төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазудың екі шетіндегі арыстан мен бөрінің бейнесі кейінгі өзгерістер кезінде қосылған. Ал, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру мақсатында 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап, елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латынша «QAZAQSTAN» деп өзгертілді.
Көк Ту – көк түріктерден қалған рухани мұра. Түрік қағандары көк аспанды Тәңірге балаған. Сондықтан да, көк түс қасиетті түс саналған. Бүгінгі Қазақстанның Мемлекеттік Туының көк түсі – сол рухани сабақтастықтың куәсі.
Ту авторы Шәкен Ниязбековтің айтуынша, алғашында тудағы Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейтін сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер алғашында қызыл түсті болыпты. Кейін ол алтын түспен ауыстырылып, күн мен қыран құсты дәл ортаға орналастыру ұйғарылған. Қазір осы өзгерістердің арқасында Туымыз әлемдегі ең тартымды әрі мағыналы тулар қатарына жатады екен.
Мемлекеттік Әнұран да екі рет ауысыпты. Алғашқы 1992 жылы қабылданған әнұранның жаттауға ыңғайсыз әрі мәтіні күрделі екендігі айтылып жүрсе, 2000 жылдары Әнұранды ауыстыру туралы пікір ашық айтыла бастапты. 2006 жылы қазіргі Әнұран бекітілді. Бұл туындының алғаш рет тың игеруге байланысты Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің бірігіп жазғаны белгілі. Кейін мәтініне Тұңғыш Президент түзету енгізіп, бекітілді.
Францияның «Марсельезасы» – төңкерістің, күрестің әнұраны, ал Германияның әнұраны елдің бірлігіне үн қатса, Қазақстанның Әнұраны – елдік пен еркіндіктің, бейбітшілік пен берекенің жыры, қазақтың жүрегінен шыққан үн.
Ал, Елтаңбамыздың ортасындағы шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақтың біртұтастығын білдіреді. Мұндай рәміз басқа елдердің елтаңбаларында сирек кездеседі. Қазақ Елтаңбасындағы шаңырақ, уық, пырақ, жұлдыз сияқты элементтер – көшпенді мәдениетіміздің, тарихымыздың және дүниетанымымыздың көркем көрінісі.
Әлем елдерінің рәміздері әр ұлттың тағдыры мен тарихының көрінісі десек, қазақ рәміздерінің тамыры да тереңде жатыр. Ол Көк Түріктерден бастау алып, қазақ хандығы мен «Алашорда» тұсында тағдырдың тезінен өтіп, Тәуелсіздікпен ұласып, Мәңгілік Ел идеясымен биіктеп келеді. Ендеше, Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері – ұлттық болмыстың көрінісі, тарихи жадымыздың жалғасы, ұрпаққа аманат болатын мемлекетіміздің символы, елдігіміздің төлқұжаты!
Ту – көгіміздің тынысы. Әнұран – жанымыздың дауысы. Елтаңба – еңсеміздің тік болмысы.
Көк Ту мәңгі желбіреп, Әнұран – мәңгі шырқалсын! Елтаңба –мәңгі жарқырап тұрсын! Бұл – біздің тілегіміз емес, сертіміз!
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»