Төрде – еңбек адамы

Еңбек адамы қашан да құрметке лайық. Алғыс айту күні мерекесінде де от пен судың, өлім мен өмірдің ортасында жүрген бір топ жанның еңбегі еленді. Бұл күні құтқарушылар, дәрігерлер мен кеншілер, өзгенің қиындығын өзімдікі деп білген еріктілер, аптап ыстықта, саршұнақ аязда көшеде жүретін коммуналдық қызмет жұмыскерлері төрге озды.

Қарағандыдағы «Достық үйінде» өткен салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов еңбек адамдарының қоғамдағы роліне жоғары баға берді.

– Бірінші кезекте біздің ардагерлерімізге өскелең ұрпаққа берген баға жетпес тәжірибесі үшін алғыс айтамын. Кеншілерге, металлургтерге, құтқарушыларға, дәрігерлерге – батылдығы мен ерен еңбегі үшін, жастарға – ыстық қайраты үшін, еріктілерге – мейірімі үшін ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің мүшелеріне біздің қоғамда бейбітшілік, тыныштық пен тәртіп орнауына көп күш жұмсағаны үшін алғыс айтамын. Олар үнсіз, жарнамасыз үлкен істер атқарды. Менің ойымша, бұл – нағыз патриотизм, – деді Ербол Шымкентбайұлы.

Салтанатты жиында отыз­ға жуық адам Алғыс хат алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» төсбелгісін өңіріне жарқырата тақты. Құрметке бөленгендердің қатарында апаттар медицинасы орталығының жедел әрекет ету бригадасының дәрігері Алмагүл Алдабекова да бар.

Дәрігер қазақстандық құтқарушылар делегациясының құрамында зілзаладан зардап шеккен Түркияда екі апта жүріп, әріптестерімен бірге жүзге таяу адамға медициналық көмек көрсеткен.

– Бала кезімнен дәрігер болатынымды білдім. Адамдарға көмектескенді ұнататынмын. Мамандығым бойынша қызмет етіп келе жатқаныма он бес жыл болды. Соңғы бес жылда Апаттар медицинасы орталығында жұмыс істеймін. Біздің жұмысымызда салқынқандылық және жедел әрекет ету маңызды. Түркияға кеткен кезде түсіністік танытып, қолдау білдірген туған-туыстарыма ризашылығым шексіз, – дейді Алмагүл Алдабекова.

Профессор Х.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Евгений Королев те марапатқа ие болды. Он жеті жылдан бері дәрігер қызметіндегі Евгений жақында әріптестерімен бірге жол апатынан зардап шеккен он бес жастағы қызды аман алып қалды.

– Өз таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Біздің ауруханаға күн сайын ондаған пациент келеді. Олардың сауығуы – біздің ұжымның, біздің команданың ортақ жетістігі. Жақында санавиация жол-көлік оқиғасына тап болған қыз баланы алып келді. Сау жері жоқ, миы, кеудесі жарақаттанған. Оның үстіне өкпесінің бір жағы жұмыс істемеді. Тексергенде өкпесіне тіс тұрып қалғаны белгілі болды. Эндоскопистер тобы жабылып, тісті тыныс алу жолынан алып тастадық, – дейді Евгений Королев.

Бұдан бөлек, «Джорджия – 2007» грузин қоғамдық-мәдени орталығының төрағасы Григорий Долидзе, Абай ауданының «Русалица» славян этномәдени орталығының басшысы Любовь Стрельцова, «Саран» шахтасының бригадирі Асқар Жұмамұратов марапатталды.

Сондай-ақ, «Энергоцентр» және «Қарағанды Су» ЖШС ұжымдары да биіктен көрінді. Бұл ұжымдар Екібастұздағы төтенше жағдай кезінде көмек қолын созған еді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Ortalyq.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.