Облыста 300-ден астам зейнеткер тұрақты жұмысқа орналасқан
Өткенге тағзым етіп, тағылым алып, бүгінді бағалап, еңбектеніп, болашаққа бағдар жасау – адам өмірінің бағдаршамындай. Елін сүйген, ұрпағына үлгі-өнеге болған қарияларымыздың өмір жолы осындай ұлағатты ұстанымға негізделеді. 1 қазан – Қарттар күні. Бұл күн – елдің еңсесі, тарихтың тірі шежіресі саналатын ардақты ақсақалдарға, ақ жаулықты аналарымызға көрсетілер зор құрметтің көрінісі. Елімізде қарияларды ардақтап, олардың қауіпсіз қоғамда мағыналы әрі ұзақ өмір сүруіне жағдай жасалуда. Кеншілер өлкесінде де бұл бағытта жүйелі жұмыс жолға қойылып, жыл бойы қарттарымызға құрмет пен қамқорлық қатар көрсетілуде. Өйткені, қариялар – қазынамыз, ұлттық болмысымыздың, рухани тініміздің темірқазығы.

«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы бүгінде 6 қалалық, 9 аудандық, 500-ге жуық бастауыш ардагерлер ұйымын біріктіріп отыр. Бұл – 140 мыңнан астам зейнеткердің басын қосқан, бірлігі бекем, іргелі ұйым. 2021 жылғы 9 қыркүйекте өткен ІХ есеп беру-сайлау конференциясы нәтижесінде 45 адамнан тұратын облыстық кеңес, 3 адамдық тексеру комиссиясы, төралқа және 6 тұрақты комиссия құрылып, қарқынды жұмыс істеп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік бағыттағы тапсырмаларында қарттар мен зейнеткерлердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, әлеуметтік теңдік пен әділеттілік орнату, жасына қарамай өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді.
Қарттарды қолдауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі – Қарағанды қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысы. 2022 жылдың шілдесінде іске қосылған бұл орталық бүгінде қала бойынша 6 филиалмен қарияларға қызмет көрсетіп келеді. Йога мен тыныс алу гимнастикасынан бастап, домбыра, би, хор, тіл үйрену, компьютерлік сауаттылық, құқықтық және психологиялық кеңестерге дейін 30-дан астам бағытта тұрақты түрде 2 300-ден аса адамды қамтып отыр.
«Сәулем-ай», «Ару әжелер», «Арқа әуендері» хоры мен «Грация», «Гармония» би топтары сияқты шығармашылық ұжымдар құрылып, өнер бәйгелерінде топ жарып жүр. Жыл басынан бері орталық 400-ден астам мәдени-спорттық іс-шара өткізіп, қариялардың күнделікті өміріне шаттық пен сергектік сыйлауда. Театр, мұражай, зообаққа экскурсиялар ұйымдастыру арқылы рухани демалыс та ұмыт қалмаған.
Одан бөлек, облыс аумағында зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Алтын жас» бағдарламасы – аймақтың әлеуметтік саясатындағы маңызды бастама. Аталған бағдарлама арқылы жасы келген азаматтарға еңбек етуге мүмкіндік беру, еңбекпен өмірге араласуын жалғастыру, қаржылай қолдау көрсету міндеттері іске асып жатыр.
Дерекке сүйенсек, облыс бойынша 1 000-ға жуық жұмыс орны ашылып, 300-ден астам зейнеткер тұрақты жұмысқа орналасқан. Сонымен қатар, Қарағанды қаласында – 69, Абай ауданында – 27, Саран қаласында – 26 зейнеткер жұмысқа тартылыпты.
Қариялар мектеп, балабақша сынды түрлі мекемелерге есепші, тәрбиеші, жүргізуші, күзетші секілді қызметтерге қабылдануда. Бұл – олардың өмір тәжірибесін жас буынға жеткізуге, қоғаммен байланысын үзбеуге үлкен мүмкіндік.
Сонымен бірге, Ұлы Жеңіс күні мен Қарттар күні секілді маңызды мерекелер қарсаңында аға буын өкілдеріне көрсетілетін қамқорлық пен әлеуметтік қолдаулар – мемлекет пен қоғамның шынайы алғысының көрінісі.
Ұлы Жеңіс күні қарсаңында облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден бір реттік әлеуметтік төлем берілген. Аймақ көлемінде мұндай 7 ардагер бар.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен өзге санаттағы ардагерлерге де материалдық көмек көрсетілді. 29 концлагерь тұтқынына және Ленинград блокадасының 10 қатысушысына – 200 мың теңгеден бір реттік төлем жасалды, 2 613 тыл еңбеккеріне – 100 мың теңгеден көмек көрсетілді, соғыс ардагерлерінің әйелдері мен жесірлеріне – 50 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау берілді.
– Қария – елдің жүгін көтерген, ауыртпалығын арқалаған, жастықтың жалындап тұрған кезінде Отанға адал еңбек еткен жан. Оларды құрметтеу – парыз ғана емес, елдік сананың биіктігі. Облыста осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Бастысы – қарияларымыздың өздерін қоғамға қажет сезінуі. Біз мұны үнемі басты назарда ұстаймыз, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғабит Тұяқов.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»