Тәрбиенің талбесігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде негізгі құндылықтарды атап өтті. Бұл құндылықтар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының негізіне айналып отыр.
![](http://ortalyq.kz/wp-content/uploads/2025/02/Rymk-l.jpg)
Тәрбие жұмысы барлық мүдделі тараптар отбасы, білім беру ұйымдары және қоғамның жаппай қатысуымен кешенді түрде өткізілді. Алдымен бала отбасында ұлттық тәрбие көзінен нәр алып, халық ауыз әдебиетімен сусындайды. Ата-аналар ертегі, аңыздар, тарихи шежіре, қисса-дастандар, өлең жырларды көбірек балаға сіңірсе, баланың пікірі қалыптаса бастайды. Уақыт өте, бала мектеп жасында қоршаған ортада, құрдастары арасында өзіндік ойы бар жеке тұлға екенін көрсетеді.
Сынып жетекші тек тәрбиелеуші ғана емес, тек оқытушы ғана емес сонымен баланың өміріне тікелей жауапкершілікті арқалаған тәрбие тетіктерін іске асырды. Солай екен деп ата-аналар бала тәрбиесінде шетте қалмай, мектепке, сынып жетекшіге ысырып қоймай, білім беру ұйымымен бірігіп, «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» іске асыруға атсалысуы керек.
Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім беру ұйымдарында «Ата-аналарға педагогикалық қолдау орталығын» құру тапсырылды. Ай сайын ата-аналарды мектеп қабырғасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде оқыту мақсаты көзделіп отыр. Бұл, әрине, керемет бастама. Мектепке ата-аналарды тарту сынып жетекшілерінің ата-аналармен байланыс орнату арқылы шешімін таппақ.
Тәрбие мәселесінде ата-аналарға қолдау көрсетіп, күрделі мәселелерді біріге отырып қарастыру – ХХІ ғасыр ұрпағын заманына сай тәрбиелеудегі ерекше тәсіл.
Рымкүл ЖҰМАҒҰЛОВА,
Байқадам жалпы білім беретін мектеп директоры
Бұқар жырау ауданы