Тәрбие тарихтан бастау алады
Тәрбие – дүниеге келгеннен бастап асқан жауапкершілікпен жүргізілетін үздіксіз процесс. Ал, баланың тұлға болып қалыптасуына отбасы ғана емес, қоршаған ортаның да тікелей байланысы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз» деген болатын. Еліміз – көпұлтты мемлекет. Қазақстан халқы Ассамблея шаңырағының астына біріккен жүзден астам ұлттар мен ұлыстар қиындықта да, қуанышта да бүгінге дейін тату-тәтті тірлік кешуде. Әуелде құрылған күнінен бастап өзінің миссиясын адал атқарып келе жатқан ұйымға Еуропа да қызығушылық танытты. Ал, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін халықтың қоғамдық санасына енгізу мақсатында қолға алынған «Қазақтану» жобасы ұлтты білім мен берекеге жетелеп келеді. Осыған орай, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен кезекті дәріс кезінде студенттер мен профессорлық-оқытушы құрамға қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттап қана қоймай, келген қонақтар бүгінгі студент, ертеңгі маманға тарихтан тағылым алудың үлгісін де көрсетті.
Шараға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанай, тарих ғылымдарының кадидаты, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Нұрсахан Бейсенбекова, Парламенттегі Республикалық «Заң» газетінің тілшісі, тіл жанашыры Айша Тұрмағанбетова қатысты.
– «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында республикамыздың білім кеңістігінде өзіндік орны, жетпіс жылдан астам тарихы бар оқу орнында бас қосып отырмыз. Қазақтың жақсы-жайсаңдары қызмет еткен оқу орнында, байырғы білім шаңырағында білім алу екінің бірінің маңдайына бұйыра беретін бақ емес. Тәуелсіз елде, тыныш заманда, тұрақты қоғамда білім алып жатқан студенттер, Сіздер – бақыттысыздар, – деп сөз бастаған Ерлан Бейсембайұлы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасын ашқан жоғары оқу орындарының алғашқыларының қатарында екеніне де тоқталды.
– Бұл оқу орны – еліміздегі ымыра-ынтымақты, береке-бірлікті насихаттап жүрген оқу орындарының бірі Һәм бірегейі. Қазақстандық патриотизмді нығайту, оны жастардың санасына берік орнықтыруда университетте жақсы бастамалар, іргелі істер жүзеге асырылып келеді, – дейді Ерлан Құсайын.
Ал, Нәзипа Ыдырысқызы болса, тарихқа тоқталып, қазақтың қилы тағдырына шолу жасады.
– Тарих – ортақ. Өзге ұлттарды Қазақстанға жер аудара бастағанда, қазақтың өзі де қиын кезеңді бастан өткеріп отырған еді. Дәл сол кезде 62 ұлттың сақталуы қазақтың қара қазанына байланысты болды. Мүмкін, сол кезде қара қазанда қара су ғана қайнаған шығар. Бірақ, сол қара судың өзін бөліп ішкеннен 62 ұлттың ешқайсысы жойылып кеткен жоқ, – деді Нәзипа Шанай. Ал, «Қазақтану» жобасы тарихты білуге үндемек.
Нәзипа Ыдырысқызы Ассамблеяның рөліне де ерекше тоқталды. 1995 жылы құрылған Ассамблея түрлі этнос өкілдерінің басын біріктіріп, олардың тілін, ділін білуіне, салт-дәстүрін құрметтеуге барынша жол ашты.
Осы орайда Нәзипа Ыдырысқызы толеранттылық сөзіне де түсіндірме берді. Айтуынша, өзге тілде төзімділік мағынасын бергенімен, ол қазақ үшін – қонақжайлылық.
– Толеранттылық – адамдардың бірге өмір сүруі. Бірге өмір сүріп қана қоймай, бір-біріне деген құрмет, сыйластықты білдіреді. Қазақтың менталитетінде бұрыш жоқ, – деген Нәзипа Шанай қоғамда бүгінде өткір тұрған мәселе – отбасындағы зорлық-зомбылыққа да тоқталды. Ол тұлғаны қалыптастыратын ең алдымен отбасы екенін айтады. Демек, баланың өмірге қадам басқанда абдырап қалмауы – ата-ананың тікелей жауапкершілігінде.
– Қоғам қазір өте ауыр проблеманы бастан өткеріп жатыр. Біз отбасында толерантты емеспіз. Отбасындағы ғана емес, балаларға деген зорлық-зомбылық – осының салдары. Нәтижесінде, заң қабылдауға мәжбүр болдық. Егер бұған дейін әйелге қол көтергендер Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапқа тартылса, енді қылмыс ретінде қаралып, Қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Бұның артында не тұр? Ол – қажеттілік. Қоғамда аталған проблема болмаса, заңның да қажеттілігі болмас еді. Бірақ, әйел өлімі мен балаларға жасалатын зорлық-зомбылықтың көптігінен осындай шара қолдануға мәжбүрміз, – дейді Нәзипа Ыдырысқызы.
Ерлан Құсайын болса, «қазақта қадір деген ұғым бар. Сол қадірді қашырып алмау керек» екенін айтып, тарихты білу жас ұрпаққа міндет екеніне тоқталды.
– Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын мемлекетіміздің төл тарихы бар. Әлбетте, тарихты түгел білу міндетті емес. Бірақ, кез келген жас мемлекетіміздің өткен жолын, кешегі тарихын біліп өскені жөн. Сонда ғана елдің ертеңі жастар деп нық сеніммен айта аламыз, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Ал, Нұрсахан Ахметқызы «Қазақты таныту үшін алдымен өзімізді өзіміз тануымыз керек» дейді.
– Ұлттық құндылықтардан айырылмауды кітаптан ғана үйренбейміз. Бірлік қазаққа керек. «Қазақтану» дегеніміз – елтану емес, алдымен өзімізді тану. Құндылықты ұмытпау үшін Ассамблея керек, – деді Нұрсахан Ахметова.
Шара барысында Айша Құрманғалиқызы әлеуметтік желінің артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталды.
– Әлеуметтік желіні қолданбайтын адам жоқ. Қазір «цифрлық аборигендер» деген ұрпақ пайда болды. Оның пайдасы да, зияны да бар. Пайдасы – қарым-қатынасымызды, білім деңгейімізді арттырса, зияны – адамның қоғамнан оқшаулануына алып келеді. Бүгінде әлеуметтік желі ағайынмен қарым-қатынасты алмастырып, сөйлеу мәдениетіне де ерекше ықпал етуде. Шынайы емес, виртуалды қарым-қатынасқа бейімделдік. Бірақ, цифрландыру дәуірінде отырып, әлеуметтік желіден бас тарта алмаймыз. Оның да бір өзіндік әдебін қалыптастыру керек, – дейді Айша Тұрмағамбетова.
Өзінің түйін сөзінде Ерлан Құсайын әлеуметтік желі қоғамдық пікір тудыратын орын екенін айтып, әр азаматтың бойында иммунитет болу керек деген пікір білдірді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz