Тәрбие мен білім – егіз
Қазіргі таңда жаһандану үдерісі күшейіп, әлемдік мәдени ықпалдастық артып келе жатқан кезеңде ұлттық құндылықтарды сақтау және оны өскелең ұрпақтың бойына сіңіру өзекті. Ұлт болашағы – өскелең ұрпақтың рухани- адамгершілік тәрбиесіне байланысты.

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, мәдени мұрасы мен тарихи құндылықтары – ұлттың айнасы әрі елдің берекесін сақтаушы күш. Сондықтан оқушыларды халқымыздың ұлттық құндылықтарына, мәдени мұрасына, адами қасиеттеріне баулу – басты міндеттердің бірі.
Бүгінде білім беру жүйесінде тек академиялық білім берумен шектелмей, жас ұрпақты рухани тұрғыда байытуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта өзім басқаратын №14 мектеп-гимназиясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобалар оқушылардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырып, олардың бойында мейірімділік, отансүйгіштік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді дарытуға бағытталған. Мектепте сабақтар мен тәрбиелік іс-шаралар барысында ұлттық құндылықтарға негізделген әдіс-тәсілдер үнемі қолданылады. Ұлттық ойындар, шығармашылық жобалар, театрландырылған қойылымдар, рөлдік ойындар мен танымдық саяхаттар арқылы оқушыларға ұлттық мұра мен салт-дәстүрлердің маңыздылығы түсіндіріледі. Бұл тәсілдер олардың танымдық қабілеттерін арттырып қана қоймай, ұлттық сана-сезімінің қалыптасуына да оң ықпал етеді. Осы орайда бағдарлама ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал ету мақсатында мектебімізде бірнеше жоба іске асырылып өз нәтижесін беруде.
Атап айтқанда «Мейірім» қайырымдылық жобасы оқушылардың мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Жоба аясында түрлі қайырымдылық іс-шаралары, мұқтаж жандарға көмек көрсету, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Оқушыларды ізгілікке, жақсылық жасауға баулитын бұл бастама олардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырады.
«Ата-ананы педагогикалық қолдау орталығы» жобасы ата-аналар мен мектеп арасындағы байланысты нығайту мақсатында жұмыс істейді. Ата-аналарға психологиялық және педагогикалық кеңес беру, балалардың тәрбиесі мен білім алуы барысында туындайтын мәселелерді бірлесе шешу, түрлі тақырыптарда тренингтер мен семинарлар өткізу – орталықтың басты міндеттері болып табылады.
«Аталар мектебі» жобасы арқылы оқушылар ата-бабаларымыздың өмір сүру дағдылары, дәстүрлері, ұлттық тәрбие үлгілерімен танысады. Жоба аясында елге сыйлы ақсақалдармен кездесулер, тарихи тұлғалар туралы әңгімелер, ұлттық мұраларға байланысты танымдық сабақтар ұйымдастырылады.
Ал, «Әжелер мектебі» жас ұрпаққа ұлттық салт-дәстүрлерді, отбасы құндылықтарын үйретуге бағытталған. Әжелер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қыз балаларға ұлттық тәрбие беріп, қолөнер, ас дайындау, кесте тігу сияқты дәстүрлі өнер түрлерін үйретеді. Сонымен қатар, ұлттық ертегілер мен мақал-мәтелдер арқылы жасөспірімдердің рухани әлемін байыту көзделеді. «Әкелер кеңесі» әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыруға бағытталған. Әкелер өз балаларына үлгі көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына ықпал етеді. Әкелердің қатысуымен түрлі спорттық және мәдени шаралар ұйымдастырылып, отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынас күшейтіледі.
«Аналар мектебі» отбасы жылуын, мейірімділік пен қамқорлықты насихаттауға бағытталған. Бұл жоба аясында аналар мен қыз балаларға арналған кездесулер, ұлттық тәрбиеге қатысты дәрістер, қыз баланың болашақ отбасындағы рөлі туралы әңгімелер өткізіледі. Аналардың бала тәрбиесіндегі маңызын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Балалар кітапханасы» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба аясында оқушылар қазақ әдебиетімен, халық ауыз әдебиетімен танысып, ертегілер мен аңыздарды оқиды. Мектеп кітапханасының ұйымдастыруымен түрлі әдеби кештер, кітап оқуға арналған сайыстар өткізіледі.
Өрікбай АРИНОВ,
№14 мектеп-гимназияның директоры
Қарағанды