Білім

Қарағандыдағы мектепте тәрбие һәм тәжірибе түйісті

Бүгінде өскелең ұрпақтың рухани дамуына, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық құндылықтарды бойына сіңіруге бағытталған жүйелі жұмыстар лек-легімен жүргізіліп келеді. Соның айқын бір көрінісі – «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында аймақта жүзеге асырылып жатқан «Балалар кітапханасы» жобасы. Осы жоба негізінде Қарағандыдағы №2 арнайы мектеп-интернатында облыстық тәжірибе алмасу семинары өтті.

Суреттер №2 мектеп-интернатынан

Тәжірибе алмасу семинары облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының жылдық жоспарына сәйкес ұйымдастырылды. Бас қосудың басты мақсаты «Балалар кітапханасы» жобасының тиімді тәжірибелерін кеңінен тарату, облыс мектептері арасындағы әдістемелік ынтымақтастықты нығайту және балаларға кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың жаңашыл тәсілдерін ортаға салу.

Семинар барысында тәрбие жұмысына кітапхананы кіріктіру жолдары, оқушылардың қызығушылығын арттыратын шығармашылық форматтар, сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік құндылықтарын насихаттаудағы үздік әдістемелер жан-жақты талқыланды. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жүргізілетін тәрбие жұмысының мазмұнына айрықша назар аударылды.

– Біздің мақсатымыз – баланы тек біліммен қамту емес, оны рухани тұрғыда тәрбиелеу, кітапқа, өнерге, қоғамға жауапкершілікпен қарайтын тұлға ретінде қалыптас­тыру. «Балалар кітапханасы» жобасы осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, тәрбие үдерісіне жаңа мазмұн әкеліп отыр, – деді мектеп-интернат директоры Эльмира Амандықова.

Бүгінде «Балалар кітапханасы» жобасы аясында білім ордасы облыстағы бірқатар кітапханалармен тығыз әріптестік орнатып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. №2 арнайы мектеп-интернатында кітап оқуды шығармашылықпен ұштастырған бірнеше театр үйірмесі жұмыс істейді. Бұл үйірмелердің барлығы оқушылардың жас ерекшелігі мен мүмкіндігін ескере отырып, кітап­қа қызығушылығын арттыруға, көркем ойлауын дамытуға және әлеуметтенуіне бағытталған.

Атап айтқанда, «Браво» драма театры көркем әдеби шығармаларды сахналау арқылы оқушылардың актерлік шеберлігін жетілдірсе, «Силуэт» көлеңке театры ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың қиялын дамытып, қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал, мектеп-интернаттың ең кішкентай тәрбиеленушілеріне арналған «Айналайын» жастықтар театры ертегі әлемі арқылы баланың сенсорлық қабылдауын, тілдік қорын және эмоционалдық дамуын қолдайды. Орта буын оқушылары қатысатын «Ер Төстік» жасөспірімдер театры қазақ ертегілері мен ауыз әдебиеті арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған.

Қоғамды өзгертетін үлкен ұғымдар кейде қарапайым дүниеден басталады. «Балалар кітап­ханасы» жобасы да қоғамның оң бағытқа қарай дамуына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болсын әсер етері кәдік.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button