Бас тақырып

Тұранның тұрағындай тұғырлы алаң

Иә, сөйдеп тақырып тауып, айдар тағатындай жөніміз бар. Өйткені, кенішті қаладан небәрі 10 шақырым жерде ту тіккен TÚRAN-EL QAZAQ SPORT ұлттық спорт және саятшылық орталығы мейманына есігін айқара ашты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Аталған спорт кешені ұлттық сана мен құнтты құндылыққа, бай салт-дәстүрге барынша икемделген. TÚRAN-EL ат спорты орталығының алаңында таңғажайып табиғат аясында сәйгүлікті ерттеп, серуендей аласыз. Таңғы және кешкі астан ауыз тиіп, дәм тата аласыз. Саятшылық құрып, Сарыарқаның сайын даласының қадір-қасиетіне көз қанықтыра алатындай кең мүмкіндік қарастырылған. Бір қарағанда кемпинг қалыбында салынған орталықтың ішіне бас сұққаныңызда заманбап қалыпқа келгендей әсерде қаларыңыз рас. Барынша минимализм һәм ұлт иісі аңқып тұрған «қыз­дың жыйған жүгіндей» көркем бөлмелер бөлені де жарастыратын тәтті де тылсым аура сыйлайды. Қазақы нақыштағы әбзел мен бұйымға толы төр көздің жауын алады. Қабырғаға ілінген қазақтың үкілі домбырасы шабыт шақырады.

– Задында, Ұлттық спорт орталығы дегеніміз – бұл жай ғана дене шынықтыратын құралға лықа толы ғимарат кешені ғана емес. Бұл адамның шыңыраудағы арманы шындықпен шендесетін әрі осы саладағы һас таланттар мен болашақ чемпиондарға тұғыр беріп, ғұмыр қосатын қасиетті де қастерлі орын. Атамекеніміздің тап жүрегінде орналасқан осы қазыналы орталық спорттық бірегей жетістіктер мен биік белестерге қанаттандыратын нәмі бөлек нышан. Мұнымен қоса, аттың жалын тартып мінген қарапайым қаракөздеріміз дем алатын, өзге ұлт өкілдері мейман болып қазақы болмысымызбен етене танысатын жер, – деп ағынан жарылды спорт нысанының негізін қалаушы, белгілі кәсіпкер, меценат, «Natige» ЖШС директоры Ерлан Әшім.

Ордалы орталық аумағына келгенімізде көзімізге бірден құйрық жалы таралған сәйгүліктер көрінді. Ақалтеке, Қазақы, таза қанды, су төгілмес жорға, көкпар, бәйге аттардың 40 шақтысы қос жанарымыздың жауын алды. Қызығушылығы қыз-қыз қайнаған жасөспірімдер қарасы әсіре көп. Иә, жаһандану дәуірі ұлт пен ұлыс тұрмақ, тұтас өркениеттердің өзінің орнын алмадай алма кезек ауыстырып жатқан тұста қазақты қайтадан атқа отырғызу әсте оңай болмаса керек-ті. Қырға қырағы қарап, сөзін зерлі еткен зерделі ел бүгінде осындай оңды орындары арқылы мүмкіндігін молайтып, қазақы қалыбын сақтауға һарекет етуде. Ат үстінде атой салған көшпенді елдің ұланы тақымын тәсірлі етіп, қолына қыран қондыруды үйренеді бұл жерде. Алаштан келе жатқан алтын арқаудың өзегін жалғайды. Атқа ұлттық киім – аяққа саптама етік, үстіне шапан, басына бөрік киіп мінеді.

– Енді бұл бертінде ғана жаңадан ашылған ақшағаладай көркем жер қанында қырдың жыты бар ұланды үздіктіре кететіні сөзсіз. Ақзер әлемді ақпарат билеп тұрған кезеңде елге кеңінен насихат жұмысын қауырт бастап кеттік. Бізге алдымен жас жеткіншектердің келгені де маңызды. Аптаның әр күні үлкендермен қаз-қатар мектеп оқушылары келіп төл болмысымыз бен табиғат тынысын сезініп қайтады. Күніне шамамен 40-50 адам қарасын аңдайсыз осы арада. Ал, сенбі-жексенбі күні тіптен лықа толады. Түрлі туристік бағыттағы компания өкілдері де күніне 100 шақты турист әкеліп жатады. Сантүрлі форматтағы тимбилдинг ұйымдастырылады. Ұлттық құндылықтың қадір-қасиетін арттырып, салт-дәстүрімізді дәріптеу – басты мақсат, – дейді орталықтың SMM, маркетинг, туризм саласын ілгерілету жөніндегі маманы Мирас Төлеутай.

Әрмен қарай өте бергенімізде оқушылардың демалыс кезіне лайықталып жарақталған арнаулы жасөспірімдер лагері аумағына тап болдық. Лагерьдің мұраты демалысқа шыққан 9-15 жас аралығындағы шәкірт атаулысының денін жазып, еңбекке баулыту. Шаһардың маңында ауылдың атмосферасын тұла бойға сіңдіру. Мұнда бала біткен сәйгүліктің құйрық жалын тарайды. Дәріс алады. Қыс мезгілінде қар күрейді. Әсіресе, қаланың қағылез ұл-қыз­дары үшін бұл кәдімгідей «Эврика» болып тұр. Атты бірден тізгіндей алмағаны алдымен есекке мініп үйренеді. Әбзел мен ер-тұрман жарағын қос қолымен ұстап көреді. Тамырымен танысады. Ет мүшелеу, қазы тілу, төрт таспадан бастап қамшы мен бишік, жүген, тізгін-шылбыр өруге жаттығады. Лагерьдің уақыты – бір жұма.

– Өткен айда «Жорық» деген турға 20 шақты жасөспірім шықтық. Кемі 25 шақырымдық саятшылық құрып бой жаздық. Бір қызықтысы, аңға шығу тәртібінде қолға мылтық алынбайды, темір көлікке аяқ артпаймыз. Ат сайлап, тазы ерттік. Сонадайдан қылаңытқан аң атаулысына құс жіберіп, тазы салдық. Ілсе құс іледі, шалса тазы шалады. Заң жүзінде лицензия бар. Ал, бізден құтылған аңның қу жаны – өзіне олжа. Тиіспейміз! Ініне бас сұғып үлгергеніне де қауіп пен қатер жоқ. Қазір саят мезгілі аяқталды. Жазға салым аударыспақ, көкпар, теңге ілу сынды ұлт ойындарына лайықты етіп қажетті алаңдар құрылысы жабдықталу үстінде. Бұ кездің өзінде біздің қатарымыз­да үздік шығып жатқан, төбе көрсетіп төбелге айналып келе жатқан Наурызбай Батыр, Медеш Нұрәли сынды қанаттас қатарлас шәкірттер шығуда. Өзіміз де 15 жастан көкпар тартып, серкені жерден көтеріп жүрміз, – деп тұжырды сөзін шәкірт көкпаршы, саятшы, орталық түлегі Ақбар Қарығұл.

Қош, сонымен, байырғы қазақтың шатырына кіріп, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы адал деп мөр қойған ұлтымыздың ет, қарынбүрме сынды маңызды дәмінен ауыз тиіп, қымызынан ұрттадық. Ат ерттеп, сайын даланың таңғажайып тылсымына көз жүгіртіп, құлақ түрдік. Қамшы ұстадық, садақтан сайкез оқ аттық. Екі тарлан бөрінің жотасын көрмесек те, атамекеніміздің көкжиекпен тұтасқан төбесінен құдды бір бата алғандай рәуіште қайттық бұл сапардан. Осындайда қасиетті жұртты табағынан табанына дейін қазақы нақышқа ораған елдің төбелдері мен қаймақ бетіне шығар игі-жақсыларына бір-бір ауыз алғыс та арқалатып үлгердік. Мәйекті мақала да осы бір риясыз оқиғаның жолжазбасындай болсын деген тілектен туған еді…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button