Жаңалықтар

Тұрақтылықтың, құқықтық сенімнің және берік дамудың негізі

Жаңа Конституция жобасында көзделген өзгерістермен таныстым. Құрылыс саласында көп жыл еңбек еткен кәсіпкер ретінде ұсынылып отырған жаңартуларға кәсіби тұрғыдан қараймын. Құрылысшы үшін ең бастысы — іргетастың беріктігі. Конституция — мемлекеттің ең негізгі іргетасы. Егер онда құқықтық айқындық болмаса, бүкіл экономикалық және қоғамдық жүйенің тұрақтылығы әлсірейді. Сондықтан Конституцияны жаңарту — елдің институционалдық беріктігін нығайтудың маңызды қадамы деп есептеймін.

Сурет Т.Әшімнің жеке мұрағатынан

Кәсіпкерлік тұрғысынан алғанда, жаңа редакциядағы басты мәселе — құқықтық кепілдіктердің күшеюі. Әсіресе заңның кері күшінің болмауы қағидаты бизнестің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл — адал жасалған келісімшарттар мен инвестициялардың ертең өзгерген ережелер салдарынан күмән тудырмайтынына кепіл. Мұндай тұрақтылық кәсіпкерлерге сенім береді, ұзақ мерзімді жобаларды жүзеге асыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасайды.

Сонымен қатар мемлекеттің зайырлы сипатын нақты бекіту қоғамдағы бірлік пен кәсіби ынтымақтастық үшін маңызды. Құрылыс алаңында біз адамдарды ұлтына немесе сеніміне қарай бөлмейміз — барлығын біріктіретін ортақ құндылық кәсібилік пен жауапкершілік. Конституциядағы зайырлылық қағидаты осындай біртұтас әрі орнықты еңбек ортасын қалыптастыруға құқықтық негіз болады.

Құқықтық тұрақтылық — сенімнің негізі. Сенім — инвестиция. Инвестиция — экономикалық өсім мен дамудың қозғаушы күші.

Алдағы республикалық референдум — ел болашағын айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан оған қатысуды азаматтық жауапкершілік деп санаймын. Ұсынылып отырған өзгерістер Қазақстанның тұрақты дамуына жаңа серпін береді деп сенемін.

Төлеген ӘШІМ,
«АСПАП» ӨК төрағасы,
Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасы Құрылыс кеңесінің төрағасы

Басқа материалдар

Back to top button