Тұрақтылық тірегі – әділ заңнама
15 наурызда өтетін жалпыұлттық референдум – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи белес. Осы жауапты сәт қарсаңында Қарағанды облысының іскер әйелдер қауымдастығы заң үстемдігі мен әділдік қағидаттарын талқыға салып, бизнес пен қоғам мүддесінің ортақ тұсын айқындады. Өйткені, тұрақтылық пен сенімді құқықтық орта – кәсіпкерлік өркендеудің, Әділетті Қазақстан құру жолындағы берік іргетас.

Кеше Қарағанды облысының іскер әйелдер Ассоциациясы кеңсесінде 2026 жылғы 15 наурызда өтетін жалпыұлттық маңызы бар республикалық референдум қарсаңында маңызды кездесу өтті. Келелі кездесуді қауымдастық төрайымы Наталья Арыстанова ашып, кәсіпкерлер қауымдастығы үшін тек экономикалық күн тәртібін меңгеру ғана емес, сонымен қатар, Әділетті Қазақстанды қалыптастыратын заңнамалық негіздерді терең түсіну аса маңызды екенін атап өтті.
Талқылау аясында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде қорғау кепілдіктерін күшейту, жаңа мемлекеттік модельдің негізіне айналатын «Заң және Тәртіп» қағидаттары, ел тағдырына әр азаматтың жеке қатысуының маңыздылығы тақырыптары кеңінен сөз болды.
«Бұл бизнес пен қоғам үшін неліктен маңызды?» дегенімізде іскер әйелдер қауымдастығы ретінде біз үшін тұрақтылық пен әділ заңнама – дамудың берік іргетасы екендігін естен шығармаймыз. Конституция жобасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға әрі меншік құқықтарын қорғауға бағытталған құқықтық негіздерді бекітуді көздейді. Бұл өз кезегінде өңірдегі іскерлік ахуалға тікелей игі әсер етеді.
Алдағы референдум – әр азаматтың ар-ождан таразысына салынар жауапты таңдау. Заң үстемдік құрған, тәртіп орныққан қоғамда ғана кәсіп те көгеріп, бастама да баянды болмақ. Қарағандылық іскер әйелдердің басқосуы – осы ұстанымның айқын көрінісі. Әділ заңнамаға сүйенген мемлекет – сенімге негізделген болашақтың кепілі. Ендеше, ел тағдыры таразыға түсер сәтте әрбір дауыс – тұрақтылыққа, өркендеуге және Әділетті Қазақстанды нығайтуға қосылған қомақты үлес.
Марина ПЛАТОНОВА
Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты



