Тұрақтылық – тұғырымыз
Сәрсенбіміз сәтті болды. Бірлігі жарасқан берекелі тірлігіміздің кемел келешегін тағы бір таразылап алдық. Иә, сәрсенбі – 26 сәуір күні Астана төріндегі Бейбітшілік және келісім Сарайында Қазақстан Республикасының Президенті – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында ҚХА XXV сессиясы өтті. ҚХА сессиясы дәстүрлі жиын болғанымен, бұл жолғы жиын – мерейтойлық XXV сессия. Таңдалған тақырыбы да – таптаурын емес. Рухани жаңғыруға бел байлап, бет алған елдің ертеңін салмақтау.
Жаңғыру жаңғырығын жаһанға жеткізген алқалы жиынға еліміздің барлық өңірінен 1500-ден астам, ал, Қарағанды облысынан аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ бастаған 40-тан астам делегат қатысты. Олардың ішінде ҚХА мүшелері мен ардагерлері, республикалық және аймақтық этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, Орталық атқарушы органдардың, саяси партиялар мен
ҮЕҰ басшылары, руханият және БАҚ өкілдері, шетелдік қонақтар бар.
“Бұл ән-бұрынғы әннен өзгерек”
Ия, Қазақстан өзінің ширек ғасырлық даму тарихында сындарлы да, табысты сәттерді бастан өткерді. Тәу етер Тәуелсіздігімізді Тәңір сыйына балап жүргенімізбен, бұл құндылық бізге оңай келе салған жоқ. Ең әуелі, ол – бабаларымыздың сан ғасырлық арманы. Осы қастерлі арман жолында аталарымыз қисапсыз қан төгіп, жанталаса жан алып, жан берді. Азаттық таңы арайлап атқан сәттің өзінде біз тығырықта тұрған ел едік. Киелі Тәуелсіздіктің алғашқы таңында Қазақ елі өз тағдырын Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолына тапсырған. Үміт пен сенім ақталды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты мен көреген көшбасшылығының арқасында еңселі елу елдің қатарын толықтырдық. Ендігі мақсатымыз – озық дамыған отыз елдің қатарына ену. Бірлігі жарасып, татулығымен тұғырланған Қазақ елінің бұл межені еркін еңсереріне еш күмәніміз қалған жоқ. Өйткені, Елбасы бастамасымен қолға алынған жаңғыру бағдарламаларының барлығы жүйелі түрде табысты жүзеге асуда.
Экономикалық жаңғыру арқылы халықтың тұрмысын да, ішкі-сыртқы экономикалық әлеуетімізді де деңгейлі еттік. Саяси реформа нәтижесінде атқарушы билік жұмысының сапасын еңселендіріп, елге қызмет етудің қазақстандық үлгісін жасадық. Енді міне, рухани жаңғыру бастамасын қолға алдық. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында ғана жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел тынысына тарихи серпін әкеліп отыр. Қоғамдық сананың жаңғыруы елімізді мекен еткен жүздеген ұлттың рухани өміріне де серпіліс әкелетіні даусыз. Біздің елде бұған дейін де Қазақстанды тарихи Отаны санайтын барлық этнос өкілдері үшін өз тілдерін, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға, насихаттауға кең қолдау көрсетіліп келеді. Мұның барлығы мызғымас достығымызға кепіл болған.
Сессия күн тәртібіне таңдалған тақырыптың өзі тұрақтылық пен келісімнің, берекелі бірліктің рухани жаңғыруға негіз боларын меңзейді. Бұл – емеурін ғана емес, шынайы бағдарлама, нақты істің көрінісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сессия жұмысын ашқан соң, Мемлекеттік Әнұран асқақтады. Бойымызды жылытқан көктем нұрына Әнұранмен үндескен рух қосылып, кең сарай рух құшағында тербеліп сала берді. Зал теңіздей толқып тұр.
Осыдан кейін сессия жұмысын жүргізіп отырған ҚХА Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай сөз тізгінін ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсынды.
– Биылғы 2017 жыл Қазақстан тарихында ерекше жыл болмақ. Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер, – деп сөз сабақтады Елбасы.
Ұлт Көшбасшысы өзінің бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттерге назар аударып, еліміздің даму үдерістеріне қатысты ой толғады. Ресми баяндама емес. Ұлт тағдыры, елдің ертеңі жайлы ой-толғау. Басқаны қайдам, өзім осылай қабылдадым. «Алыстан сермеп, жүректен тербеген» (Абай) Елбасының ордалы ойлары мен тұғырлы тұжырымдары, терең тебіренісі мен ерен пікірлері шынымен де жүрегімізді жаулап, жанымызды баурап барады.
– Мен өз мақаламда ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық факторлардан бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Салмақтап көріңіз. Шынымен де, санамыз осыншалықты деңгейде жаңғырар болса, «тарихтың шаңына көміле» (Н.Назарбаев) қоймасымыз анық қой. Елбасы талабы да – осы.
Елбасының бағдарламалық мақаласы жер-жерде, ел-елде тамырынан талқыланып, саналы түрде салмақталып жатыр. Мақалада қамтылған жобаларды бір-бірінен бөле жарып қарамай, Елбасы идеяларының тұтастығын сақтауымыз шарт деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, қазір мақала төңірегіндегі пікірлердің дені латын қарпіне көшу жайында болып кетті. Мен айтар едім, бұл мақала – тұтас ұлт үшін идеологиялық тұғырнама болатын маңызды құжат.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, Елбасы ұлттық сананы жаңғырту мақсаттарының әр бағыт, әр жобасында бірігіп атқарар тарихи жауапкершілік тұрғанын қадап айтты. Бұл бағытта Ассамблеяның рухани жаңғыруға белсене атсалысатынын сенім білдірген Елбасы:
– «Туған жер» жобасы Ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып береді. Екінші. «Қазақстанның жаңа 100 есімі» жобасына Ассамблея тікелей қатысып, басы-қасында жүруі керек. Біздің қаншама замандасымыз, қаншама Ассамблея белсендісі ел игілігі үшін риясыз қызмет етіп жүр. Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан, біз олардың барлығын елге таныта білуіміз керек. Мұнда қойылатын талап біреу ғана, ол – азаматтың Қазақстан дамуына қосқан үлесі. Үшінші. Ассамблея «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына да белсенді атсалыса алады, – деп ой түйді.
Елбасының сессия мінберінде айтқан жүйелі жаңғыру бағыттары, қоғамдық сананың жаңғыруы, азаматтық бірегейлік, қайырымдылық қағидалары, еліміздегі діни ахуал төңірегіндегі ойлары ешкімді де бейжай қалдыра алмасы анық. Рухани жаңғыру идеясы Елбасының ойына жайдан-жай келген жоқ. Бұл – уақыттың толғағы. Тарихи толғақ.
Сөз түйінінде Мемлекет басшысы өз идеялары негізінде Үкіметке, жергілікті әкімдерге, министрліктерге бағыт-бағыт бойынша маңызды міндеттер жүктеді. Сондай-ақ, бизнес қауымдастық, шығармашылық және ғылым өкілдерін мақалада қамтылған «Туған жер» жобасын жүзеге асыруға белсене қатысуға және барлық мүмкіндіктерін туған елді түлетуге жұмсауға шақырды.
…Сессия жұмысынан түйген ойымызды Елбасымыздың тарихи мақаласындағы қанатты сөзімен қайырар болсақ: «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді». Сөз жоқ, тарихи өзгерістер ауанын аңғардық. Рухани серпіліс нышаны сезіледі. Сондықтан, қасиетті қара қазанды көтеріп, ел игілігін бұрқ-сарқ қайнатқан ошақтың үшінші бұтындай болған үшінші жаңғыру – рухани жаңғыру бастамасын бұрынғыдан сарыны бөлек, салтанаты кемел – жаңа әнге баладық. Қайырмасын тарих қайырар.
Баршаға аян, әрбір қазақстандық еліміздің өткенін де, ертеңін де тек бір ғана Көшбасшымен – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстырады. Бұл да – уақыт дәлелдеп, тарих мойындаған ақиқат. Біз бұл ақиқатты Елбасының әрбір түйінен дуылдата қол соғып, шынайы қолдау танытқан залдағылардың ықыласынан еркін сезіндік. Біз бұл ақиқатты жарыссөзге шығып, Елбасы мен Елге деген шынайы құрметтерін танытқан отандастарымыздың риясыз пейілінен түйсіндік.
Жарыссөзге бірінші болып Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің жетекшісі Нелли Краснобаева шыққан. Ол Ассамблея атауының өзі достық, ынтымақ, бірлік, келісім, сенім, бейбітшілік сөздерінің синонимі болып кеткенін тілге тиек етіп, сөз сабақтады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы шырайлы шығыс өңіріне ерекше рух әкелгенін, мақаладан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға облыс тұрғындары тастүйін дайын екендігін жеткізді.
«Еуразия энергетикалық корпорациясы» АҚ бөлім басшысы Сергей Руссо сөзін өзінің молдован халқының өкілі екендігін айтып бастады. Орындалмайтын армандар мен популистік идеялардан алшақ кетіп, аңызды ақиқатқа айналдырған Елбасы саясатының салмағына шынайы бағасын берді. Өзі – тағдырлы жігіт. 90-шы жылдардың дүрбелеңінде Молдовадағы этносаралық кикілжің салдарынан, тарихи Отандарынан босып кеткен көп молдованның бірі екен. Тағдыры таралғы еткен ауыр күндердің қасіреті Қазақстанды паналау арқылы сейілгенін, босқын болып келіп, қазіргі таңда іргелі корпорация құрылымдарының бірінде басшы болып жүргенін тебірене жеткізді. «Осының барлығы қазақ халқының бауырмалдығы мен Елбасының ымырашыл саясатының арқасында мүмкін болды» деп толғанды.
Бұдан кейін биік мінберден сөз алған «Ақтау халықаралық теңіз порты» Ұлттық компаниясы» АҚ докер-механизаторы Евгений Глатырь, «Хабар» агенттігі» АҚ тілшісі Руслан Ыдырысов, Ақтөбе қаласындағы «Аңсар» консультативті-оңалту орталығының директоры, дінтанушы Аңсар Сабдин, Солтүстік Қазақстан облыстың балалар ауруханасының нейфрология бөлімшесінің меңгерушісі Ольга Шумакова, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ төрағасы Вера Ким, Аргентинаның Росарио қаласындағы Қазақстанның мәдени орталығының директоры Ирина Вагнер, белгілі киногер, «SATAIFILM» ЖШС директоры Ақан Сатаев, әнші, қазақ халқының мақтанышы Димаш Құдайбергенов, «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Оксана Волкова-Михальская, ҚХА мүшесі Вячеслав Попов, Оңтүстік Қазақстан облысында туып, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында «Серпін» бағдарламасы аясында білім алып жатқан иран қызы Саида Бекбуди сынды отандастарымыз ағынан жарыла ой тербеп, еліміздегі ынтымақтың ырысқа бастау болып отырғандығын шынайы пейілмен жеткізді. Әрқайсысы өзі қызмет етіп отырған саладағы жетістіктер мен толағай табыстарды Елбасы саясатымен байланыстыра әңгімеледі.
Ерекше тоқталып, ежіктеп баяндайтындай өрелі сөз қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, «ақын, қазақ айтысының атасы» атанып жүрген жерлесіміз Жүрсін Ерманның патша көңілінен көрікті көш тартты.
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақала жарыққа шыққанға дейінгі қазақ ұлтының көңіл ауаны бір бөлек, жарыққа шыққаннан кейінгі көңіл күйі бір бөлек дер едім. Қазақ қоғамының түбегейлі өзгеріске зәру екенін әрқайсымыздың ішіміз сезуші еді. Осындай бір сілкіністі, серпілісті күтетін сияқты едік. Бұл аса күрделі де көреген бағдарлама біз күткеннен де асып түсті, – деп сөз бастаған ақын жерлесіміз: – Бүкіл зиялы қауым осы мақаладағы озық идеяларды қолдап, қолпаштап отыр деп нық сеніммен айта аламын. Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы шешімін таппай келе жатқан ең күрделі мәселе осы рухани жаңғыру еді. Енді ол халқымызды, ұлтымызды рухани азаттыққа бастаудың жолын көрсетіп беріп отыр. Осы бір сындарлы шақта Президент төңірегінен табылып, қолдау көрсету – ұлттың зиялы қауымына сын, – деген мазмұндағы мағыналы түйінмен сабақталды.
Ақынның ақжарма пейілмен ақтарған ниеті Президентпен арадағы ашық диалогқа ұласып, Елбасы мен ақын ұлт өнерінің мәйегі саналатын айтыс төңірегінде пікір алмасты. Ақын айтыс өнеріне мемлекет қамқорлығы қажет деген ойын жеткізсе, Елбасы айтыстың формасын өзгерту, мазмұн-маңызын арттыру қажеттігін емеурін етті.
Жиылған қауымның көңіл көкжиегіне қонақтай қалып, жүрегімізді шымыр еткізген сөзді Әсел Базарбаев айтты. Бұрын жат діни ағым жетегінде кетіп, рухани тұрғыдан адасуды басынан өткерген ана өзінің тағдыры жайлы тебірене толғап, көпшілікке сабақ болар ойларын ашық жеткізді. Әселдің өткен өмірі жайлы тебірене сөйлеп, жанарына жас үйірілген шақта залдағылардың да толқымай қалғаны жоқ. Жат ағымның азғырындысына құрбан болып, ол жерде кемсіту, қорлау, жәбірлеу дегеннің неше атасын көрген келіншек бүгінде деструктивті идеялардан зардап шеккен әйелдерге морольдық тұрғыдан қолдау көрсететін орталықта қызмет істейді. Адасқандардың ортамызға қайта қосылуына ықпал етіп жүрген Ә.Базарбаева жастарды жат ағымға елікпеуге шақырды.
«Рухани жаңғыруды әр отбасынан бастау керек» деген аталы сөзінен елді елең еткізген тағы бір жерлесіміз – Абай қаласындағы №14 мектеп директорының орынбасары Вида Грейчуте болды. Ол тастанды балалар тағдырына алаңдаулы екенін жеткізді.
– Елбасы мақаласының маңыздылығы сол, рухани сананың жаңғыруы әр отбасына шуақ, мейірім әкеледі. Мейірім бар жерде қатыгездікке орын жоқ. Олай болса, біз рухани сананы жаңғырту арқылы балаға бақыт сыйлап, көшеге баласын лақтырып кететін көкек аналарға тыйым жасай аламыз,– деді.
***
Сессия жұмысын қорытындылаған ҚР Президенті-ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк пен ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Әзірбайжандықтар қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедовті Ассамблея Төрағасының орынбасарлары етіп тағайындау туралы Өкімге қол қойды.
Сондай-ақ, XXV сессия қорытындысында Ассамблея Үндеу (Үндеу мәтінін жариялап отырмыз) қабылдады. Мәртебелі жиын Қазақстан және шетелдік өнер шеберлерінің қатысуымен өткен «Отанға тағзым» атты мерекелік концертпен мәресіне жетті.
ҚХА сессиясына осымен үшінші жыл қатарынан делегат болып қатыстым. Осы жолғы сессияға таңдалған тақырып маңызды болғандықтан ба, алған әсерімді тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Шынымен-ақ, рухани сергектік бойымды биледі. Жалаң ұраннан арылғанымыз қуантты. Ассамблея институтының қоғамдық маңызы сәт сайын артып келе жатқандығы болашаққа деген үмітімді ұлғайтып, сенімімді серпілтті.
Екі күн бойы Алаштың ақиық ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Ақсұңқарұлымен бірге жүрдім. Ассамблея жайында, рухани жаңғыру турасында ой бөлістік.
– Мінберден айтылған сөзге де, ел игілігі үшін жасалған іске де жүрек керек. Жүрек жоқ жерде – нәтиже болмайды, – дейді Серағам. Рас-ау!
Ал, мен Ассамблея сессиясы кезінде ҚАЗАҚСТАН аталатын Отан-Анамның жүрегі Бейбітшілік пен келісім сарайының төрінде бүлкілдеп тұрғандай әсерде болдым. Сессияның өне бойы шынайлықпен шырайланып, Елдің – Елбасыға, Елбасының – Елге деген адалдығы аңқып тұрды.
…Айтпақшы, Қарағанды облысының делегациясына екі күн бойы қызмет көрсетіп, табанын жерге тигізбей қабылдаған ҚР Қаржы министрлігінің ұжымына деген шексіз алғысымызды жеткізуге тиіспіз.
Ерсін МҰСАБЕК
ҚАРАҒАНДЫ-
АСТАНА-ҚАРАҒАНДЫ.