Тұрақтылық пен тұтастық – ел дамуының басты факторы
Жалпы, мемлекетіміздің тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңіне көз жүгіртіп қарайтын болсақ, небір күрделі кезеңдерді бастан өткергенін, талай қиын-қыстау күндерден, сын-сынақтардан сүрінбей шыққанын көреміз. Тоқсаныншы жылдардың басында Кеңес Одағы құрамынан шыққан республикалар «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, өз күнін өзі көруге әрекет жасады. Жоспарлы экономикаға негізделген мемлекетаралық байланыстар үзіліп қалды. Зауыт-фабрикалар, өзге де өнеркәсіп ошақтары, ауыл шаруашылығы тұралап, қайраңда қалған кемедей дәрменсіз күйге түсті. Ел-жұрт жалақысын ала алмай, күнкөрістің қиындаған өліара кезеңі орнаған еді сол шақта. Скептик сәуегейлер сол тұста-ақ “Қазақстан Орталық Азиядағы қақтығыс ошақтарының біріне айналады” деп жорамалын жасап, болашағын болжап та тастаған еді.
Бірақ, тариxтың өрнегі өзгеше өрілді. Сын кезеңде ел тізгінін ұстаған Елбасымыз тәуелсіз Қазақстанды әлемдік аренаға шығарып, терезесін теңестіріп, шекарасын шегендеп, дамудың даңғыл жолына салғаны әммеге аян.
Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Жағамыз жайлауда деп, жайбарақаттыққа салынуды ол шіркін көтермейді де, күтіп те тұрмайды. Бүгінгі заман – өзгерістің заманы. Жасампаз жаңалықтың дәуірі. Дүйім дүние дидары көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, ілгері басып келеді бүгінде. Сондықтан да, тариxтың шаңына көміліп қалмаймыз, үздік отыздықтың ортасынан ойып орын аламыз десек, қимылдауымыз керек.
Міне, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында осыны ескерте отырып, жүйелі жаңғыртудың нақты 10 міндетін атап көрсетті. Ел дамуы үшін аса маңызды стратегиялық құжаттың алтын арқауы ретінде цифрлы технологияларды өмірдің барлық салаларына енгізу талабын қойды.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көліктік-логистикалық инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық сала, қаржы секторы, мемлекеттік басқару саласына айрықша мән берілді. Сонымен қатар, адами капиталды дамытудың ең басты шарттары – озық білім беру жүйесін қалыптастыру, денсаулық сақтау мен жұмыспен қамту салаларына баса назар аударылды.
Елбасы өз Жолдауында «мемлекеттік органдар азаматтардың ескертулері мен ұсыныстарын нақты уақыт режимінде ескеруі және жедел әрекет етуі үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануы тиіс» деп атап көрсетеді.
Иә, бүгінде дамыған мемлекеттер инновациялық индустрия, digitalization, smart technology, smart nation, Big Data, жасанды интеллект, блокчейн және өзге де тың теxнологиялармен жұмыс істеп, өміршең жобаларды жүзеге асырып, соның игілігін көріп отыр. Сөзіміз тұздықты болуы үшін бірер ғана мысал келтірейін. Дания мемлекетінде әрбір азаматтың, әрбір бизнестің жеке электронды кабинеті бар, ол арқылы онлайн режимде мемлекеттік органдармен тікелей байланыса алады. 2015 жылдан бастап барлық азаматты мемлекеттік органдармен тек интернет арқылы тілдесуге міндеттеп қойған. Әр азамат цифрлық паспортқа (digital ID) ие, ал мемлекеттік органдар мен муниципалитеттер бірыңғай кабинет арқылы барлық ведомствомен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін ортақ желімен байланыстырылған. Немесе халқының саны бір миллионнан сәл-ақ асатын шап-шағын Эстонияны алып қараңыз. Бүкіл ақпараттық базасын бірыңғай сандық жүйеге кіріктіре алған. Бүгінде бұл мемлекет дәл осы электронды үкімет бойынша әлемдегі үздік елдер қатарында. Әлбетте, мұның барлығы ең алдымен, азаматтарға көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуге, уақытты, бюджет қаражатын бірнеше есе үнемдеуге, айналып келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететін факторлар екені сөзсіз.
Әрине, бұл бағытта елімізде алғышарттар жасалынып, бірқатар кешенді шаралардың қолға алынғаны белгілі. Қазақстанда электронды үкіметті құру идеясы 2004 жылғы Жолдауда мәлімденген болатын. Содан бергі уақыт ішінде басқарушылық үрдістердің бүкіл жиынтығын автоматтандыруға негізделген және мемлекеттік басқарудың тиімділігін жоғарылату, қоғамның әрбір мүшесіне көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыру мақсатына қызмет ететін мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін құру жұмысы жүзеге асырылып келеді. Бұл кешенді бағыт «100 нақты қадам» ұлт жоспарында да одан әрі нақтыланып, жүйелене түсті. Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз де аз емес. Атап айтқанда, 2013 жылы бекітілген «Ақпаратты Қазақстан – 2020» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылып келеді. Еліміздегі ересектердің төрттен үші цифрлық сауаттылықтың базалық деңгейіне ие, интернетке қолжетімділік деңгейі де жылдан жылға артып келеді.
ICT Development Index әлемдік рейтингінде Қазақстан 2016 жылы 175 елдің ішінен 52-орынға тұрақтады. Бағдарламаны және өзге де стратегиялық бағыттарды іске асыру нәтижесінде, 2022 жылға қарай еліміз рейтингте – 30, 2025 жылға қарай – 25, 2050 жылға қарай 15 орынға дейін көтеріледі деген жоспар бар.
Жалпы алғанда, биылғы Жолдау өткен жылы елімізде басталған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының, Ұлт жоспарының, сондай-ақ, кейінгі жылдары Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстардың заңды жалғасы, нақты іс-қимыл жоспары деп айтуға болады.
Алдымызға үлкен амбициялық міндеттер қойылып отыр. Оны жүзеге асыру үшін бізде әлеует те бар, ресурстарымыз да жеткілікті. Елбасы «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет» дей келе ұлт табысының басты факторы минералдық ресурстар емес, Адам екендігін айрықша атап өтті.
«Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс. Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында» дейді Мемлекет басшысы. Яғни, басқаға емес, өзінің адами ресурстарын, адами капиталын дамытуға күш салған мемлекеттер ғана жаһандану дәуірінің асау толқындарына жұтылып кетпей, өзіндік дербестігін сақтай алады. Бұл – өмірдің өзі дәлелдеген шындық, айналып өте алмайтын ақиқат.
Ал, ең бастысы, тәуелсіздік алғалы өткен ширек ғасырдан аса уақыт ішінде талай сын-қатерлерден шыңдалып, шынығып шыққан тұрақтылық пен тұтастығымызды, бейбіт өмір мен ымыралы ынтымағымызды көздің қарашығындай сақтауымыз керек.
Міне, сонда ғана бастамамыз баянды, келер күніміз кемел, аяулы Отанымыздың байрағы биікте желбіреп, абыройы асқақ болары сөзсіз.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарағанды облысы әкімі
аппаратының
Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының
басшысы.