Ресми

Тұрақтылық пен бірлік тұғыры

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Конституция – мемлекет пен қоғам тұрақтылығының кепілі» атты дөңгелек үстел өтті. Шара Конституция күніне орайластырылған. Оған қатысқандар құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы елдің Негізгі Заңының рөлін талқылап, ойларын ортаға салды. Жиналғандар Конституцияның құқықтық-нормативтік актілер ғана емес, елдің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына негіз екенін атап өтті.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Дөңгелек үстелге басқармалар мен құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, жоғары оқу орындарының ректорлары, адам және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер, облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері шақырылды.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей Негізгі Заң қазақ халқының тұрақтылығы мен бірлігінің кепілі екенін атап өтіп, мерейлі мерекемен құттықтады.

– Елдің саяси жүйесін реформалау шеңберінде Конституцияға өзгерістер енгізілді. Олардың ішінде, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту, бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту және мәртебесін арттыру. Супер президенттік модельден президенттік модельге соңғы көшу және халықтың елді басқаруға қатысуын кеңейту. Негізгі Заңда жарияланған конституциялық құндылықтардың сәтті жүзеге асырылуы, ең алдымен, азаматтардың терең және жан-жақты түсінуіне байланысты. Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында атап өтті. Онда әділ Қазақстанды құру бойынша бірқатар бастамалар мен міндеттер айтылды. Оларды жүзеге асыру бүгінгі күнге дейін жалғасуда, – деді Әлібек Әлденей.

Шара барысында мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі өтті. Салтанатты түрде ант қабылдағандардың бірі – Қарлығаш Мажетаева. Ол Қарағанды қаласы еңбек инспекциясы басқармасына қызметке қабылданып жатыр.

– 10 жылдан астам уақыт бойы бала күтімі бойынша демалыста отырдым. Енді жаңа қызметке орналастым. Бұрын зейнетақы төлеу орталығында істеген едім. Ол кез бен қазіргі уақытты салыстырсақ, көп өзгеріс бар. Мемлекеттік қызмет жүйесі өзгерген, мемлекеттік қызметшілердің мүмкіндіктері мол, – дейді ол.

Әлібек Әлденей және облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов ант қабылдаушыларды құттықтады. Сонымен қатар, белсенді қарағандылықтарға облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.

– «Тазалық эксперт» ЖШС жол бөлімінің бастығы болып жұмыс істеймін, – дейді марапатталғандардың бірі Наурызхан Жолбарысұлы. – Бұл компанияда 10 жыл бұрын жұмысшы болып бастағанмын. Осындай керемет мерекеде Алғыс хат алғаныма қуаныштымын. Халықтың игілігі үшін одан әрі жұмыс істеуге дайынмын. Барша қазақстандықтарды Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын. Барлық отбасыларға тек бақыт тілеймін, еліміз өркендесін, аспанымыз ашық болсын.

Сонымен қатар, Олимпиада ойындарына қатысқан спортшыларға құрмет көрсетілді.

Ата Заңымыздың саяси тұрақтылық пен халық бірлігінің негізі екенін облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов атап өтті. Спикер ретінде Қарағанды зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасы Бекзат Алтынбеков баяндама жасады.

Жастардың құқықтық мәдениеті мен сауаты жайлы Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Арайлым Аманбаева сөз қозғады.

Ақтоғай ауданы аудандық мәслихат төрағасы Рашид Әбеуов өз баяндамасында аудан әкімдерін сайлау қоғамның саяси өзгерістерге бетбұрысының көрінісі екенін атап өтті.

Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсер ететіні сөзсіз.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button