Тұрақтылық пен қауіпсіздік тірегі
Конституциялық реформа жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Конституцияның жаңа мәтінінің басты ерекшелігі – адам құқықтарына бағдарлануы. Онда ар-ождан және діни сенім бостандығына кепілдік беріліп, діни белгі бойынша кемсітудің кез келген түріне тікелей тыйым салынған. Сонымен қатар, жаңа мәтінде мемлекеттің зайырлы сипаты айқын әрі бірмәнді түрде бекітілген.

Айрықша атап өткім келетіні – зайырлылықтың дінге қарсы ұстаным еместігі. Ол – Қазақстан сияқты көпэтносты және көпконфессиялы қоғамда азаматтық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізгі факторы. Зайырлылық дегеніміз – мемлекет пен діни ұйымдардың әртүрлі құқықтық алаңдарда әрекет етуі. Діни бірлестіктер өздерінің сенімділік тәжірибелерін еркін жүзеге асыруға құқылы. Алайда, өз мәртебесін мемлекеттік институттарға немесе саяси үдерістерге ықпал ету үшін пайдалануға құқығы жоқ. Бұл қағидат елімізде тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, қолданылып келеді.
Зайырлылық полиэтникалық және көпконфессиялы мемлекеттегі қоғамдық келісімнің нысаны ретінде көрініс табады. Мемлекет діни ілімдердің ішкі мәселелеріне араласпайды, ал, діни ұйымдар мемлекеттік басқаруға және саяси күреске қатыспайды. Осындай нақты шекаралар биліктің конфессиялануына, діннің саясилануына және діни негіздегі қақтығыстардың туындауына жол бермейді.
Жаңа Конституция жобасында бұл қағидат мазмұндық тұрғыдан күшейтілген. 7-баптың 1-тармағында «дін мемлекеттен бөлінген» деп тікелей бекітілген. 2-тармақта Қазақстан аумағындағы діни ұйымдардың қызметі заңға сәйкес жүзеге асырылатыны және конституциялық құрылымның негіздерін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік қағидаларын қамтамасыз ету мақсатында шектелуі мүмкін екені нақты көрсетілген.
Қарағанды облысы үшін бұл мәселе ерекше маңызға ие. Өңір тарихи тұрғыдан жоғары полиэтникалылық пен конфессиялық әртүрлілік кеңістігі ретінде қалыптасқан. Мұнда ислам, православие, католицизм, түрлі протестанттық бағыттар және өзге де діни дәстүрлер өкілдік етеді. Соған қарамастан, облыстағы діни ахуал жалпы алғанда тұрақты күйде сақталуда. Бұл – мемлекеттің жүйелі саясатының, құқықтық реттеудің және діни бірлестіктермен жолға қойылған диалогтың нәтижесі.
Қарағанды облысының Діни бірлестіктер клубы мемлекет пен діни қауымдастықтардың өзара іс-қимыл жасайтын практикалық алаңы ретінде қызмет атқарып, әлеуметтік жаңғырту мәселелерін талқылауға және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуде. Маңыздысы – тұрақтылық дегеніміз діннен ат тонын ала қашу емес, керісінше, қыр-сыры көп, нәзік мәселелерді жанжалсыз, сараптамалық форматта талқылауға мүмкіндік беретін нақты ережелердің, институционалдық шектердің және коммуникация арналарының болуы.
Мемлекет пен діни институттардың функцияларын бөлу азаматтарды діни көзқарастарды мәжбүрлеп таңудан құқықтық қорғауды, дінді ұстану бостандығын, соның ішінде, дінді ұстанбау құқығын, діни құрылымдардың мемлекеттік басқаруға араласуынсыз қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етеді. Бұл әртүрлі діни дәстүрлер бір әлеуметтік және мәдени кеңістікте қатар өмір сүретін Қарағанды облысы сияқты өңірлер үшін аса маңызды.
Діни сенім бостандығы абсолютті емес екендігін дұрыс түсінген жөн. Елімізде діни ұйымдардың қызметі қатаң түрде құқықтық өрісте жүзеге асырылады және егер ол конституциялық құрылымның негіздеріне, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарына, ұлттық қауіпсіздікке немесе қоғамдық тәртіпке қауіп төндірсе, заңмен шектелуі мүмкін. Бұл шаралар репрессивті емес, қорғаныш сипатқа ие һәм діни қызмет атын жамылған экстремизмнің, радикалданудың және деструктивті тәжірибелердің алдын алуға бағытталған.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда бүкіл әлемде діни радикалданудың жаңа толқыны басталды. Бұл үдеріс біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Әңгіме дінді мемлекет пен қоғамға қарсы қоятын, зайырлы заңды жоққа шығаруға шақыратын, өз тобының «ерекшелігін» дәріптейтін псевдодіни интерпретациялар туралы болып отыр. Мұндай ағымдар, әсіресе, жастар арасында әлеуметтік осалдықты, әділетсіздік сезімін және тұлғалық сәйкестік дағдарысын белсенді пайдаланады.
Облысымыз үшін де, жалпы, еліміз үшін де бұл қауіптер абстрактілі емес, нақты практикалық сипатқа ие. Деструктивті нарративтер негізінен бейресми арналар арқылы – интернет-платформаларда, жабық топтарда, шетелден басқарылатын жалған ағартушылық форматтарда таралуда. Сондықтан, алдын алу шаралары тек тыйым салумен шектелмеуі тиіс.
Алдын алудың негізгі элементтерінің бірі – қоғамда тұрақты иммунитет қалыптастыру. Бұл ретте дінді мемлекеттен бөлу және ұйымдардың қызметін конституциялық құрылымның негіздерін, адам құқықтары мен бостандықтарын, ұлттық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік құндылықтарын қорғау мақсатында шектеу аса маңызды. Әсіресе, ар-ождан және діни сенім бостандығы жамылғысының астында белгілі бір топтың «ерекшелігі» туралы идеялар қоғамға енгізілетін жағдайларда бұл өзектілігін арттыра түседі.
Діни сәйкестік саяси өкілдікке айналмауы тиіс, ал, барлық бастамалар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары аясында ғана қарастырылуы қажет.
Қорытындылай келе, зайырлы мемлекет, дін саласын құқықтық реттеу және деструктивті нарративтердің жүйелі профилактикасы ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықтың біртұтас моделінің құрамдас бөліктері екенін атап өткім келеді. Біздің міндетіміз – тұрақтылықты сақтай отырып, себеп-салдарымен жұмыс істей отырып, қауіп-қатерлердің алдын алу.
Діни сенім бостандығы мен мемлекеттің зайырлы сипаты – бір-біріне қарсы ұғымдар емес, керісінше, азаматтық қоғамның орнықты дамуының құқықтық негізі. Қазіргі заманның барлық сын-қатерлерін ескере отырып, экстремизмнің алдын алу ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Дмитрий ПОЛТАРЕНКО,
Қарағанды облысының Азаматтық альянсының төрағасы, Қарағанды
облысының Діни бірлестіктер клубының модераторы,
Қарағанды облысы ҚХА медиация кеңесінің төрағасы, «Қазақстанның
контртеррористік комитеті» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы



