Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту тұрғысындағы нақты тапсырмалары жылма-жыл тиянақты негізде орындалып келеді. Мәселен, Шахтинск шаһары өткен жылды тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсіммен аяқтады. Өнеркәсіп өндірісінің айтарлықтай артуы, ірі инвестициялық жобалардың іске қосылуы, кәсіпкерлікті қолдаудың кеңеюі және инфрақұрылымның жүйелі жаңғыртылуы қаланың даму бағытының дұрыстығын аңғартты. Өткен жылы өнеркәсіп көлемі 22,5 млрд теңгеге жетіп, инвестиция көлемі 90,6 млрд теңгені құрады. Жаңа өндірістер легі іске асырылып, жүздеген жұмыс орындары ашылды. Осы және қаланың даму көрсеткіштері туралы Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков БАҚ өкілдеріне егжей-тегжейлі баян етті.

Халық игілігі үшін
Шахтинск қаласының негізгі саласы – өнеркәсіп. Былтыр өндірістің жалпы көлемі 22,5 млрд теңгеге дейін ұлғайып, 16,3%-ға өскен. Шаһардың оң динамикасы шахталарда көмір өндірудің 33,6%-ға, электр энергиясын беру және бөлу өндірісінің 45%-ға өсуімен, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі есебінен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы «Тентек» шахтасында жаңа торлы оқпанды пайдалануға беру жоспарлануда. Жетелі жобаның іске асырылуы көмір өндіруді мейлінше ұлғайтуға септеспек.
– Өткен жыл қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 90,6 млрд теңгені құрады. Былтыр тамыз айында «Енгізу» ЖШС өз қаражаты есебінен анкерлер (инженерияда – анкер – затты немесе құрылымды қатты бекіту үшін қолданылатын арнайы болт, штырь немесе трос) өндіруге арналған арматураны кесудің автоматтандырылған желісін сәтімен іске қосты. Жыл соңына дейін анкерлерге арналған гайка өндіру желісін іске қосу межеленді. Ал, алдағы уақытта кәсіпорын өндірістің толық циклін жолға қоймақ, – деді спикер.
Қала аумағында 2 654 шағын және орта бизнес субъектісі өз қызметін жүзеге асырып отыр. Онда 5 343 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл – экономикалық белсенді халықтың жалпы санының 21 пайызы. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдаудың барлық құралдарын барынша тиімді пайдалануына қажетті жағдайлар жасалуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жалпы сомасы 481,9 млн теңгені құрайтын 14 жобаға қолдау көрсетілді. Қалалық бюджет есебінен бизнесті дамыту мақсатында жас кәсіпкерлерге 22 млн теңге сомасында 15 грант берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік санатқа жататын 10 кәсіпкерге жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін жалпы көлемі 15,7 млн теңгені құрайтын мемлекеттік грант табысталды.
– Ауыл шаруашылығы саласында 5,9 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің көлемі 13,1 пайызға, мал шаруашылығы 10,4 пайызға артты. Сонымен қатар, жылқы мен қой басының айтарлықтай өсуі тіркелді. Құрылыс саласында да оң динамика сақталуда. 2025 жылы орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 17,9 млрд теңгені құрап, 15,6 пайызға өсті. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 7,6 мың шаршы метрді құрап, 87,3 пайызға артты. Өсім Шахтинск қаласында 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысының аяқталуы, Шахан кентінде 25 пәтерлі тұрғын үйдің қайта жаңғыртылуы, жеке инвестициялар есебінен салынған 110 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілуі есебінен қамтамасыз етілді, – деп мәлімдеді шаһар басшысы.
Бұдан бөлек, қала мен кенттерде бос тұрған пәтерлерді жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылы 85 кезекте тұрған азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілмек.
Тұрмыс талабы – тиянақтылық
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік желілердің тозуын азайту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2024 жылы Шахтинск қаласының су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың екінші кезегі аяқталды. Жобаның жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрады. Сонымен қатар, Шахан кентінің жеті шақырым су құбыры желісі ауыстырылды. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, қаладағы су құбыры желілерін қайта жаңғыртудың үшінші кезегін аяқтау көзделіп отыр. Оның жалпы ұзындығы – 49,4 шақырым. Бүгінгі таңда жаңа желілердің 42 шақырымы тартылды.
– Аталған жобалар толық іске асырылғаннан кейін Шахтинск қаласындағы су құбыры желілерінің тозу деңгейі 28 пайызды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмендейді. Өткен жылы Новодолинский кентінде ұзындығы 50 шақырымды құрайтын су құбыры желілерінің құрылысы басталып, оның жеті шақырымы тартылды. Биылғы жылы Шахтинск қаласында ұзындығы 10,5 шақырымды құрайтын кәріз коллекторларын салу жобасын іске асыру басталады. Сонымен қатар, Шахтинск қаласының кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жобасының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу аяқталу сатысында тұр, – деп қосты Мұрат Есетұлы.
Соңғы үш жылда магистральдық және ішкі орамдық жылу желілерінің 11 шақырымнан астамы ауыстырылған. Соңғы үш жылдағы жөндеу науқандарының нәтижесінде негізгі және қосалқы жабдықтардың тозу деңгейі 8,3 пайызға, жылу желілерінің тозуы 10,5 пайызға төмендеді. Биыл жалпы ұзындығы 6,1 шақырымды құрайтын қаланың жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылы шамамен төрт шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу жоспарлануда. 2025 жылы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. «Қарағанды-Саран-Шахтинск» бағытындағы жолдың 12 шақырымы, «Қарағанды-Есенгелді» жолының 13 шақырымы, Шахан кентінен Жаңаталап кентіне дейінгі жолдың екі шақырымы жөнделді.
– 2022-2025 жылдар аралығында қаланың автобус паркі 15 жаңа автобуспен толықты. Қала көлік инфрақұрылымын цифрландыру бағытымен ілгерілеуде. Екі интеллектуалды бағдаршамның енгізілуі жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсартып, қауіпсіздік деңгейін арттырды. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау әрі төлемдерді автоматтандыру мақсатында өткен жылы 12 мамырдан бастап ONAY! электронды билеттеу жүйесі енгізілді, – деді спикер журналистер сауалына жауап қата.
Жайлы қала, қауіпсіз орта
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, қала аумағын 100 пайыз жарықтандыру көзделіп, қосымша 800-ден астам жарық тірегі орнатылады. «Таза Қазақстан» акциясы аясында, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында қоршаған ортаны қорғау және қалдықтарды дұрыс пайдалану мәселелері бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Үй ауласын тазалау шараларына шамамен 198 үйдің тұрғындары белсенді қатысқан. Ағымдағы жылы тағы 11 мың текше метр қоқыс шығару жоспарлануда. Қазіргі таңда 30 алаң жабдықталып, 270 евроконтейнер орнатылды. Қала мен кенттер аумағында былтыр бірнеше түрлі ағаштардың шамамен төрт мың көшеті егілді.
– 2025 жылы 20 білім беру нысаны жөндеуден өткізілді. «Қазақстан халқына» қорының қаражаты есебінен қосымша білім беру нысандарына жалпы сомасы 173,8 млн теңгені құрайтын жабдықтар жеткізілді. Қала мектеп оқушыларының сарайы базасында «TARLAN» мектеп автодромы қалпына келтіріліп, өткен жылдың күзінде ашылды. 2026 жылға 12 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жоспарланды. 12 мектепке 66 интерактивті панель сатып алынатын болады, – деп мәлімдеді қала әкімі.
Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілді. Шахтинск қаласындағы емхана мен аурухана ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында өткен жылы 838 млн теңгеге медициналық жабдықтар жеткізілді, оның ішінде компьютерлік томография аппараты бар. Қалаға 62 маман тартылды, оның ішінде 22 дәрігер. Ағымдағы жылы шамамен 70 маман, оның ішінде 30 дәрігер жұмылдыру көзделді.
2025 жылы 31 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. 2025 жылы 1 757 азамат жұмысқа орналастырылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 1 227 адам. Жастарды әлеуметтендірудің жүйелі жұмысының қорытындысы бойынша осы санаттағы жастар саны 195 адамға азайып, 315 адамды құраған.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



