Теміртауда «Халық заңгері» республикалық акциясы өтті. Акция барысында 40-тан астам адам тегін заңгерлік көмек алды.
«Халық заңгері» акциясының аясында теміртаулықтарға қаланың заңгер мамандары тегін кеңес берді. Сондай-ақ, азаматтарды қабылдау форматында іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, оның ішінде, Теміртау қаласы прокуратурасының басшылығы қатысты. Кез келген қала тұрғынына өз сұрағын қоюға мүмкіндік берілді. Азаматтарды қабылдау уақытпен шектелмегендіктен, қабылдау соңғы келушіге дейін жүргізілді.
Акция құқықтық сауаттылықты арттыру және тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетуді көздеді.
Жұмыс қорытындысын талдау нәтижесінде азаматтарды толғандыратын негізгі мәселелер алимент төлеу, жеке сот орындаушыларының жұмысы, салық салу, құқық қорғау органдарына және коммуналдық қызметтер бойынша кеңес алу екені анықталды.
Акцияны дәстүрлі түрде Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz әлеуметтік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, Теміртау әкімдігі және қалалық заңгерлер қоғамы ұйымдастырып келе жатқанын атап өткен жөн.
Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz