Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінде «DAULET» supermarketі ашылды. Тұтынушыларына есігін айқара ашқан сауда нысанының жалпы аумағы 1 800 шаршы метрді құрайды. Соңғы үлгіде салынған сәулетті құрылыс аудан көлемінде ең ірі сауда орнына айналып отыр.
Жұмысын Жаңа жылдың басынан бастаған супермаркеттің ашылуына Шет ауданы әкімінің орынбасары Орал Стыбаев қатысты. Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде аудан жастарына осындай еңбекқор кәсіпкерден үлгі алу керектігін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Өмір Кәріпұлы бастаған қариялар құттықтауын жеткізді. Республикалық «Алтын домбыра» иегері, ақын Мақсат Ақанов мерекелік шараға жырдан шашу шашты.
Ерлі-зайыпты Мұрат және Алмаш Қайранбековтердің айтуынша, кәсіптерін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бастаған. Бас кезінде ашық даладағы базарда ұсақ-түйек сатумен айналысып, кейін пәтер сатып алып оны азықтүлік дүкеніне бейімдеген. Уақыт өте, «Серік» тойханасын, супермаркетін, «Вояж» атты сән салонын салған. Үлкен ғимаратты меншікке алып, «Сұңғат» сауда орнын ашуда. Бұрынғы дүкені көкөніс пен жеміс-жидек сатуда.
Айта кетейік, жаңа нысанға 500 миллион теңге инвестиция құйылған. Осыдан үш жыл бұрын мемлекет тарапынан жер алып, құрылысты бастаған еді. Супермаркет тұтынушыларына азықтүлік, көкөніс пен жеміс-жидек, тұрмыстық және жуғыш заттар ұсынатын болады. Мұнда тұрғындарға 30-ға тарта адам қызмет көрсетеді деп күтілуде.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Шет ауданы
Суретті түсірген Қалижан БЕКҚОЖА