Бас тақырып

Тұрғын үй саласына тұжырым керек

Аймақта заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің тізімі, оларды салушы құрылыс компанияларының аты былтыр көктемнен бастап айтылған болатын. Сол уақытта-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарға олардан пәтер сатып алудан сақ болуға кеңес берілген-ді. Бүгін шу болып жатқан «Хан» да, «Al-Farabi» да сол «қара тізімде» бар. Қоғамдық резонанс тудырып, нәтижесінде заң талабына адами факторды қарсы қойды. Себебі, жергілікті биліктің үлескерлерді қолдайтынын және қорғауға барын салары бесенеден белгілі. Құрылыс компаниялары құжатының дұрыс емесін біле тұра әрекет етіп, өзгеге заңды осылай белшеден басуға болады деп көрсетіп отырғандай.

Сурет ашық дереккөзден

Осы ретте Мемлекет басшысының 2021 жылы Жолдауында айтылған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы ойға келеді. Сол уақытта Президент «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталатынын ескертіп, «нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес» деп атап айтқан еді. «Осыған орай Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында бір терезе қағидатты бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр», – деді Мемлекет басшысы. Алайда, пайызы төмен, халықтың қалтасы көтеретін бағдарлама және бәрі қолжеткізе алатын бағдарлама әзірленгенін әлі күнге дейін естімедік.

Былтыр «7-20-25» бағдарламасымен өтінім беруге болғанымен, оның мөлшері шектеулі еді. Халықтың құрылыс компаниялардың айтқанына иланып, құрылысы жүріп жатқан үйге ақша салуына қолжетімді бағдарламаларының жоқтығы да себеп бір жағы. Тәуелкелге бас тігерін білсе де, қолындағы барын, жиған-тергенін береді. Себебі, дәл қазіргі уақытта тиімді бағдарлама жоқ. Осылай алданып, соңында соттасып жүргендердің қатары көбеймесе, азаяр емес. Сондықтан да, Үкімет үй сатып алу үшін алдын ала шарт жасасуға тыйым салуды жоспарлап отыр. Енді құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендерін салу мақсатында үлескерлерді тарта алмайды. Бұл құрылыс жүргізу саласындағы бақылауды күшейтуге және жұмыстың ұзаққа созылу тәуекелін азайтуға мүмкіндік береді.

Осыған қатысты бірқатар түзетулер енгізілген заң жобасы Мәжілістің қарауында. Ол мақұлданса, толыққанды шарт жасалмағандықтан, үлескерлер алдын ала ақша бермейді. Сәйкесінше, құрылыс жүргізушіге алданып қалу қаупі де айтарлықтай азаяды. Әрі, үлескерлерден заңсыз қаржы жинап, кейін құрылысты тоқтататын компаниялардың жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр. Яғни, айыппұл санкциялары ұлғайтылуы ықтимал. Сондай-ақ, инженерлік желілерсіз тұрғын үй нысандарын жобалауға және салуға тыйым салынады. Осы арқылы сапасыз нысандарды пайдалануға беру тәуекелдері жойылмақ. Бұдан бөлек, үйлерді бір-біріне тым жақын тұрғызуға шектеу қойылды. Бұл айтылғандар биыл орындалмақ. Ал, ол іске асқанша «үлескерге алданып, сан соғып қалғандар көбейіп кетпей ме?» деген сауал келеді көкейге. Себебі, бүгінгі таңда облыс орталығында құжаты толық емес 11 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Оның екеуі – «Al-Farabi» мен «Хан». Басқа тоғызының ертеңгі таңдыры қандай болары беймәлім.

Сала мамандары қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатқанын айтады. Былтыр мәселен, ел бойынша 12,5 млн. шаршы метр пайдалануға берілсе, 2006-2007 жылдары бұл көрсеткіш 5-6 млн. шаршы метр ғана болған. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі 20,9-дан 23,4 шаршы метрге дейін өсті. Тұрғын үй қоры артып келеді дегенімізбен, зерттеулер Қазақстанда тұрғын үй тапшылығы 114 млн. шаршы метрге тең екенін көрсетеді.

Krisha.kz сайтында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, елдегі тұрғын үй жағдайы проблемалы күйде қалып отыр. Салыстыру үшін негізгі параметр БҰҰ халықаралық стандарттарында келтіріледі. Мұнда бір адамға тұрғын үйдің жалпы алаңының талап етілетін нормасы 30 шаршы метрді құрауы тиіс. Олай болса, тұрғын үй қоры тапшылығы шамамен 114 млн. шаршы метр шамасында.

Былтыр жыл соңында ел Премьер-Министрі Әлихан Смайылов «Отбасы банк» және «Бәйтерек» холдингі бірлесіп «9-20-25» бағдарламасын әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, бағдарлама арқылы 8 мың отбасын баспанамен қамту мақсаты көзделіп отыр.

«Қазіргі жағдайда 9 пайыз деген төмен мөлшерлеме саналады. Соны іске асыру үшін тиісті есеп-қисапты жасап отырмыз. Оған жыл сайын 150 млрд. теңге керек. Ол үшін 100 млрд. теңгені нарықтан тартуымыз қажет, ал «Отбасы банк» өзінің таза табысынан 50 млрд. теңге бөлуі тиіс. Осы қаражатты қосып, 9 пайыздық ставкаға шығу керек. Бұл бағдарлама негізінен жастарға арналады деп санаймын», – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ, Премьер-Министр «Бақытты отбасы»,  «Шаңырақ» бағдарламасының жалғасатынын айтты. Бұл бағдарламалар арқылы соңғы үш жылда 43 мың отбасы баспаналы болған. 

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button