АймақТеміртау

2023 жылы Теміртау қаласында 200 жас маман пәтер кілтіне ие болады

Бүгінгі күнге дейін Теміртау қаласы мен оның аумағына кіретін Ақтау кентін қоса алғанда 2533 отбасы пәтер кезегінде тұр екен. Халқының саны 190 мыңнан асқан өңір үшін, әрине, бұл соншалықты үлкен көрсеткіш емес. Алайда, кейінгі кезде осында алыс-жақын шет елдерден қандастарымыздың көптеп көшіп келуіне байланысты, тұрғын үй құрылысын салудың қарқынын арттырып, оны тоқтатпау өзекті де маңызды. Бұл мәселе – Теміртау қаласының әкімдігі назарында.

Теміртау қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жәкітайдың айтуынша, қалада пәтер кезегінде тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы бес жоба бойынша жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Соның бірі – қаланың «4 А» орамындағы 60 пәтерлі 10-үйдің құрылысы. Оны салып жатқан «ҚұрманҚұрылыс» ЖШС 2023 жылдың 12 шілдесіне дейін оған бөлінген қаражаттың 22,3 пайызын ғана игеріпті. Құрылысы 2022 жылдың соңында аяқталуы тиіс болған бұл нысанға облыстық бюджеттен дер кезінде қаржының бөлінбеуі мен оның астынан мемлекеттік байланыс желісінің өтуіне байланысты мұндағы шаруа кібіртіктеп қалған. Енді оны жыл аяғына дейін толық тәмамдау міндеті қойылып отыр. Мұны қала әкімі Ораз Тәуірбеков қадап айтты.

Келесі кезекте «4 А» орамдағы 90 пәтерлі 10/1 үйдің құрылысын да жоғарыда аталған мердігер ұйымның құрылысшылары жүргізуде. Тұрғындарға жалға берілетін бұл нысан да қаржының мезгілінде бөлінбеуінен 2022 жылдың аяғында бітпей қалған. Әрі құрылыс материалдары мен жабдықтарының бағасы да 73 пайыз өсіп кеткендіктен жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгізіліп, оны 2024 жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру көзделуде.

Тағы да осы «4 А» орамдағы 90 пәтерлі 10/2-үйдің де құрылысы аяқталмауына осындай жағдайлар себеп болған. Оның да жобалау-сметалық құжаттары қайта қаралып, оны да алдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында бітіру жоспарда.

Несиелік баспана үшін құрылысы 2022 жылдың шілдесінде басталмақшы 36 пәтерлі үйге мердігер ұйым «Казспецстрой 2020» ЖШС дер кезінде кіріспей, тек тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі сотқа арыз бергеннен кейін осы 14 маусымнан ғана жұмысты бастаған.

Ал, 9-ықшам аудандағы жалға берілетін бір үйдің құрылысы биылғы сәуір айында басталып, оны да 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бітіретін болып белгіленген.

Жалпы, қазірге дейін қала бойынша биылға белгіленген 18 595 шаршы метр тұрғын үй салудың 7143 шаршы метрі орындалған. Бұлардан бөлек, 2023 жылы қайтарма тұрғын үй нарығынан 325 пәтер сатып алу жоспарланған.

Теміртау қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басшысы Искандер Қабидулла мемлекеттік тұрғын үй қорынан азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету туралы баяндады. Бұл тізімге алдында айтқан 2533 отбасы кіреді екен. Олар өз ішінде асыраушысынан айырылған жетім балалар, көпбалалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары, бюджеттік ұйымдар мен мемлекеттік қызметшілер, үйлері апатты жағдайда деп танылған азаматтар болып бес санатқа бөлінеді. Бұдан өзге, биылғы 7 айда тұрғын үй алуға өтініш берген 245 адамның 141-і пәтер кезегіне қойылған.

Осылардың қатарынан өткен жартыжылдықта 19 отбасы пәтер кілтіне ие болған. Сондай-ақ, қайтарма тұрғын үйден 17 адамға пәтер сатып әперіліп, таяудағы мерзімде тағы үш адам соған қол жеткізбек. Енді жыл аяғына дейін әлгі «4 А» орамдағы 60 пәтерлі үйдің құрылысы бітсе, сонша отбасы қоныстой жасайтын болады. Сонымен бірге, тағы 16 адамға пәтер сатып әперілмек.

Сөйтіп, 2023 жылы Теміртау қаласында тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен жеңілдікті пайдаланатын жас мамандардың 200-і пәтер кілтін иеленетін түрі бар. 

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button