Бас тақырып

Тұрғын үй нарығының парқы

Жаңа жылдан жаңалық күтетін сенім әркімде бары хақ. Онсыз мүмкін емес. Сенім адамның арманына апарар адастырмайтын жалғыз аяқ соқпақ секілді. Сол сенім биыл баспана алғысы келген бұқараның әрбірінің көңіл түпкірінде туын жықпағаны және хақ. Ал баспана нарығы бұған не дейді? Негізі, бұқараны баспана базары мұратына жеткізер ипотекалар бар. Нарқы мен парқы әр алуан. Бірақ, ашық ресурстағы ақпараттар мен мәліметтер ипотекалық несие беруде «Отбасы банкінің» игілігі көбейе түсетінін жоққа шығармайды.

Сурет kaznovosti.kz

«Наурыз»: бастапқы жарна 10 пайыз

Бұған дейін банк төрағасы Ләззат Ибрагимова көпшіліктің көңілін көтерген жақсы жаңалықты жария еткені мәлім. Ол 2025 жылдан бастап, «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына қатысу шарттарындағы өзгерістер туралы хабарлаған еді. Осылайша бастапқы жарна 10 пайызға төмендеді.

Бұл орайда ол бағдарламаға жүргізілген талдау екі негізгі мәселені анықтағанын атады.

«Бірінші мәселе – көптеген сатып алушылар жөндеу жұмыстары жүргізілген дайын тұрғын үйді сатып алуы. Жөндеу көп қаржы-қаражатты талап ететіні белгілі. Осыған байланысты банк Құрылыс компаниялары қауымдастығымен бірқатар кездесулер өткізді. Енді порталда тұрғын үйлер дайын күйінде ұсынылады. Сатып алушылар оны 10 пайыздық бастапқы жарна төлеп ала алады. Бұл өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деген еді банк басшысы.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, енді «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін депозитте ең төменгі сома 2 миллион теңге болуы қажет.

«Қазіргі уақытта бағдарламаға қатысу үшін депозитте 1 миллион теңге болуы қажет, алайда, конкурс жеңімпазы тұрғын үй құнының 20 пайызын қысқа мерзімде төлеуі тиіс. Талдау көрсеткендей, 2,5 мың өтінімнің тек 39 пайызы осы талапқа сай. Сондықтан, депозиттегі ең төменгі соманы 2 миллион теңгеге дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруды жылдамдатады», – деген еді.

Төраға бұған дейін мәлімдегендей, бірінші тоқсанда банк қайтарылған қаражат есебінен 45 миллиард теңге көлемінде жаңа несиелер береді. 2025 жылдың екінші тоқсанында тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларын ескере отырып, 80 миллиард теңгеге сұраныс жасалған.

«Ұмай» жалғасады

2025 жылы «Ұмай» әйелдер ипотекасы да жалғасын табады. Бұған дейін «Отбасы банкі» Азия даму банкінің «Ұмай» және «Жасыл ипотека» бағдарламасына 90 млрд теңге беретінін хабарлаған-тын. Әзірге «Ұмай» бағдарламасының шарттарында өзгеріс жоқ.

Бағдарлама 2021 жылы іске қосылып, 2023 жылы тоқтатылған-ды.

Биыл екінші жарты жылдықта қайта іске қосылады деп күтілуде. Бағдарлама «Отбасы банкі» арқылы жұмыс істейді. Ол қатысушыларға әлеуметтік қорғау мен қолдауға бағытталған жеңілдік шарттарын ұсынады.

Бағдарламада депозиттегі сыйақы­ мө­лшеріне баса назар аударылатынын атап өткен жөн. Яғни, сыйақысы көбірек қатысушының конкурстан өту мүмкіндігі жоғары.

«Жасыл ипотека»

Жаһандық экологиялық бастамалардың дамуымен Қазақстанда «Жасыл ипотека» бағдарламасы да пайда болды.

«2025 жылы ол жылжымайтын мүлік нарығындағы басты жаңалықтардың бірі болады. Бағдарлама тұрақты даму және экологиялық тиімділік қағидаттарына сәйкес келетін тұрғын үй салу мен сатып алуды қолдауға бағытталған.

Жасыл ипотека энергия тиімді технологияларды пайдалана отырып салынған, яғни, «ӨМІР/ ГОСТ Р/ BREAM/ LEED» сәйкестік сертификаттары бар тұрғын үй сатып алуды субсидиялауды көздейді. Бұған электр энергиясын аз тұтынатын үйлер, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану технологияларын енгізу кіреді» дейді ашық ресурстағы деректер.

«7-20-25»

Бағдарлама 2018 жылдан бері жұмыс істейді. «7-20-25» қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған шартына сай жыл сайын 100 миллиард теңгеге дейін қаржы бөлу арқылы 2029 жылға дейін жалғасады. Бұл бағдарлама биыл да үзілмейді.

«7-20-25» бағдарламасымен баспана алуға ниетті азаматтар «Банк РБК», «Еуразиялық банк», Fortebank, «Халық Банкі», «Центр Кредит банкі», Altyn Bank, «Фридом Финанс Қазақстан» банкіне жүгіне алады. Бұл банктер арқылы осы бағдарлама аясында ипотекалық кредит рәсімдеуге әбден болады.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button