Тұрғын үй нарығы: пәтер бағасы өсе ме?
Еліміздің бірнеше өңірінде пәтерлер бағасы күрт қымбаттады. Әсіресе, екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы жаңадан салынған үйлерге қарағанда қымбаттауда.

Тұрғын үй нарығындағы баға өзгерісі туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар айында өткен жылмен салыстырғанда екінші нарықтағы пәтерлердің қайта сату бағасы 6,1%-ға, ал жаңа тұрғын үйдің бағасы 4,1%-ға өсті. Сонымен қатар, пәтер жалға алу бағасы жылдық есептеу бойынша 10%-ға қымбаттады.
Жаңадан салынған тұрғын үйлер нарығында ең жоғары баға өсімі Павлодарда (+13,8%), Ақтөбеде (+13,6%) және Көкшетауда (+13,4%) тіркелді. Ал, екінші нарықтағы пәтерлер Атырауда (+17,3%) және Астанада (+14,5%) қымбаттаған.
Тұрғын үйді жалға алу бағасының ең жоғары өсімі Астанада (+30,1%), Талдықорғанда (+27,7%) және Шымкентте (+19,6%) байқалды.
2025 жылдың қаңтар айы мен 2024 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда, қайталама нарықтағы пәтерлердің қайта сату бағасы 1,5%-ға, ал жаңа тұрғын үйдің бағасы 1,3%-ға өскен.
Қаңтар айында 30 917 тұрғын үй сатып алып-сату жөніндегі мәміле тіркелсе, бұл өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 38,2%-ға аз.
Мәмілелер саны бойынша көш бастап тұрған қалалар Астана – 6 548, Алматы – 6 137, Қарағанды облысы – 2 411 мәміле тіркелді.
Рузана ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды
зерттеу университетінің IV курс студенті